Каспий теңізінде балық аулау аумағы ұлғаяды

3759

Сенаттың жалпы отырысындағы бірінші оқылымда "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне "Каспий теңізінде қызметті жүзеге асыруға байланысты мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы қаралды. 

Каспий теңізінде балық аулау аумағы ұлғаяды

Сенатор Сағындық Лұқпанов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінің өкілдеріне сауал арнап, Атырау облысының тұрғындары мен балық кооперативтері және шекара қызметі органдары арасында балық аулау аймақтарында орын алатын түсініспеушіліктің түйіні қашан тарқайтынын, заң жобасында балықшылардың мүддесі қаншалықты ескерілгенін сұрады.

"Жобадағы нормалар еліміздің балық аулау саласының дамуына қалай әсер етеді?", – деді депутат.

Сұраққа Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов жауап берді.

"Заң жобасы аясында балықшыларға ешқандай шектеу болмайды. Керісінше балықшылардың мүддесі қорғалады, яғни Каспий теңізінде балық аулау аумағы ұлғаяды. Заңда бұған дейін балық аулауға, теңізге шығуға тек қана күннің жарық кезінде жол берілсе, жаңа құжат аясында өзгеріс енгізіліп, балық аулайтын теңіз құралдарына түнгі уақытта да жүруге рұқсат берілетін болды", – деді
Серік Қожаниязов.

Өз кезегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары-шекара қызметінің директоры Дархан Ділманов мәселенің мән-жайын төмендегідей түсіндірді. 

"Біз бұл мәселені үнемі реттеп отырамыз. Балық аулау шаруашылықтарының пайдасына шешім шығарамыз. 2020 жылы балық аулауға теңізге шығатын Қазақстанның 7 мың азаматы тіркелді. Заң жобасы бойынша балық аулау шаруашылықтары енді тәулік бойы жұмыс істей алады", – деді Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары-шекара қызметінің директоры.

Қанат Махамбет
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу