Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2879

Мемлекет басшысы Президент сайлауына кандидат ретінде қатысатынын мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: "Жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін"

"Еліміздің жан-жақты дамуы тұрғысында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасының стратегиялық бағдарын жалғастыру үшін мен сайлауға қатысамын", – деді Президент "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде.

Қасым-Жомарт Тоқаев үміт үдесінен шығу үшін қажыр-қайратын жұмсайтынын тілге тиек етіп, Елбасының сенімі мен партияның қолдауы ерекше күш-қуат беретінін баяндады.

"Қазақстан Президенттігіне үміткер етіп ұсынған Елбасыға шын жүректен алғыс айтамын. Мемлекетіміздің негізін қалаған Ұлы тұлғаның маған артқан жауапкершілік жүгін бүкіл болмысыммен сезінемін. Сондықтан сенімге серт беріп, үлкен үміттің үдесінен шығу үшін бар қажыр-қайратымды жұмсаймын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік пен әділет жолын ту етумен қатар қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшін салатынын айтқан Президент: "Тарихтың жаңа тарауын бастаған егемен еліміз тағы бір маңызды кезеңнің алдында тұр. Елбасының парасатты пайымы ел жылнамасында жасампаздықтың жарқын парағын ашты. Осындай аса жауапты сәтте Елбасының сенімі, партияның қолдауы маған ерекше күш-қуат береді. Мен дәстүр сабақтастығын сақтай отырып, игілік және әділет жолын ту етіп, қарқынды дамуды жалғастыруға бар күшімді саламын. Баршаңызға көп рахмет", – деді.

Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Nur Otan"  партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын "Nur Otan" партиясынан ҚР Президенттігіне үміткер ретінде ұсынды. Съезге қатысушылар ұсынысты бірауыздан қолдады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу