Ақтаулық "Каспий" Премьер-лиганың 12-турында елордалық "Астананы" жеңіп кетті. Талғардағы ұлттық құраманың базасында өткен матч 2-1 есебімен аяқталды. Ойындағы алғашқы голды 37-минутта "Астана" ойыншысы Сигурьонссон соқты. Бұл жолы пенальтиден емес. Макс Эбонгтың пасын сәтті пайдаланған Рунар ашық қақпаны дәл көздеді. 72-минутта Себайхидің айып алаңының сыртынан жасаған соққысы голға айналды. Араға 3 минут салып Марусич жеңіс голын соғып, командасына үш ұпай сыйлады.
Бұл жеңістен кейін "Каспий" 7 ұпаймен оныншы орынға көтерілді. Елордалық клуб 21 ұпаймен екінші орында қалды.
Сонымен қатар бүгін Алматылық "Қайрат" Премьер-лиганың 12-турында Қарағандылық "Шахтермен" тең түсті. Алматыдағы Орталық стадионда өткен матч 1-1 есебімен аяқталды.
Ойынның 64-минутында Вагнер Лав есеп ашты. Микановичтің ауттан асырған добы "Шахтер" қорғаушыларының қателігінен кейін Вагнерге келді. Лав еш қиындықсыз гол соқты. 82-минутта қосалқы құрамнан шыққан Айдос Тәттібаев таразы басын теңестірді. Бұл жолы жас қақпашы Устименко қателесті.
"Қайрат" чемпионатта бір-ақ рет жеңілді. Оның өзі дәл осы "Шахтерден".Алексей Шпилевскийдің шәкірттері бұл ойыннан кейін 26 ұпаймен бірінші орында тұр. Ал "Шахтер" 16 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді.
Ермұхамед Мәулен