"Каспий құбыр консорциумы" қазақ мұнайын тасымалдауды тағы тоқтатты

4421

Қазақстандағы барлық ірі мұнай кен орындары қара алтын өндірісін жаппай қысқартуда. Өндіріс екі есе құлдырады. Не болып қалды?  

"Каспий құбыр консорциумы" қазақ мұнайын тасымалдауды тағы тоқтатты Фото: bizmedia.kz

Осының алдында, 15 қарашада Мемлекет басшысы Ақордада Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевті қабылдаған еді. Министр Президентке көркем көрсеткіштер мен шабытқа толы есептерін ұсынды. Кездесу барысында еліміздің бас энергетигі биылғы 10 айда Қазақстанда жалпы көлемі 74,8 миллион тонна мұнай өндірілгенін, ал мұнай өнімдерінің өндірісі 11,2 миллион тоннаны құрағанын баяндады.

Сала еш проблемасыз дамып жатқандай көрінген. Сондықтан болса керек, жүздесуде негізінен әңгіме электр энергиясы саласында қордаланған түйткілдер, жылыту маусымының барысы және энергетика инфрақұрылымын жаңғырту жобаларының іске асырылуы туралы өрбіпті.  

Проблемалар қабылдаудан кейін басталды. "Каспий құбыр консорциумы" (КТК, қазақша КҚК) 27 қарашада қазақстандық мұнайды жаһандық нарықтарға жіберуді қайтадан доғарды. КҚК бұған күрделі метеоахуалды, Қара теңізде басталған дауылдар маусымын сылтау етті. 

КҚК компанияның резервуарлық парктері шикізатқа мелдектей толып тұрғанын ескертті. Салдарынан жаңа жеткізілімдерді қабылдау күрт шектелді.

Соның кесірінен Атырау облысындағы "Теңіз" супергигант мұнай-газ кен орнын игеріп жатқан "Теңізшевройл" бірінші болып мұнай өндірісін кемітетінін жариялады. Бұған оны КҚК-ның мұнай жөнелтуді тоқтатуы мәжбүр еткен.

Салдарынан қара алтынның күнделікті өндірісі бірден 43 мыңдай тоннаға азайып кетті.

"Дауылдарға бола, "Каспий құбыр консорциумының" Новороссийск портындағы теңіз терминалынан мұнай артуды тоқтатуына байланысты "Теңізшевройл" компаниясы (ТШО) өндірістік қызметіне түзету енгізетін болады. ТШО Новороссийскіде нашарлаған ауа райына қатысты ахуалды ұдайы қадағалауда. Қауіпсіз жұмысты қамтамасыз ету үшін өзгеріп жатқан жағдайларға сәйкес өндірістік қызметін түзетіп отыратын болады", – деп хабарлады ТШО.

Энергетика министрлігі жанындағы "Отын-энергетикалық кешенінің Жағдаяттық-сараптамалық орталығының" дерегінше, Қазақстанда бұған дейін, яғни 24 қарашада тәулігіне – 257,4 мың тонна, 25 қарашада – 253,1 мың тонна мұнай мен газ конденсаты шығарылған.

Ал 26 қарашада бұл көрсеткіш 214,5 мың тоннаға дейін кілт құлдырады.

Артынша Қашаған "супергигантымен" қоса, Қайраң және Ақтоты кен орындарының мұнайы мен газын алып жатқан NCOC компаниясы да тәуліктік өндіріс көлемін бірден 38%-ға төмендеткенін жария етті. Бұған да "Каспий құбыр консорциумының" ресейлік Новороссийск портынан мұнай жөнелтуді тоқтатуы себеп болды.

"NCOC компаниясы мұнай өндірісін 54 мыңнан 33 мыңға дейін, немесе 38%-ға кемітті. Еске сала кетсек, бұдан бұрын, 26 қарашада ТШО компаниясы өндірісті 50%-ға, 28 қарашада тағы 10%-ға азайтқан болатын", – деп хабарлады "Отын-энергетикалық кешенінің Жағдаяттық-сараптамалық орталығы".

Айтпақшы, энергетика министрлігі қалыптасқан жағдайға қатысты толыққанды ресми түсініктеме берілетінін мәлім еткен. Алайда ведомствоның ресми сайтында ол сол бойы жарияланбады.

Бүгінде Қара теңіздегі метеоахуал біршама жақсарды. Танкерлер қатынасы қайта жолға қойылды.

Соған қарамастан "Каспий құбыр консорциумының" қазақ мұнайын қабылдауды шектеуі жалғасын тапты. Не болып қалды?

КҚК-ға төл теңіз терминалында танкерлерге мұнай тиеуге 30 қарашада рұқсат етіліпті. Бұған дейін, су айдыны буырқанғанда, Новороссийск портының капитаны теңіз дауылына байланысты мұнай тиеуді тоқтату туралы ұйғарым шығарған еді.

Енді теңіз дауылдарының аса қуатты, алапат үш күні артта қалған соң танкерлік тасымал қалпына келді. Сонда ары қарай шектеудің себебі неде?

Бұл ащы күлкі туғызуы мүмкін, бірақ КҚК дәстүрлі түрде жылжымалы айлақтық қондырғы (выносное причальное устройство немесе ВПУ) бұзылып қалғанын алға тартты.

"Штормнан соң қалқымалы шлангтерге, жылжымалы айлақтық қондырғыларға тексерулер жүргізілді. ВПУ-3-тің сыртқы жеңінің қалқымалы шлангтерінің біріне зақым келгені анықталды. Бұған аномальды дауылдар ықпал етті. "Каспий құбыр консорциумы" қоршаған ортаны қорғау мәселесінде ымырасыз, компромиссіз позицияны ұстанады. Осы ұстанымымызға сай, сондай-ақ консорциумның Қара теңіздегі терминалының жабдықтарын пайдалануда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, апаттық жағдайларды болдырмау, мұнайдың төгілуіне жол бермеу мақсатында, ВПУ-3 қолданыстан шығарылды", – деп түсініктеме берді КҚК компаниясы.

Шынында, ВПУ-3-тің сыртқы жеңінің қалқымалы шлангісінің бұзылып қалғаны тек дауылдар саябырсыған соң әшкереленіпті-мыс. Бірақ мұнай да төгілмепті. Компания "төтенше жағдайдың туындауына түрткі болар ешқандай шарттар жоқтығына" сендірді. "Тұрғындарға, Қара теңіздің флорасы мен фаунасына қауіп-қатер жоқ" көрінеді.

Алайда жаңа саналатын ВПУ-3 бәрібір жұмыс істемейтін болады.

Сорақысы сол, Ресей саясатына бола, дамыған елдерден технологиялық оқшауланғалы бері мұндай бұзылулар жиілеуі, ал оларды жөндеу мерзімі ұзара беруі мүмкін.

КҚК қазіргі кезде теңіз терминалында мұнайды арту тек ескі ВПУ-1 мен ВПУ-2 арқылы ғана жүргізіліп жатқанын мәлім етті.

Қазақстан 2023 жылы мұнай өндірісін 89 миллион тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.

КҚК арқылы дүниежүзілік нарыққа теңізбен мұнай жеткізу шектелгендіктен, Қазақстанға қара алтынын амалсыз, ресейлік "Транснефть" ЖАҚ-ының магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша құрлық арқылы тасымалдауға тура келуде.

Бірақ бұл тасымал жолы қымбатқа түседі, тарифі де жоғары.

Бұдан бөлек, КҚК-мен салыстырғанда, "Транснефть" толығымен Ресейдің иелігінде. Қазақстан Каспий құбыр консорциумының ірі акционері саналады. Оның акцияларының 24%-ы – Ресейге, 19%-ы – "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына, 15%-ы – Шеврон Каспиан Пайплайн Консорциум Компаниге тиесілі.

Демек, КҚК деградациялана берсе, онда Қазақстан бұл салада толығымен Мәскеуге тәуелді болып қалуы ғажап емес.

Энергетика министрінің кеңесшісі Шыңғыс Ільясов ұсынған дерекке жүгінсек, Теңізде тәуліктік мұнай өндірісі: 27 қарашада — 43 мың тоннаға, 28 қарашада — 44 мыңға, 29 қарашада – 54 мыңға, 30 қарашада – 54 мыңға, 1 желтоқсанда – 59 мыңға, 2 желтоқсанда – 59 мың тоннаға дейін азайды.

Бұрын бұл кен орнындағы стандартты тәуліктік мұнай өндірісі 84 мың тоннаны құрайтын. Құлдырау масштабын осыдан-ақ аңғаруға болады. 3 желтоқсаннан кейін 84 мыңдық межеге оралады деген жоспар бар.

Қашағанда тәуліктік стандартты өндіріс көлемі 53 мың тонна болатын. 28 қарашада онда мұнай өндірісі 19 мың тоннаға азайды. 29 қарашадан 3 желтоқсанды қоса алғанда, қысқару күн сайын жалғасады деп күтілуде.

Қарашығанақта стандартты өндіріс 35 мың тоннаға тең еді. Ол көрсеткіш 27 қарашада 3,9 мың тоннаға, 28 қарашада – 2,8 мың тоннаға кеміді. 29 қарашадан бері күн сайын 8 мың тоннаға қысқартылып жатыр.

Үш алып кен орны күн сайын орта есеппен 172 мың тонна шикізат өндіретін еді. Бұл көлем 28 қарашада алдымен 106 мыңға (30-40%), 29 қарашадан бері 76 мың тоннаға (56%) құлдырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу