Каспийде балық өсіріле бастады: Өндіріс көлемі жылына 5 мың тоннаға жетеді

349

"Organic Fish" компаниясы биыл қыркүйекте алғашқы 150 тонна тауарлық балық алуды жоспарлап отыр.  

Каспийде балық өсіріле бастады: Өндіріс көлемі жылына 5 мың тоннаға жетеді Фото: Маңғыстау облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің терең сулы бөлігінде торлы әдіспен балық өсіру жобасы алғашқы өндірістік кезеңге шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыстық әкімдікке сілтеме жасап.

"Organic Fish" серіктестігі теңіз аквашаруашылығын дамыту жобасын іске асыруды жалғастыра бермек. Кәсіпорын Каспий теңізінің терең сулы бөлігінде заманауи торлы технологияларды қолдана отырып, бағалы албырт тұқымдас балықтарды өсіруге маманданған.

Алғашқы үш теңіз торы былтырғы жылғы қыркүйекте орнатылды. Әр тордың диаметрі 38 метрді құрайды. Оларға жалпы салмағы 20 тонна болатын 95 мың дана шабақ жіберілді. Өсіру кезеңінде балықтар теңіз жағдайына сәтті бейімделіп, олардың орташа салмағы бастапқы 200 грамнан 1,8–2,5 келіге дейін артты.

– Кәсіпорын алғашқы 150 тонна тауарлық балықты ағымдағы жылдың қыркүйегінде алуды жоспарлап отыр. Өнім ішкі нарыққа бағытталады. Бұл отандық балық өнімінің ұсынысын арттырып, ел ішінде балық өндіру мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді, – делінген хабарламада.

Өндіріс қуатын кезең-кезеңімен арттыру көзделген. Осы жылы учаскелерге тағы 3 теңіз торы орнатылады. Оларды іске қосып, кейін балықтандыру жұмыстарын қыркүйек айының басына дейін аяқтау жоспарланған.

Осылайша, торлардың жалпы саны 6-ға жетеді. Жыл соңына дейін оларға 470 мың дана шабақ жіберу жоспарланып отыр. Шабақтардың орташа салмағы 200–300 грамм болған кезде, жалпы биомасса 114 тоннаны құрайды.

Алдағы уақытта кәсіпорын торлардың санын және өндіріс көлемін кезең-кезеңімен арттырады. Жоспарға сәйкес, 2027 жылы тауарлық балық өндірісінің көлемі 1,3 мың тоннаны құрайды. Ал 2028 жылы өндірісті жылына 5 мың тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.

Каспий теңізінде торлы әдіспен балық өсіру саланың жаңа технологиялық құзыреттерін қалыптастырып, Қазақстанда балықты өнеркәсіптік өндіру көлемін арттыруға жағдай жасайды.

Өндірістің ұлғаюына қарай жоба өңірдегі балық шаруашылығын дамытудың жаңа бағыттарының біріне айналып, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге үлес қосатын болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу