Катар қаржы құяды

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
19174

Таяу Шығыстың ірі құрылыс компаниясы Алматының жылжымайтын мүлік және қонақ үй бизнесі саласындағы жобаларына қызықты.

Катар қаржы құяды

Катар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы, Al Faisal Holding компаниясының басқарма басшысы шейх Фейсал бен Касим Әл-Тани бастаған делегация Алматы, Астана қалаларындағы инвестициялық жобалармен танысты.

Алматыда өткен кездесуде шаһар басшысы Бауыржан Байбек инвесторларға Алатау ауданындағы индустриалды аймақ пен арнайы экономикалық аймақтың әлеуетін әңгімеледі.   

Қос тарап туризм және жылжымайтын мүлік саласына қатысты екіжақты инвестициялық байланысты дамыту мәселесіне ерекше назар аударды.

Катардың Gettco Construction Division атты ірі құрылыс компаниясы алматылық компаниялар ұсынған коммерциялық жылжымайтын мүлік және қонақ үй бизнесі саласындағы жобаға қызығушылық танытты. Ал қазақстандық Eurasia холдингі катарлық инвесторларға металлургия мен ауылшаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларын таныстырды. Бұған қоса кездесуде Катар кәсіпкерлері делегациясының құрамындағы AlSawari компаниясына Алматы қаласының жанынан парк салу жобасы ұсынылды. Инвесторларға Алматы облысының ұлттық табиғи қорығында орналасқан "Табаған" спорттық-сауықтыру кешенін жаңғыртып, туристерге қыста  тау шаңғысын, сноуборд, коньки, жазда квадроцикл, велосипед ұсынуға болатыны баяндалды.

Айта кетейік, "Табаған" спорттық-сауықтыру кешенінің ауданы 55 мың гектар аумақты алып жатыр. Бұл жер тәулігіне 5 мың турист қабылдай алатын әлеуетке ие.

"Алматы жедел дамып келе жатқан мегаполис, мұнда инвестиция үшін көп мүмкіндік бар. Қала тау етегіне орналасқан, ғажап климат, ерекше мәдениет, сондықтан біз туризм мен жылжымайтын мүлік саласына қызығушылық танытып отырмыз. Алматыдан соң әріптестерімізбен бірге Астанаға барамыз, сапар қорытындысында нақты келісімге қол жеткіземіз деп үміттенеміз", – деді шейх Фейсал Бен Касим Аль-Тани кездесуде сөйлеген сөзінде.  

Оның айтуынша, Катар бизнес-делегациясы Алматы, Астана қалаларына жасаған сапарларынан соң барлық ұсынысты ой елегінен өткізеді. Мүмкіндіктер мен тәуекелдерді саралайды. Осыдан соң нақты шешім қабылдап, бизнес үшін тартымды болған жобаға қаржы құяды.

"Қазақстанның өзге де өңірлерін аралауды жоспарлап отырмыз. Біз өңірлердің инвестициялық мүмкіндігі қандай екенін білуіміз керек. Дәл қазір шешім қабылдауға ерте. Барлығын уақыт көрсетеді", – деді Катар кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы.

Айта кетейік, Al Faisal Holding – Катар экономикасына қомақты үлес қосып отырғанірі холдинг. Ол Таяу Шығыстағы жетекші коммерциялық құрылым болып табылады. Катар бизнес-делегациясы Қазақстанға өткен айда Дохада Kazakh Invest өкілдерімен кездескеннен кейін келіп отыр.

Айтпақшы, Катарлық бизнес-делегация елорда да Kazakh Invest АҚ басқарма төрағасы Сапарбек Тұяқбаевпен кездесті. Шетелдіктер туризм, мұнай-химиясы және металлургия салаларындағы жобалардың жай-жапсарын білді.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу