Қатар: шағын ғана әмірлік қалайша әлемдік чемпионат қожайынына айналды?

2136

Өткен ғасырдың ортасына дейін балықшылықпен күнелткен жұпыны ел, бүгінде қара жұмыстың бәрін өзгеге істетіп, дүниежүзілік футбол матчтарын қабылдауға жүздеген миллиард доллар жұмсап отыр. 

Қатар: шағын ғана әмірлік қалайша әлемдік чемпионат қожайынына айналды? Фото: АР агенттігі

Қатарда шамамен 2,9 млн адам тұрады. Бірақ соның аз бөлігі - оннан бірі ғана - ​​жергілікті азаматтар. Бұл мемлекет табиғи газдың әлемдегі ең ірі қорларының бірін иеленіп отырғандықтан, қатарлықтар орасан байлық пен артықшылықтарға ие.

Араб түбегінің шығысындағы шағын ғана ел Парсы шығанағына дейін созылып жатыр. Мұнда Қатар мен Иранға ортақ дүниедегі ең үлкен суасты газ кеніші – Солтүстік кеніш орналасқан. Ол әлемдегі анықталған табиғи газ қорының шамамен 10 пайызына ие.  

Мұнай мен газ 50-жылдық тарихы бар елді таңғажайып байлыққа кенелтіп, әрі ықпалды мемлекетке айналдырды. Бірнеше онжылдықта Катардың 300 000-ға жуық азаматы азабы мол балықшылық пен маржантас жинап күнелтуден құтылды.

Бұл ел қазір табысты ұлттық әуе компаниясымен мақтана алады. Сонымен қатар, Қатар - халықаралық транзиттік хаб және әйгілі Al Jazeera панарабиялық телекомпаниясымен танымал. Бұған қоса, Қатарда АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең ірі әскери базасы шоғырланған, әрине, тегін емес.

Қатар экономикасы қандай және бұл кішкентай ғана әмірлік футболдан Әлем чемпионатын өткізуге соншалықты көп қаражат жұмсайтын дәрежеге қалай жетті? Бұл сауалдарға қысқаша жауаптар төмендегідей:

Қатардың экономикалық қуаты

Қатар тайпалары бұрын күнкөріс үшін маржантас іздеп суға сүңгіді, балықшылықпен жан бақты. Парсы шығанағының басқа бөліктеріндегідей, бұндағы халықтың да өмірі қатал әрі жұпыны еді. Алайда 20-шы ғасырдың ортасында мұнай мен газдың табылуы Араб түбегіндегі тіршілікті бірден өзгертті.

Әлемнің көп бөлігі қазір рецессиямен, инфляциямен күресіп жатқанда, Қатар мен Парсы шығанағындағы басқа да энергия өндіруші араб елдері қымбаттаған көмірсутегінен мол пайда көріп отыр.

Халықаралық валюта қорының болжамынша, биыл Қатар экономикасы шамамен 3,4%-ға өседі.

Әлем чемпионатына дайындалуға қыруар шығын кетеді. Соған қарамастан, Қатардың өткен жылғы табысы, жұмсағанынан әлдеқайда асып кеткен. Сондықтан мұндағы бюджеттік профицит 2022 жылы да жалғасып жатыр. Қатардың байлығы әрі қарай да өсе бермек. Өйткені бұл ел 2025 жылға дейін табиғи газ экспорттау мүмкіндігін кеңейтуді жоспарлап отыр.

Қатардың әлем чемпионатына жұмсаған қаражаты

Ресми мәлімдемелер мен Deloitte компаниясының есебіне сәйкес, Қатар 20 қарашада ашылып, бес аптаға созылатын Әлем чемпионатын өткізуге өтінімді жеңіп алғаннан бері инфрақұрылым мен басқа да даму жобаларына шамамен 200 млрд доллар жұмсады.

Осының шамамен 6,5 миллиарды турнирлерге арналған сегіз стадионның, соның ішінде әйгілі сәулетші Заха Хадид жобалаған "әл-Джануб" стадионының құрылысына кетіпті.

Сондай-ақ, матчтар қарсаңында метро желісін, жаңа әуежайды, жолдарды және басқа да инфрақұрылымдарды салуға миллиардтаған қаржы шығындалды.

Лондонда орналасқан Capital Economics компаниясы билеттер сатылымына қарап, әлем чемпионаты кезінде Қатарға шамамен 1,5 млн турист барады деп болжап отыр.

"Егер әрбір келуші 10 күн тұрып, күніне 500 доллар жұмсаса, бір келушінің шығыны 5000 долларға жетеді", - дейді британдық зерттеушілер.

Осының нәтижесінде биыл Қатар экономикасы 7,5 млрд долларға өсуі ықтимал. Дегенмен, кейбір жанкүйерлер жақын маңдағы Дубайда және басқа жерлерде тұрып, тек матчтарға ұшып баруы мүмкін.

Қатарлықтар үшін ғажап артықшылықтар

Парсы шығанағындағы мұнайға бай басқа елдер сияқты Қатар да демократиялық мемлекет емес. Мұнда шешімдерді билеуші әт-Тани отбасы мен оның таңдаулы кеңесшілері қабылдайды. Ал, қарапайым азаматтар елдегі негізгі саяси мәселелер бойынша дауыс құқығына ие емес.

Дегенмен, үкімет азаматтардың билікке бағыныштылығын және әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету үшін жергілікті халыққа үлкен жеңілдіктер ұсынып келеді. Мәселен, Қатар азаматтары салықсыз табыс таба алады және де оларға жалақысы жоғары мемлекеттік қызметтер беріліп, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Университеттік білім де тегін. Бұған қоса, жас жұбайларға қаржы және тұрғын үй жағынан жәрдем беріліп, коммуналдық шығындарды жабуға ғажап субсидия қарастырылған. Сондай-ақ қатарлықтар үшін зейнетақы да жоғары.

Елде жүргізуші, күтуші сияқты қызмет көрсету саласындағы жұмыстар мен Қатарды заманауи дәрежеге жеткізген ауыр құрылыс жұмыстарын шетелдіктер істейді.

Қатардың мигранттық жұмыс күші

Елдің еңбек жайлы заңнамасы мен жүздеген мың мигрантқа, негізінен Үндістаннан, Бангладештен, Пәкістаннан, Шри-Ланкадан, Непалдан және Оңтүстік Азияның басқа да елдерінен келгендерге қатынасы жіті назарға ілігіп отыр. Бұл адамдар еңбек лагерлеріндегі ортақ әрі тар бөлмелерде тұрады және де тәулігіне бірнеше сағат қана демалып, жұмыс істейді, тіпті кейбіреулері жылдар бойы үйлеріне бармайды, отбасыларын көрмейді. Оның үстіне, жұмыстарында қауіп жиі кездеседі.  

Дегенмен, адам құқығын қорғау ұйымдарының айтуынша, Қатар еңбек заңнамасын жетілдіре отырып, мысалы, 2020 жылы ең төменгі жалақыны шамамен 275 доллардан түсірмеуге келісіп, жұмысшылардың жұмыс ауыстыруына немесе олардың жұмыс берушілердің рұқсатынсыз елден кетуіне кедергі келтірген "кафала" жүйесін жойған.

Алайда, Human Rights Watch Қатарды әлем чемпионатына қатысты жобаларда жұмыс істеп жүріп, жарақат алған, қайтыс болған және жалақысы ұрлаған мигранттарға төленетін өтемақыны жақсартуға шақырып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу