Kaspi Bank-те не болып жатыр?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
33456

 Каспи банк беделін қорғауға ірі сома жұмсады.

Kaspi Bank-те не болып жатыр?

 

Сондықтан өзінің алаяқ басшы қызметкерін ұстауға банктің 10 миллион теңге жұмсауы – қаржылық ұйым үшін беделі бәске тігілген өмірлік маңызды шара болса керек.

Белгілі болғанындай, Kaspi bank бұрынғы қызметкері үстінен бірден 43 қылмыстық іс қозғалуда. Оның банк клиенттеріне келтірген шығыны қазірдің өзінде 320 миллион теңгеге жетіп қалған көрінеді.

Бірақ бұл сома алда өсуі ықтимал. Полицейлер күдіктінің арам істерінен зардап шеккен барлық азаматтарды учаскелерге келіп, арыз-шағым жазуға шақыруда. 

Осының алдында банк өзінің Instagram-дағы парақшасында хабарландыру мен өз экс-қызметкері Руслан Сексембаевтың суретін іліп, оның қайда жүргені туралы ақпарат үшін он миллион теңге (26 мың доллар) сый беруге уәде етті.

Ізінше іздеудегі ер адамды Kaspi Bank-тің өз қауіпсіздік қызметі полицейлермен бірге ұстап алғаны мәлімделді. Оны ұстауға ықпал еткен азаматқа уәде етілген мол қаржы төленіпті. Бірақ жаңа "миллионердің" кім екені құпияда ұсталуда. Ол тіпті Русланның танысы, не болмаса, білетін адамы болуы да ықтимал.

"Kaspi-дің қауіпсіздік қызметі Павлодар облыстық ІІД-мен бірлесіп, Kaspi-дің бұрынғы қызметкері, алаяқтық жасауда күдікті Руслан Сексембаевты тауып, тұтқынға алды. Жедел тергеу әрекеттерінің нәтижесінде күдікті 21 шілдеде Екібастұз қаласында ұсталған.
Күдіктіні ұстауға жәрдемдескені үшін Kaspi Сексембаевтың орналасқан жері туралы ақпарат берген азаматқа 10 миллион теңге мөлшерінде сыйақы төледі. Бұл азаматтың есімі оның қауіпсіздігі мақсатында және тергеу мүддесі үшін жария етілмейді. Тергеу аяқталғаннан кейін Сексембаев сот алдында жауап береді және біз ол заң жүзінде қатаң жазаға тартылады деп үміттенеміз. Kaspi құқық қорғау органдарымен бірлесіп, оның барлық сыбайластарын анықтау, клиенттердің мүдделерін қорғау мақсатында осы қылмыстың барлық мән-жайларын зерттеуді және тергеуді жалғастырады", – деп хабарлады банк.

Қаржылық институт мәліметінше, Сексембаев клиенттерге кепілдегі жылжымайтын мүлікті төмен бағаға сатып алуда көмек көрсетуге уәде еткен. Ол азаматтардың сеніміне кіріп, алдау арқылы оларды өзінің жеке шотына қаражат аударуға көндіріп, артынан бой тасалаған.

"Kaspi Bank" АҚ бұрынғы лауазымды тұлғасына қатысты істің егжей-тегжейін Павлодар облысының полиция департаменті айтып берді. Өңірлік департаменттің тергеу басқармасы алаяқтық фактісі бойынша 43 қылмыстық іс ашқан. Олар сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне енгізілді. Олар бойынша жалпы шығын шамамен 320 миллион теңгені құрайды.  

Банктер өз баспаналарын кепілге қойып, несие алған, алайда онысын қайтара алмаған қарапайым азаматтар мен бизнесмендердің жылжымайтын мүлкін дүркін-дүркін саудаға қояды. Ел арасында сол арқылы арзан баспанаға қол жеткізуге болады деген әңгіме тараған. Банк шендісі де халықтың сол құмарлығынан қаржы таппақ болыпты.

"Сотқа дейінгі тергеуде анықталғандай, зардап шеккен азаматтар "Kaspi Bank" АҚ-ның Павлодардағы филиалына кепілдікті мүлікті сатып алу үшін келген. Олар күдіктінің сол мүлікті сатып алуға көмектесемін деген уәдесіне сеніп, ақшаны оның жеке есепшотына аударған. Бұдан бөлек, қаражат қолма-қол ақша түрінде де берілген. 21 шілдеде Павлодар облысының криминалды полиция қызметкерлері Kaspi bank қауіпсіздік қызметімен бірлесе отырып, Екібастұзда күдіктіні ұстады. Ол аталған қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасаған айыбын толық мойындады. Ұсталған азамат Павлодардағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі кезде оны тергеу жүргізу аяқталғанша қамаққа алуға санкция беру мәселесі шешілуде", – деді облыстық полиция департаменті.

Ұсталушының куәлік етуінен белгілі болғандай, ол бұған ақшадан қатты тарыққандықтан барыпты.

"2017 жылы ол өз таныстарынан пайызға қарыз алған екен. Алайда кейін қарызын қайтара алмаған, тек үстемеленіп жатқан пайыздарын ғана беріп отырған. Қаражатқа зәру болған ол "Kaspi Bank" АҚ несиелендіру бөлімінің бастығы лауазымын атқара жүріп, алаяқтық жасауға ниеттенеді. Яғни, кепілдікті мүліктерді нарықтағыдан төмен бағаға сатып алу үшін өзіне клиенттер жүгінгенде, ол көмектеспейтінін біле тұра, клиенттерден ақша қабылдаған. Артынша ол қаражаттарды өз борышын жабуға жұмсаған, сондай-ақ клиенттерден алған қаржысын бөлік-бөлікпен қайтарған", – деп баян етті полиция.

Kaspi bank клиенттермен арадағы барлық қаржылық қатынастар келісімшартпен бекітілетінін еске салады. Банк қызметкерлерінің, тіпті басшыларының клиенттен қаражатты жеке есеп-шотына аударуды не қолма-қол тапсыруды талап етуіне құқығы жоқ.

Бұл оқиға банк клиенттерін алаңдатып қана қоймай, басқа да сұрақтар тудырды. Мәселен, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (KDIF) биылғы сәуір айында шетелдік валютадағы 12 ай және одан көп уақытқа салынған мерзімді және жинақтаушы депозиттер бойынша мөлшерлемені 2%-ға дейін көтеріп, қайта бекітті. Жаңа ставка 2019 жылғы 1 маусымнан бастап күшіне енген. Расында, отандық банктер өз салымдарының сыйақысын осы көрсеткішке сәйкес келтірді. Алайда клиенттерінің айтуынша, Каспи банк доллардағы депозиттер сыйақысын сол бұрынғы 1 пайыз көлемінде ұстап отыр. Салымшылар сұрағына банк пен оның call-орталығының қызметкерлері KDIF хабарламасы туралы ештеңе естімегендерін айтады.

Бұл банк жайында сөз еткенде, оның қожайындарының үлес салмағының өзгеруі мәселесіне тоқталмай өтуге болмайды. KASE сайтында хабарланған ақпаратқа сенсек, банктің басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Kaspi.kz-тегі өз үлесін арттырған. Оның еншісі енді 27,88%-ға дейін жетті. Айта кету керек, 2018 жылғы қазан айында Михаил Ломтадзенің иелігінде Kaspi-дің дауыс беруші акцияларының небары 9,98%-ы ғана болған.

Қазақстандық биржаның дерегінше, 2019 жылғы шілдедегі жағдай бойынша Михаил Ломтадзе Kaspi.kz акцияларының 27,88%-ына, Вячеслав Ким – 36,69%-ына ие. Ал Baring Vostok қолында оның құнды қағаздарының 27,72%-ы жинақталған.

Жалпы, банктің басқарма басшысының Kaspi.kz пен Kaspi Bank-тің, яғни банк пен банктік холдингтің ірі акционеріне айналу ниеті барлығы 2018 жылғы қыркүйекте жарияланды. Бүгінде Ломтадзе мырзаның Kaspi Bank дауыс беруші акцияларының үлесін сатып алғаны анықталуда. Ұлттық банк басқармасы арнайы қаулы қабылдап, оның "Kaspi Bank" АҚ ірі қатысушысы мәртебесін алуына келісім берген.

Демек, банктің болашақ тағдырын білгісі келетіндер оның ірі акционерінің әр қимылы мен мәлімдемесін бағары сөзсіз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу