Коронавирус эпидемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай орын алғандықтан, ақтаулық "Каспий" команданың негізгі ойыншылармен жасалған келісім-шартты тоқтатты.
Әлеуметтік желіде команданың барлық негізгі ойыншыларына бағытталған хат жарияланды. Онда ақтаулық футбол клубы команда футболшыларымен жасалған келісім-шарттың тоқтайтыны жайлы жазылған. Мұндай шешім Қазақстанда 16-наурыз бен 15-сәуір аралығында елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты шығарылды. Хатқа уақытша клуб басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есімов қол қойған.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Премьер-лигасында биыл "Каспий" 2 кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіліс тапты. Қазіргі таңда коронавирустың таралуына байланысты Қазақстанда барлық спорттық іс-шараларды өткізуге уақытша тыйым салынды.
Сонымен бірге, "Ертіс" футбол клубының бапкерлік штабы мен ойыншылары облыс әкіміне хат жазып, жалақыларының 50 пайызы ұсталынатынына наразы екендіктерін білдірді. Ал әлемдік футболға тоқталар болсақ, шотландияның "Хартс" командасы футболшылармен екі жақты келісімге келіп, жалақыны 50 пайызға қысқартты.
Ермұхамед Мәулен