Жаңа базаны Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының Аэроғарыш күштері таныстырған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Иранның мемлекеттік телерадиокомпаниясы IRIB онда баллистикалық және қанатты зымырандар орналасқанын мәлімдеді.
Бұл зымырандардың кейбірі Израильмен және АҚШ-пен болған 12 күндік және 40 күндік соғыстар кезінде қолданылған.
Мұнан бөлек, IRIB Иран зымырандарының ұшу қашықтығына қатысты шектеулерді алып тастағанын жария қылды. 7 қараша күні Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы өкілі Хосейн Мохебби елдің баллистикалық зымырандарының ұшу қашықтығына қойылған 2 мың шақырымдық шектеу алынғанын мәлімдеген болатын. Десе де, Иранның бұдан да алыс қашықтыққа ұша алатын зымырандары бар екені ресми түрде расталмады.
Зымыран базасын таныстыру рәсімінде Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Әли Абдоллахи ел мен оның қарулы күштері қарсыластарының әскери әлеуеті мен ресурстарына қарамастан, шешімдерді өз бетінше қабылдайтынын айтты.
Ал Иран Ислам революциясы сақшылар корпусы Аэроғарыш күштерінің қолбасшысы Сейед Маджид Мусави қарсыластарын Иранға қарсы әрекет жасамауға үндеген. Ол кез келген дұшпандық қадамға қатаң түрде жауап берілетінін ескертіп отыр.
Жаза кеткен жөн, 2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Тегеранға және Иранның өзге де қалаларына бірлескен соққы жасаған-ды. Жауап ретінде Иран Израиль мен аймақтағы америкалық әскери нысандарға бірқатар зымыран және ұшқышсыз аппаратпен шабуыл жасап, Ормуз бұғазындағы бақылауын күшейтті.