"Кәсіпқор" холдингінің атауы өзгереді

4884

Бұл холдинг техникалық және кәсіптік білім беруге жан-жақты жәрдемдесуге және оны жаңартуға жауапты.

"Кәсіпқор" холдингінің атауы өзгереді

Үкімет шешіміне сәйкес, "Кәсіпқор" холдингі" коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта атау ұсынылып отыр.

Ол бойынша "Кәсіпқор" алда "Skills Qazaqstan" коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып қайта аталмақ.

Холдингтің 2021 жылға дейінгі даму стратегиясында "Кәсіпқордың" Қазақстанда WorldSkills қозғалысын дамытуға жауапты екені көрсетілген.

Оның жаңа атауы енді елімізде осы салаға баса мән берілетінін аңғартады.

Осыған орай ел Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер бекітіледі және Білім және ғылым министрлігіне ел заңнамасында белгіленген тәртіппен Үкіметтің жаңа қаулысынан туындайтын шараларды қабылдау жүктеледі.

Бұл холдингтің аты аракідік әртүрлі мәселелер бойынша "дүркіреп" тұрады. Мысалы, 2013 жылы Зерттеуші журналистердің халықаралық консорциумы (ICIJ) жария еткен офшорларға ие 64 қазақстандық тізімінде "Кәсіпқор" директоры Айбек Байсақаловтың аты-жөні аталды.

Ал 2014 жылы Мәжіліс депутаттары "Кәсіпқор" жобасы болып табылатын Атырау қаласындағы "APEC PetroTechnic" жоғарғы колледжі ел қаржысы есебінен халықаралық компаниялар үшін тегін мұнайшылар әзірлейтініне, бұл ретте колледжде сабақ беретін шетелдік оқытушылардың еңбекақысын төлеуге жыл сайын 13 миллион доллар шығындайтынын сынға алды.

Кейінгі кезде холдинг ақпарат айдынынан байқалмайды. Холдингтің ресми сайтында 2018 жылғы қараша айынан бері Ермек Күзенбаев "Кәсіпқордың" басқарма төрағасының міндетін атқарушы екені айтылған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу