Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына Түркияға қатысты тосын құжат қойылмақ

8930

Жобаның құны бастапқыда 100 миллион доллар шығынды қажет етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдына Түркияға қатысты тосын құжат қойылмақ Фото: Ашық дерек көздерінен

Үш ғасыр Орталық Азияны тырнағында бүріп ұстаған Ресейдің тегеуріні әлсірей бастады. Былтыр Украинаға қарсы алапат шапқыншылық жасап, соғыс машинасы майдан батпағына тура және ауыспалы мағынада батып қалғалы, Ресейдің басқаға мойын бұруға мұршасы жоқ.  

Сондықтан енді біздің аймақта Еуропалық Одақ, АҚШ, Қытай және Түркия басымдық алып, өз ықпалын өрістетіп жатыр. 

Еуразия ғылыми-зерттеу институтының байламынша, соның ішінде әсіресе, Түркияның қарқыны ғаламат. 

"Орталық Азия әлемдегі ірі державалар арасындағы артып бара жатқан бақталастығы пен тайталастығы алаңдарының бірі. Ресей Еуразиялық интеграциясын, Қытай "Бір жол–бір белдеу" бастамасын, АҚШ "Жаңа жібек жолы" жобасын тықпалады. Бұған дейін тасада, елеусіз қалып келген дамушы дежавалар да осы аймақта маңызды рөл ойнай бастады. Атап айтқанда, Түркия орталықазиялық мемлекеттердің басты серіктестерінің біріне айналды. Түркия мен ОА арасында барған сайын жаңа өңіраралық және мемлекетаралық байланыстар мен одақтастық тетіктері құрылуда", – деп жазады қазақстандық Еуразия ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары. 
 

Егер экономикалық және сауда қатынастарында көрініс бермесе, мұның бәрі жай сөз болып қалмақ. Ендеше статистикаға жүгінелік. 

Түркия мен Орталық Азия елдері арасындағы алыс-беріс қазіргі ғасыр басында, соның ішінде 2005 жылы 1,8 миллиард долларды ғана құрапты. 

Тарата айтсақ, түрік елімен сауда-саттықта Қазақстан лидер саналады. 2005 жылы Қазақстан бұл елге 559 миллион долларға өнім экспорттап, одан 460 миллион доллардың тауарын тасыған. Украинадағы соғыс қарсаңында, пандемия кезінде бұл көрсеткіш тиісінше 1,2 миллиард және 979 миллион долларды құрады. 

Түркияның Қырғызстанға экспорты 2005 жылғы 90 миллионнан 2020 жылы 416 миллион долларға дейін, Тәжікстанға 47 миллионнан 173 миллионға, Түрікменстанға 181 миллионнан 786 миллион долларға дейін артты. 

Өз кезегінде Түркия Қырғызстаннан сатып алатын импортын 6,5 есеге, яғни 2005 жылғы 14 миллионнан 2020 жылғы 91 миллионға дейін өсірді. Тәжікстанмен байланыс керісінше, тоқыраған: түрік импорты 284 миллионнан 149 миллионға дейін кеміді. Түрікменстаннан түріктер тауар тасуды осы кезеңде 190 миллионнан 319 миллион долларға дейін ұлғайтты. Бірақ 2015 жылы бұл көрсеткіш 557 миллион болғанын ескерсек, мұнда да кері кету тіркелді. Өзбекстаннан өнім тасымалдауды Түркия 2005 жылғы 261 миллионнан 2020 жылы 970 миллионға дейін, яғни 4 есеге жуық өсіре алды. 

Түркия Орталық Азиядан негізінен, мұнай, газ, метал және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алады. 

Дегенмен, ТМД көлеміндегі соғысқа дейін Анкараның біздің аймақ елдерімен сауда-саттығы бірде ілгері, бірде кейін, шатқаяқтаған күйде жүрді. Бүгінде бәрі басқаша. 

Сонымен, 2005 жылы Түркияның ОА елдерімен өзара тауарайналымының жалпы көлемі небары 1,8 миллиард долларды құрағаны айтылды. Қазір ше?

Түркия Республикасының статистика институты (TurkStat) күні кеше өткен жылдың осыған қатысты алдын ала қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, 2022 жылғы қаңтар–қараша аралығында, 11 айда Түркияның Орталық Азияның бес елімен саудасының жалпы көлемі 11,2 миллиард долларға жетіпті. Яғни, 2005 жылдан бері 6,2 есе өскен. 2021 жылмен салыстырғанда 30% көп. 

Осы соманың басым көпшілігі үш елдің еншісінде. Түркияның Қазақстанмен арасындағы тауарайналымы – 4,7 млрд, Өзбекстанмен – 3,3 млрд, Түрікменстанмен – 1,9 млрд долларды құрады. 

Елдеріміздің ынтымақтастығының одан ары өрістуіне тағы бір бастама серпін беруі мүмкін. Оған сәйкес, Түркі инвестқоры құрылмақ.

Ұлттық экономика министрлігі Мемлекет басшысының қол қоюына "Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге қол қою туралы" Жарлығының жобасы қойылатынын хабарлады. 

"Жоба 2022 жылғы 11 қарашадағы Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекет басшыларының 9-шы саммитінің шешімін жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Түркі инвестициялық қорын құру өзара мүдделі салалардағы даму жобаларын қолдауға бағытталған. Бұл жобалар әралуан саланы қамтиды. Оның ішінде цифрлық инфрақұрылым, өнеркәсіптік өндіріс, инфрақұрылым, көлік, ауыл шаруашылығы, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, жасыл экономика, туризм бар. Бұдан бөлек қор өңірішілік сауданы дамытуға, шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыруға, көліктік-логистикалық тізбектерді, сақтау және өндірістік қуаттарды кеңейтуге қолдау көрсетуге, физикалық, өндірістік қорларды құруға және жаңғыртуға ықпал етеді", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. 

Қор толыққанды күшіне енуі үшін 19 наурызда сайланатын жаңа Парламент Мәжілісі тиісті көпжақты келісімді ратификациялауы қажет. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алда Түркі инвестициялық қорын құру туралы келісімге Қазақстан атынан қол қою өкілеттігін еліміздің бас экономисі Әлібек Қуантыровқа береді деп күтіліп отыр. 

Бірақ бұл үшін Қуантыров Ұлттық экономика министрі болып қайта тағайындалуға тиіс. Себебі, келесі аптаның жексенбісінде Үкімет отставкаға кетеді. Содан соң қалыптастырылатын жаңа Үкіметтің құрамына: Премьерден бастап, әрбір министрдің кандидатурасына VIII шақырылған Парламент Мәжілісі келісімін беруі керек. Жаңа депутаттар Қуантыровты жақтырмаса, Мемлекет басшысына басқа кандидатты ұсынуға тура келмек.

Айтпақшы, Түркия да биылғы мамырда жаңа Президентін сайлайды. Іс басындағы көшбасшысы Реджеп Тайып Ердоған былтыр Қазақстанмен арадағы өзара сауда-саттықты алдағы жылдары 10 миллиард, ал Өзбекстанмен арада 5 миллиард долларға дейін ұлғайтуға келіскен. Елдегі оппозицияның ауызбіршілігінің болмай тұрғанына қарағанда Ердоғанның қайта билікке келу мүмкіндігі зор. 

Тіпті басшылық өзгергеннің өзінде түркі елдерінің экономикалық, сауда байланыстары алда тек нығая беретінге ұқсайды.

Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан бастапқыда Түркі инвестициялық қорына республикалық бюджеттен жалпы сомасы 100 миллион АҚШ долларын (шамамен 46 млрд теңге) аудармақ.

Бақыт Көмебайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу