Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

1717

Мемлекет басшысы Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуге жұмыс сапарымен барды

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге жұмыс сапарымен барды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.

"Ертең, яғни, 24 маусым күні Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 13:00-де Қызыл алаңда Жеңістің 75 жылдығына арналған әскери парадқа қатысады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев "Белгісіз солдат" қабіріне гүл шоғын қояды және Жеңістің 75 жылдығына арналған салтанатты қабылдауға қатысады",– деп жазды әлеуметтік желіде Берік Уәли.

Баспасөз хатшысының айтуынша, қазіргі ауыр эпидемиологиялық ахуалға байланысты Мәскеу сапарының алдында Президент жоспарлы түрде коронавирусқа тест тапсырған.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы бұған дейін де медициналық хаттамаға сәйкес, үнемі тексеруден өтіп келеді",– деп қосты Берік Уәли.

Еске сала кетсек, осы жылдың ақпан айында Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин Қазақстанға сапары барысында Қазақстан Президентіне Владимир Путиннің сәлемін жеткізіп, 2020 жылдың 9 мамыр күні Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс күніне арналған шараға қатысуға шақырған болатын. Бірақ пандемияқа байланысты шараны өткізу уақыты кейінге шегерілді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу