Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады

1918

Президент әр шаңыраққа құт-береке, шалынған құрбандықтардың қабыл болуын тіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Мемлекет басшысының құттықтауы Ақорданың ресми сайтында жарияланды:

"Құрметті отандастар!

Баршаңызды қасиетті Құрбан айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Асыл дініміз бен салт-дәстүріміздің сабақтастығын бекемдеп, рухани құндылығымыздың ажырамас бөлігіне айналған қастерлі мейрамның күллі мұсылман әлемінде алатын орны ерекше.

Тарихымызбен тамырлас, танымымызбен өзектес Құрбан айт Қазақстан халқын бейбітшілік пен татулыққа, өзара сыйластыққа, береке-бірлікке үндейді. Имандылық пен парасаттылықты, жасампаздық пен мейірімді дәріптеп, жақсылыққа жол ашады.

Бүгінде жалпы адамзатқа ауыр салмақ салып отырған қауіпті індетті жеңіп шығу үшін бізге тас-түйін ауызбіршілік пен темірдей тәртіп қажет. Қазіргідей күрделі кезеңде бір-бірімізге қол ұшын беріп, барымызды бөлісіп, жұртымыздың аман-саулығын ойлап, жауапкершілік танытуымыз аса маңызды. Тілегіміз бір, ниетіміз ортақ болса, мақсатымызға жетеміз. Бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын бұл мерекенің мән-мағынасы да осында екенін баса айтқым келеді.

"Сабыр – сәулетті байлық" дейді халқымыз. Рухы асқақ ел ретінде барлық сынақты еңсеретінімізге сенемін.

Әр шаңыраққа құт-береке тілеймін! Халқымыздың амандығы үшін шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын! Құрбан айт баршамызға жақсылық әкелсін!"

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу