Ақтаулық "Каспий" футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында шымкенттік "Ордабасыдан" басым түсті. Ақтаудағы "Жас Қанат" стадионында өткен ойын 2:1 есебімен аяқталды. Матчтың 7-минутында "Ордабасының" қорғаушысы Карам Сұлтанов өз қақпасына гол соғып алды, бірақ екі минуттан кейін Беларусь шабуылшысы Всеволод Садовский есепті теңестірді. Ал 35-минутта "Каспийдің" бразилиялық ойыншысы Руан Телеш жеңіс голын соғып кетті. Ойынның 61-минутында шымкенттік клубтың қорғаушысы Евгений Чаговец қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды.
Футболдан Қазақстан чемпионатының төртінші турында "Атырау" "Тараздан" айласын асырды. Тараздағы Орталық стадионда өткен ойын 1:0 есебімен аяқталды. Кездесудің 42-минутында "Атыраудың" хорватиялық жартылай қорғаушысы Андрия Филипович пенальтиден гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. Ал 76-минутта Амандық Нәбихановқа қызыл қағаз көрсетілді.
Сондай-ақ 4-тур аясында "Ақтөбе" мен "Шахтер" командалары тең ойнады. Ақтөбеде өткен ойын 1:1 есебімен аяқталды. Матчтағы есепті 78-минутта "Ақтөбенің" франциялық жартылай қорғаушысы Уго Видемон ашса, "Шахтер" қорғаушысы Тимур Досмағамбетов бес минуттан кейін таразы басын теңестірді. Айта кетейік, 34-минутта алаң иелері пенальтиден гол соғатын мүмкіндікке ие болған еді, бірақ Жерар Гоудың тепкен тобы қақпа бағанасынан кері серпілді.
Петропавлдың "Қызыл-Жар" футбол клубы Қазақстан чемпионатының төртінші турындағы ойында "Ақсуды" ұтты. Нұр-Сұлтандағы кездесу 2:1 есебімен петропавлдықтардың пайдасына аяқталды. "Ақсу" ойыншылары Айбол Әбікеннің пенальтиден соққан голының арқасында алға шыққанымен, бірінші таймда "Қызыл-Жар" сапынан ивуарлық жартылай қорғаушы Мусса Саеб Коне чемпионаттағы алғашқы голын соғып, есепті теңестірді. Ал екінші таймда украиналық қорғаушы Юрий Бушман пенальти орындап, петропавлдықтарға чемпионаттағы алғашқы жеңісін сыйлады. "Қызыл-Жар" үш ұпаймен 11-орынға көтерілсе, төрт ұпайы бар "Ақсу" тоғызыншы қатарда қалды.
Ермұхамед Мәулен