Каспий итбалықтары: тартылған теңіз, тарылған тыныс

1266

Каспий теңізінің экологиясы күрт нашарлап кеткені рас. Оның жанға батар жалғыз индикаторы – итбалықтар санының кеміп кеткені. Оны түрлі факторлармен байланыстыруға болады. Өндірістік, браконьерлік, экологилық, этимологилық, табиғи және тағы да басқа себептер. Соның ішінде ең үлкен зауал – теңіздің тартылуы болып тұр. 

Каспий итбалықтары: тартылған теңіз, тарылған тыныс Фото: freepik

Көлемі теңіз, заты көл

Каспийді ең үлкен көл деп жатады. Бірақ, сол көлемі кішірейіп барады. Ғалымдардың айтуынша, бұл табиғаттың циклдық құблысы болуы мүмкін, яки, теңіз қайтадан қалпына келеді деген үміт бар. Өйткені, 1962 және 1977 жылдары да осындай жағдай болыпты. Ол кездерде көк айдын деңгейі 29 метрге дейін тартылған екен. Ал 1995 жылы, керісінше, 29,77 метрге қайта көтеріліп, құрғап кеткен жағалау түгел су астында қалған. Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігін төрт гидрометеорологиялық станция мен сегіз бекет бақылайды. Сондағы зерттеушілер 2001 жылдан бастап теңіз деңгейі тұрақты тартылып келе жатқанын байқаған. Спутниктік суреттерді салыстыру барысында олар 2008 жылы су ауданы 113 866,67 шаршы шақырым, ал 2023 жылы 105 745,23 шаршы шақырым болғанын анықтады. Расында қарт Каспийдің жағалаудан тез алыстап бара жатқаны соңғы екі-үш жылдықта қатты байқалып отыр. Экологтардың айтуынша, теңізге судың 80 пайыздан астамын Ресей Федерациясының аумағы арқылы өтетін Еділ өзені әкеледі. Жайық өзенінің мөлшері болса 2 проценттен аспайды. Ал жалпы теңізге 130-дан астам өзен мен жылғалар құяды екен. Жалпы, Каспий деңгейі әлемдік мұхиттардан 28 метрдей төмен орналасқан, тереңдігі – 1025 метр.

"Теңіздің таяздануы бірінші кезекте Еділ мен Жайық суының азаюымен байланысты. Көрші елдерде су қоймалары көп салынған. Сол себепті ол жақта қалып қоятын судың мөлшері де ұлғайған. Мәселен, Еділ өзенінде аса қуатты 11 су-электр станциясы бар. Оның үстіне жүздеген гидроқұрылыстар жұмыс істеп тұр. Одан бөлек Каспий теңізі жауын-шашынға да тәуелді. Жаһандық климаттың өзгеруімен ол да азайып кетті", - дейді Нью-Йорк ғылым академиясының мүшесі, профессор Нұрлан Мұңбаев.

Теңіз экологиясының нашарлауының зардабын ең бірінші кезекте итбалықтар тартып отыр. Бұған өндірістік, браконьерлік, этимологилық, табиғи себептерді де қосыңыз. Каспий итбалықтарының 90%-ы Қазақстанның теңіз аумағын мекендейтінін ескерсек, бұл біздің елдің жауапкершілік жүгі қаншалықты ауыр екендігін аңғартады. Осы жауапкершілікті бөлісіп, теңіз қайраңын игеруге келгеннен-ақ халықаралық компаниялардың теңіз флорасы мен фаунасын зерттеуге мүдделілік танытып жатқаны құптарлық-ақ. Дәл қазір итбалықтардың күшіктеп жатқан уақыты. Маңғыстаулықтар бұл тоғысты "Итбалықтың қатырмасы" деп атайды. Бұл олардың күшігінің кіндігі қататын мезгіл дегені. Ендеше, бұл олардың проблемаларына ерекше назар аударатын шақ туып тұр.

Итбалықтан институтқа дейін

Елімізде Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылатын болды. Су жаңа су министрлігі жеткізген бұл сүйінші жаңалықтың мәселе боп көтеріліп жүргеніне 10 жылдан асыпты. Енді міне былтырғы жыл соңында шешімін тапқан. Үкімет институтты құру туралы тиісті министрлік әзірлеген қаулыны бекітті.

