Қасқалдақтың қанындай қат АИ-92

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2713

Қазан айының ортасында сұйық отынның 1 литрі 157 теңгеге дейін жетпек.  

Қасқалдақтың қанындай қат АИ-92

АИ-92 бензинінің еліміздегі қоры шамалы. Қазан айының ортасына жетсе, шүкір делік. ҚР энергетика министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, бензинге деген сұраныс жоғары. Ал отандық мұнай өңдеу зауыттарының өндіретін өнім көлемі – әзірше мардымсыз. Жыртықты жамай алмай отыр. Оның үстіне ресейлік импортқа тәуелділігіміз тағы бар.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан ҚР энергетика вице-министрі Әсет Мағауовтың сөзінше, АИ-92 бензині қымбаттай бермек. Қазан айының ортасында бір литр бензиннің бағасы 157 теңгеге дейін жетуі ықтимал. Себебі АИ-92 бензинінің қоры 125 мың тоннаны құрап отыр. Ал тұтыну көлемі әлдеқайда көп – айына 350 мың тонна. Демек, АИ-92-нің қоры осы айдың ортасына дейін ғана жетпек.

"Жаз басында жинаған қорымыз мол еді. Кейіннен импорт көлемі кеміді. Ресей нарығында бензин бағасы өсті. Тиісінше, біздің қорымыз да азайды. Соның салдарынан осындай жағдайға тап болдық. Министрлік ресейлік әріптестерімізге, көрші елдегі ірі компанияларға өтінішпен шықты. Бұл қадамның нәтижесінде жағдай біршама реттеліп, қыркүйек айында 90 мың тонна бензин жеткізілді. Алайда біздің елдегі тұтыну көлемі әлдеқайда жоғары. Мәселен, тамыз айында 330 мың тонна бензин жұмсалған. Ал 9 айдағы орташа тұтыну көлемі айына 275 мың тоннаны құрады. Қыркүйек айындағы көлем тамыздағыдай көп болған жоқ. Қазанда 270 мың тонна бензин тұтынылады деген болжам бар. Бұл ретте 170 мың тонна – өзіміздің өнім. Ал бізге әлі 100 мың тонна бензин керек. Дұрысы – импорттау. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз", – деді Әсет Мағауов.

Вице-министрдің сөзінен ұққанымыз, қазан айында халық тағы да тығырыққа тап болуы мүмкін. Себебі 90-100 мың тонна бензин керек. Оны қайдан аламыз?..

Әсет Мағауов қазан айынан кейін ахуал реттеледі деп сендірді. Айтуынша, каталитикалық крекинг іске қосылған соң Атырау мұнай өңдеу зауыты толық қуаттылыққа шығады. Павлодар мұнай-химия зауыты күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін іске қосылады. Осылайша, қараша айында отандық өнімнің үлесі артады да, импорт көлемі 30-40 мың тоннаға дейін қысқармақ.

"Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарының алғашқы кезеңі былтыр қыркүйек айында аяқталды. Соның нәтижесінде жылына өндірілетін бензин көлемі 260 мыңнан 600 мың тоннаға дейін өсті. Соңғы 9 айда Қазақстан 200 мың тонна өнімді артық өндірді. Мұндай көрсеткіш Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілген жаңғырту жұмыстарынан кейін мүмкін болды. Ал Павлодар мұнай-химия зауыты өнім көлемін 600 мың тоннадан 1 млн 450 мың тоннаға дейін арттырды. Яғни, 2,4 есеге ұлғайтты. Шымкент мұнай өңдеу зауытының өнім көлемі де өсті. Жылына өндірілетін жоғары октанды бензин көлемі 650 мың тоннадан 1 млн 100 мың тоннаға дейін ұлғайтылды", – деді вице-министр.

Әсет Мағауов бензинді тұтыну көлемінің не себепті артқандығына сараптама жүргізілмегенін айтты. "Біз тек 2017 жылдың үшінші тоқсанында ғана 950 мың тонна бензин тұтынғанымызды аңғардық", – дейді ол.

"Егер тұтас ел бойынша бензин қоры алдағы 15 күнге ғана жеткілікті болса, өңірлерде іркілістің болуы заңдылық. Біздіңше, бұл жерде жанар-жағармай станциялар желісінің жұмысын дұрыс үйлестіріп, жедел түрде әрекет ете білген жөн. Министрлік мұнай өнімдерін сақтаушылармен келіссөздер жүргізеді. Оларға ең алдымен қай өңірлерге өнім жеткізу керектігі туралы ұсыныс айтылатын болады", – деді Әсет Мағауов.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысқан "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС бас директорының операциялық басқару бойынша орынбасары Нұркен Мырзағалиев та алдағы уақытта бензин бағасы литріне 157 теңгеге дейін өсуі мүмкін екенін нақтылады.

"Біз биыл Атырау зауытынан АИ-90 бензинінің 15 мың тоннасын алдық. Тағы да 40 мың тонна шамасында импорттауды көздеп отырмыз. Импортты қоса есептегенде, АИ-92 бензинінің бағасы литріне 155-157 теңге көлемінде болмақ. Бұл – болжалды баға. Өңірлерге бензин тасымалдап үлгермей жатқандығымыздың себебін түсіндірейін. Біздің компания негізінен Атырау мұнай өңдеу зауытының өнімімен қамтамасыз етіледі. Ал зауыттың іске қосылғанына көп бола қойған жоқ. Қазан айының ортасына қарай баға көтеріледі. Писсимистік сценариймен алғанның өзінде литріне 157 теңге болмақ. Бұл сомаға өнім құны, тасымалдау, сақтау және операциялық қызметтер шығыны енеді", – деді Нұркен Мырзағалиев.

Әсет Мағауовтың айтуынша, Шымкенттегі зауыт қазір толық қуаттылыққа шықты. Соның нәтижесінде қазан айында 50 мың тонна бензин артық өндірілген. Шымкент мұнай өңдеу зауытындағы жаңғырту жұмыстарының екінші кезеңінде кәсіпорынға каталитикалық крекинг орнатылады. Аталған құрылғының арқасында зауыттың жүктемесі 6 млн тонна шикі мұнайды өңдеуге дейін жетпек. Бұл қадам жылына 2 млн 270 мың тонна бензин және 1 млн 900 мың тонна дизель отынын алуға мүмкіндік береді. Бірақ ол күнге жету үшін әлі бір жыл күтуіміз керек.

Ал Павлодардағы зауыт қазір тоқтап тұр. Кәсіпорында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Зауыттағы жоспарлы жөндеу де, жаңғырту жұмыстары да бір уақытта аяқталмақ. Сөйтіп, зауыт бұрынғыдай 1 млн 80 мың тонна емес, 1 млн 400 мың тонна өнім өндіретін болады. Бастысы, елімізде ЕУРО-4 және ЕУРО-5 стандарттарына сәйкес келетін өнім алынбақ.

Әсет Мағауовтың сөзінше, 2018 жылдан бастап энергетика министрлігі үш жылдық кезеңге көшуді жоспарлап отыр. Жоспар бойынша 2018 жылы Шымкенттегі, 2020 жылы – Павлодардағы, ал 2021 жылы Атыраудағы зауыттарға жөндеу жүргізіледі. Соның нәтижесінде қосымша 300 мың тонна мұнайды өңдеуге жол ашылады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу