Кәсіпорындардың көпшілігіне "Индустрия 4.0" қолжетімсіз

10523

Алдағы бес жылда субсидия мен мемлекеттік қолдау негізінен цифрлы технологияны енгізіп жатқан кәсіпорындарға бағытталатын болады.

Кәсіпорындардың көпшілігіне "Индустрия 4.0" қолжетімсіз

Қазіргі уақытта еліміздегі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының 80%-ы және өндіруші өнеркәсіп кәсіпорындарының 60%-ы жартылай автоматтандырылған деңгейде немесе басқаша айтатын болсақ индустриаландыру 2,0 деңгейінде, яғни автоматтандырылған өндіріске көшу кезеңінде жүр. Алматыда өткен "Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі" халықаралық форумында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осындай ақпаратты келтірді.
Министрлік бұл мәліметті өңдеу мен тау-кен өндірісінің  600-ге жуық кәсіпорнына сауалнама жүргізу арқылы алған. Министрдің айтуынша, көптеген кәсіпорын өндірісті цифрландыру қандай пайда әкелетінінен мүлдем хабары жоқ. 

"Біз құрлық ішінде орналасқан мемлекетпіз. Барлық экспорттық нарық немесе олардың көп бөлігі шекарадан алыста орналасқан. Бізге өндірістік, логистикалық шығындардың қысқарғаны, операциялық шығындарды оңтайландыру, жаңа бизнес-рәсімдерді, өндірістік процестерді енгізу өте маңызды. Сондықтан қазіргі уақыттағы өндірісті цифрландыру технологиялары осы жаһандық міндеттерді шешуге және экспорттық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі", – деді Жеңіс Қасымбек.

Осы орайда министр ИДМ-ның былтыр жоғарыда аталған қазақстандық нарықты зерттеуде бірлесіп жұмыс істеген Fraunhofer институтының және шведтің Business Sweden сауда және инвестициялар кеңесінің мәліметтерін келтірді. Халықаралық сарапшылар киберфизикалық және роботтандырылған жүйені, үлкен мәліметтер сараптамасын және "Индустрия 4.0"-ның басқа да технологияларын енгізу арқылы  кәсіпорындардың тиімділігі 10-20%-ға артуы мүмкін екенін айтып отыр.  

"Өндірістік экономикасы дамыған АҚШ, Германия, Франция сияқты елдерде цифрландыру есебінен ЖІӨ жыл сайын шамамен 1-1,5%-ға өседі. Бұл көрсеткіш бізге осы трендке сай болуға, осы елдерден қалмауға қамшы болады", – деген министр, индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Қазақстан үшін өте маңызды екенін де атап кетті. 

Кәсіпорындардың өндірісті цифрландырудың басымдығы туралы хабары болмауымен қатар оны енгізуде тағы да басқа қиындықтар бар. Мысалы, білікті мамандардың жетіспеуі және отандық телекоммуникация инфрақұрылымын дамытудың жеткіліксіздігі.

Соның ішіндегі ең басты қиындық шетелдік жаңа технологиялардың бағасының қымбат болуы деп отыр министр. Ұлттық валютаның девальвациясынан кейін бұған қазақстандық бизнестің мүлдем мүмкіндігі болмай қалған. Оған қоса көптеген кәсіпорын қымбат ұзақмерзімді несие алғысы келмейді. Министрдің айтуынша, бүгінгі күні бизнестің алдында айналым қаражатының жетіспеу проблемасы тұр, сондықтан бұл жағдайда инновацияға ақша салу туралы әңгіме болуы мүмкін емес.

"Технологиялық қайта қаруландырумен байланысты минималды шығын бес миллион доллар және одан жоғары болады деп бағаланып отыр. Алайда бұған Қазақстандағы барлық кәсіпорынның мүмкіндігі жете бермейді. Қазір бізде "Индустрия 4.0" элементін белсенді енгізіп жатқан кімдер? Ол жаппай өнім шығаратын ірі жүйе құрушы кәсіпорындар. Олар мұны жасауға мәжбүр. Ал ірі кәсіпорындардан басқаны айтатын болсақ, онда бұл негізінен бәсекелестік ортада жұмыс істейтін экспорттаушылар. Яғни Қазақстан ішінде немесе Орталық Азия өңірінде жұмыс істейтін кәсіпорындар бұл идеяға аса қызығушылық танытып отырған жоқ", – деді министр.  

Орын алған жағдайды жақсарту үшін министрлік өндірістік кәсіпорындар арасында цифрлық технологияларды танытуды қолға алған. Мұны осы жылы жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда жеті қанат қақты жобаны құру немесе министр айтқандай "цифрлық фабрикалар эталонын" құру арқылы іске асыру жоспарланып отыр. Бұлар цифрлық технологиялардың мүмкіндігін көрсететін алаң болады. Алайда министр бұл идеяның бекітілген не бекітілмегенін нақты айтпады. Бірақ үкіметке бұған қатысты ұсыныс жасалған.  

ИДМ басшысының айтуынша, бүгінгі күні Қазақстанда өндіріске цифрландыруды енгізіп жатқан екі жүзден астам әртүрлі кәсіпорын жұмыс істейді. "Индустрия 4.0" элементін енгізуді ынталандыру үшін Қазақстан үкіметі қазірдің өзінде 2025 жылға дейінгі іс шаралардың толық жоспарын әзірлеп, экономиканың қандай басым секторларына бағытталатынын анықтап қойды.     

Ал кәсіпорындарды қаржылық қолдау шараларына келетін болсақ, онда министрлік осы жылы олардың кейбіреуін цифрландыруды нақты ынталандыруға қайта бағдарлайтын болады(шығындарды қайтару, қолжетімді қарыз капиталын ұсыну және т.б қатысты)

"Жылдың соңына дейін алдағы бес жылға, яғни 2019 жылдан бастап 2024 жылға арналған индустриализация тұжырымдамасын жазамыз деп жоспарлап отырмыз. Осы тұжырымдаманың негізінде келесі жылы мамлекеттік бағдарлама қабылданады. Жеңілдетілген несие және әртүрлі субсидия беру, мемлекеттік қолдаумен байланысты мемлекеттік ынталандырудың басты шаралары цифрлы технологияларды енгізетін кәсіпорындарға бағытталатын болады", – деп нақтылады Жеңіс Қасымбек.  

2017 жылдың наурызында "Қазақстандық индустрияны дамыту институты" АҚ басқармасының төрағасы Айдын Құлсейітов еңбек өнімділігінің өсуі алдағы бес жылда 80 мың қазақстандықты жұмыссыз қалдыруы мүмкін дегенін атап кеткен жөн. Бұл ретте жұмыскерлерді жаппай жұмыстан босатуды тек жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы ретке келтіруге болады.

Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу