5 сәуірде, "Ақтау – Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы" жылының ашылу салтанаты өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Айтулы іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады.
Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында Ақтау қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануын еліміз үшін ғана емес, барлық бауырлас түркі мемлекеттері үшін маңызды оқиға ретінде атап өтті.
"Шежірелі Маңғыстау, қазыналы Үстірт аймағы тұтас түркі өркениетінің ажырамас бөлігі саналады. Киелі өлкеде ұлтымыздың, жалпы түркі дүниесінің сан ғасырлық рухани мұрасы сақталған. Тарихы тамырлас, дәстүрі сабақтас халықтардың ынтымақтастығын одан әрі нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Осы атаулы жылда бауырластығымызды бекемдей түсетін басқосулар ұйымдастырылып, маңызды шешімдер қабылданады деп сенемін. Түркі мемлекеттерінің ықпалдастығын арттыруға зор үлес қосып жүрген ТҮРКСОЙ ұйымына және осы іс-шараны ұйымдастырушыларға шынайы ризашылығымды білдіремін. Түбі бір түркі жұртының бірлігі нығая берсін!" – делінген хатта.