Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аударды.
– Кейбір "сарапшылар" айтып жүргендей, ел экономикасының жағдайы соншалықты мүшкіл деген пікірмен келіспеймін. Салымыз суға кететіндей күйде емеспіз. Бірақ босаңсуға да болмайды. Иә, экономикада 4,8 пайыздық өсім бар. Үкімет отырысында мұның Қазақстан үшін жеткіліксіз екенін айттым. Үкімет дамудың жаңа даңғылын іздеуі керек. Бұл ретте бизнес қоғамдастықтың рөлі үлкен. Халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік қарыз деңгейін "аса жоғары емес", яғни басқаруға икемді деп бағалап отыр. Қарызды басқару саясаты бекітілген қаржылық шектеулерді қатаң сақтау арқылы жүргізіледі. Кіріс деңгейін арттыру есебінен бюджет тапшылығын азайту көзделген. Бұл мемлекеттің борышын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ ұзақмерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді, – деді Президент.