"Бұған дейін, Мемлекет басшысы теңізді сақтау мақсатында Каспий теңізін зерттейтін мемлекеттік ғылыми-институт құруды тапсырған болатын. Мұндай ұйымдар Каспий маңындағы басқа елдерде де бар. Институттың құрылуы кешенді түрде бар проблемаларды зерделеуге, ауқымды мәселелерді шешуге және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді. Каспий теңізінің экологиялық проблемаларын, су деңгейінің төмендеу мәселесін, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын және тағы басқаларды зерттейтін болады. Тағы бір бағыт - Каспий маңы мемлекеттеріндегі әріптестермен тығыз қарым-қатынас орнату. Бұл Каспий теңізін сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық орындауға мүмкіндік береді", - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жалпы институт құру мәселесін ұзақ жылдардан бері көтеріп келген бір адам болса, ол өлкеге белгілі қоғам қайраткері, ұзақ жылдар табиғат қорғау саласында қызмет етіп зейнеткерлікке шыққан Орынбасар Тоғжанов ағамыз болатын. Бұл жаңалықты естігенде ол қатты қуанып қалыпты. Енді теңіз бен түбектің экологиялық мәселелеріне кешенді түрде назар аударылатынына үмітті. Соның ішінде, оның 2007 жылы көтерген бір бастамасы назардан тыс қалмаса дейді. Ол - гребневик мнемиопсис медузасы туралы. Өкінішке қарай бұл зерттеулер 2016 жылы үзіліп қалған.

"ХХ ғасырдың екінші жартысында ғалымдар және ірі компаниялар Каспий теңізіне түрлі тәжірибе жасауды жиілетті. Каспийде тіршілік етпейтін өзге мұхиттардағы жануарларды осы теңізге әкеліп, тәжірибе жүргізілетін болды. Сонымен қатар кеме қатынасы арта бастады. Каспийдің айдынында жүзіп жүрген алып кемелер басқа теңіз, мұхиттарға апарылды. Олар онда мұнай апарып, оның орнына мұхиттың суын құйып алатын. Ол су тазартылмастан Каспийге төгілді. Міне, содан бері бұрын Хазарда кездеспеген тіршілік иелері көріне бастады. Мәселен, 1980 жылдардың соңында Каспийдің ирандық бөлігінде гребневик мнемиопсис дейтін медузаның бір түрі анықталды. 2007-2010 жылдары біздің жүргізген зерттеу кезінде, әр жаз мезгілінде Каспийдің солтүстігінде, дәлірек айтқанда, Құрманғазы мен Дархан мұнай кен орындарының аумағында осы гребневик мнемиопсис кездесіп отырды", – дейді Орынбасар Тоқжанов.

Ол несімен қауіпті десеңіз, 1980 жылы ол медуза Қара теңізде байқалған екен, содан 1985-1995 жылдары Қара теңіздегі балық қырыла бастаған. Ғалымдар оны әлгі медузаның әсерінен деп есептейді. Ол теңіздегі кішкентай тіршілік иелері - бентос, зоопланктон дегендерді қырып жіберді. Өзінің 1 сантиметрлік көлеміне қарамастан мнемиопсис өзінің денесінен қырық есе көлемде тамақ жейді екен. Сол кезеңде оны жоятын бірде-бір препарат ойлап табылмаған. Әрі Каспий теңізінде медузаны жейтін жәндік те, жануар да жоқ. Өкініштісі, бұл зерттеулер үзіліп қалған соң бүгінгі ахуалдың қандай екені белгісіз, тіпті елестетудің өзі қорқынышты. Өйткені, 2011 жылы Қаламқас пен Жемчужина аймағында блакфордия вирджиния деген медузаның жаңа түрі пайда болған. Ол Атлант мұхитында жылы кезде кездеседі екен. Енді Каспий теңізінің биоресурстарына осындай құрттай жәндік қауіп төндіріп тұр. Мұны теңізге экологиялық әсер ететін биологиялық фактор деп атауға болады.

"Итбалықтардың осындай аянышты күйге түсуінің басты себебі – олар қоректенетін азық қорының немесе биоресурстардың азайып кетуі. Бір итбалық күніне 3 келі майшабақ жейді. Егер, корек қоры көп болса, итбалықтар жағалауға жақындамай-ақ, теңіз ортасында жүріп майшабақпен қоректенер еді. Бірақ қазір майшабақтар азайып кеткен. Оны аулау үшін итбалықтар амал жоқ теңіз жағасына жақындайды. Сондықтан шабақтардың популяциясын да көтеруді ойластыру керек. Сондай-ақ, медузаны зертеу жұмыстарын қайта жандандырған дұрыс. Мұны енді жаңадан құрылып жатқан институт кешенді түрде қолға алады деп сенемін", - дейді Орынбасар Тоқжанов.

Қызыл кітапты қайта жазу керек

Теңіз мақұлығы болсын, түбек табиғаты болсын проблемасын әлемдік деңгейде көтеріп, Үкіметке ұсыныс айтып жүрген маңғыстаулық экологтар саусақпен санарлық. Солардың бірі – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қоғамдық кеңесі мен ECOJER қауымдастығы Маңғыстау облысы бойынша аймақтық экологиялық кеңесінің мүшесі, "Табиғи орта" Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдары өңірлік ассоцациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов. Қызыл кітапты қайта қарау керек деп батыл ой айтып жүрген осы кісі. Одан да өзге ұсыныстары әлі де болса қолдау таппай келеді.

"Экология және табиғи ресурстар министрлігіне бірнеше жылдан бері бірнеше ұсыныс беріп жүрмін. Каспий итбалығының жатақтарын сақтап, қалпына келтіру үшін Комсомол шығанағындағы Дурнев, Төленді аралдарында және Кендірлі шығанағы маңайындағы аралдарда 3 республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ (ЕҚТА) құру керек дедім. Онда да ол жабық аумақ болмауы керек, өндірістік қызмет пен жергілікті қауымдастықтардың шаруашылық жұмыстары ескерілген жаңа түрде болуы қажет болатын. Бірақ бұл ұсынысым, мен айтқандай емес, дәстүрлі мемлекеттік табиғи резерват ретінде құрылатын болды. Меніңше ол жерде ешқандай жергілікті қауымдастықтардың, яки балықшылардың шаруашылық қызметі, балық аулайтын жерлері, жалпы олардың ұсыныстары ескерілмей жатқан сияқты. Соны міндетті түрде ескеру керек. Себебі ескерілмесе, ертең жергілікті тұрғындар оларға қарсылық білдіріп, төлендерді сақтаудың орынына, өздері браконьер болып кетуі мүмкін. Сондай қауіп бар", - дейді ол.

Яғни, біздер өз қолымызбен коммерцияланған браконьерлікке жол ашып беруіміз мүмкін. Сондықтан, егер итбалықты шынымен сақтап қалғымыз келсе, оған бірінші кезекте жергілікті балықшыларды ынталандыруымыз керек. Ол үшін қазірден бастап болашақта, итбалықтың саны бір қалыпқа келген соң, жергілікті балық аулаушы бригадаларға итбалықты шектеулі түрде аулауға рұқсат беру мәселесін жан-жақты қарастырған дұрыс. Одан бөлек ол жерде балық аулауға, экотуризмді дамытуға жағдай жасалыну қажет. Тағы бір мәселе, сол бұрыннан келе жатқан Қызыл кітап жайы.

"Бізге Қызыл кітапқа қатысты көзқарасымызды өзгертетін уақыт келді. Өйткені, ол құр көрнекі танымдық оқу-құралы боп қалып тұр. Сондықтан Қызыл кітабымызды ережелері мен критерийлерін Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне сәйкестендіру керек. Неге? Біріншіден, Қызыл кітапқа енген жануарды зерттеп жүрген ғалымдар үшін бюрократиялық кедергілер пайда болып отыр. Мысалы, салмағы мен мөлшерін өлшеу үшін көптеген рұқсат қағаздарын алу керек. Ал заңды түрде рәсімдейін десе, уақыты жоғалып, зерттеу сапасына кері әсер етеді. Рұқсатсыз зерттесе, үстінен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін. Бұл итбалыққа да қатысты. Егер қарапайым балықшы өзінің балық аулайтын ауынан итбалықты құтқарып жатқан кезде жануар өліп қалса немесе өлі табылса, құзырлы органдар тарапынан проблема болмауы үшін одан тезірек құтылудың амалын жасауы мүмкін. Бұл оның есептілігін жүргізуге кедергі келтіреді. Сол сияқты, ителгі мен қарақұйрық еліміз егемендік алмастан бұрын Қызыл кітапқа енгізіліп, ондаған жылдар бойы шыға алмай келе жатыр. Керісінше, олардың саны қалпына келтірілген жоқ. Ал ақбөкеннің саны Қызыл кітапқа енгізілмей-ақ тез өсті, әсіресе Орал мен Бетпақдала популяцияры. Ендеше, мен аңшылық-кәсіптік маңызы бар түрлер бойынша жеке тізімге қосымша түрлермен толықтыруды ұсынамын. Олар - киік, арқар, уриал, қарақұйрық, Каспий итбалығы және тағы басқалар. Осы түрлер бойынша қалпына тез келтіретін механизм – тұрақты пайдалануды қолдау керек. Мысалы, экотуризм объектісі ретінде пайдалану немесе олжалы аңшылық арқылы. Бұл жергілікті қауымдастықтар үшін экономикалық ынталандыру механизмі болар еді, яки сақтауға қызығушылығын оятады. Бір сөзбен айтқанда, Қызыл кітап оқулық емес, ғылыми-шаруашылық құжатқа айналуы тиіс. Ал киіктің саны шамадан тыс көбейді деп, оны реттелуге жататын жануарлар түрлері тізіміне енгізді. Ол тізімде ауыл шаруашылығына зиян келтіретін қасқыр, шибөрі сияқты түрлер бар. Яғни, киікті ол тізімнен шығарып, үкімет тарапынан орын алып жатқан жаппай аулауды тоқтату керек", - дейді тәуелсіз сарапшы Әділбек Қозыбақов.

Маманның бұл ұсынысы да ұзақ уақыттан бері қолдау таппай келеді. Жануарлар мен өсімдік түрлерін Қызыл кітапқа енгізу үшін нақты критерийлерді бекіту, енгізілген әр түр бойынша Қызыл кітаптан шығару үшін мақсаттық бағдарламалар жасау, тұрақты мониторинг жүргізу – бұл ұсыныстардың тек бір парасы ғана.

"Қазақстанда жануарлар дүниесін қорғау тиімділігінің жоғары болмау себебі – мемлекеттік инспекторлар мен жергілікті қауымдастық өкілдерін материалдық ынталандыру жоқ. Олар браконьерлік фактісін анықтаса да, анықтамаса да, сол бір жалақысын алып жүре береді. Ал егер, келтірілген залалды өтеу сомасынан кем дегенде 30% мөлшерінде сыйақы берілер болса, браконьерлерді ұстағысы келетін, табиғатты шынымен қорғағысы келетін азаматтардың қатары едәуір көбейер еді. Ең бастысы – жемқор инспекторларға браконьерлерден пара алу тиімсіз боп қалады. Ол өз қызметін дұрыстап атқара отырып та жақсы табыс таба алатынын түсінеді. Бұдан мемлекет бюджетіне ешқандай да салмақ түспейді. Бұл жүйе кеңес заманында нәтижелі жұмыс жасаған еді. Сол кезде Қазақстан даласында киіктердің саны, кейбір мәліметтер бойынша, екі миллионға дейін жеткен, ал олардың еті арзан диетикалық өнім ретінде қоғамдық тамақтану ұйымдарына жеткізіліп тұрды", - дейді ол.

Оның айтуынша, Каспий теңізі – жалғыз тұйық теңіз, сондықтан да болар мұндай су қоймаларына арналған ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың концепциясы мүлдем жоқ. Біздегі ЕҚТА-лардың сипаттамасы тек құрлықтағы түрлеріне арналған. Мәселен, "Солтүстік Каспийдегі мемлекеттік қорық аймағы" деген бұрын құрылған екен, оның мақсаты - теңіздегі биоресурстарды сақтау. Бірақ ол жерде де барлығы тек қана қағаз жүзінде қалған, яғни ол мақсатта арнайы мекеме құрылмаған. Сондықтан да бүгінгі көтерілген мәселелердің түп тұқияны нормативтік-құқықтық база қалыптастыру жайына тіреледі. Ал оған бірінші кезекте Мәжіліс депутаттары мүдделі болса керек-ті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу