Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады

1192

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан әйелдерін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтады Фото: aqorda.kz

Қымбатты ханымдар!

Баршаңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Сіздер әлемге жылулық пен жарасым сыйлап, жақын жандарыңызды махаббатқа бөлейсіздер. Аяулы аналарымыз өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіріп, оларды еңбекқор, білімпаз болуға тәрбиелейді.

Бүгінде әйелдер қауымының отбасындағы, қоғам өміріндегі және мемлекетті жан-жақты дамыту ісіндегі рөлі орасан зор.

Қыз-келіншектер өндірісте, шығармашылық жолында, саясат, бизнес және басқа да көптеген салада биік белестерді бағындырып келеді.

Мемлекет гендерлік теңдікті сақтауға, әйелдер құқығын қорғауға және отбасы құндылықтарын нығайтуға әрдайым баса мән береді.

Аналарымыз бен аруларымыздың алаңсыз өмірі – ұлтымыздың жарқын болашағының кепілі.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!

Әрдайым көктем күніндей жадырап жүріңіздер!

Айта кетейік, кеше, 7 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысты.

Президент әйелдер қауымын 8 наурыз мерекесімен құттықтап, ұлтымыздың дүниетанымында әйелдің орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы сұлулық пен нәзіктік, мейірім мен шапағат – бәрі де әйелдерден бастау алатынын жеткізді.

"Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз "Жер-ана", "Отан-ана" ұғымдарымен тығыз байланысты. "Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді" дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан "Толық адамға" тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды", – деді Президент.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу