Қатардағы чемпионат емес

1589

Қатар елінде өтіп жатқан Әлем чемпионаты несімен ерекше? Inbusiness.kz тілшісі оқиға орнынан баяндайды.

Қатардағы чемпионат емес

Қатар Әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болғанда көптеген футбол федерациялары таң қалысты. Бұл қалай деп? Өзі футболды керемет жақсы көретін ел емес, футбол командалары керемет нәтижелерге қол жеткізіп жатқан жоқ. Онда оларға бұл біріншіліктің не керегі бар дейсіз ғой? Тіпті Қатар 2022 жылғы мундиальді жеңіп алғаннан кейін ФИФА басшылығының біршамасы тергеуге алынып, пара алуы ықтимал деген күдікпен ұсталды. Бірақ, амал жоқ, чемпионатты 11 жыл бұрын жеңіп алған мемлекеттің қазір осы жарысты өткізіп жатқан жайы бар.

Қатар шейхтері соңғы кездері футболға қатты қызығып жатыр. Олардың ірі компаниясының бірі алдымен Бельгияның "Эйпен" деген клубымен келісімге отырады. Сосын, Шейх Мансұр әл-Халаифи ПСЖ командасын түгел өз қарамағына алды. Ал Қатар мемлекетінің атын әлемге шығарып жүрген "Qatar Airways" компаниясы "Барселона" футбол клубының бас демеушісі. Англия жеріндегі клубтарға да олардың тікелей қатысы бар екенін "Манчестер Сити" фанаттары жақсы біледі. "Qatar Fondation" компаниясының атын да көзіқарақты жанкүйерлер әлемнің бірнеше мықты клубының жейдесінен тамашалаған да шығар.

Әлем футболының тарихында болмаған сомаға чемпионат өткізіп жатқан Қатар мемлекеті болашақты ойлап отыр. Біріншіден мұндағы стадиондар осы мемлекеттің құнды жәдігері болып қалады. Инфроқұрылым пайда болып елде осы спорт түрін кеңінен насихаттауға мүмкіндік туады. Одан бөлек бұл стадиондарды өзге де мақсаттарға пайдалануға болады. Әлем чемпионатының арқасында Қатар деген мемлекетті бүкіл жер жаһаны естіді. Жарыстың жарнамасы шартарапты шарлап кеткені айдан анық. Мұнда салынған қонақүйлер мен демалыс орталықтары қазірдің өзінде миллиондаған адамды қабылдап жатыр. Чемпионат аяқталған соң бұл қызмет көрсету орталықтарының бағалары күрт арзандап, қалың нөпір турист қабылдауға дайындалады. Себебі, туризм саласы соңғы жылдары өте көп пайда әкелетін салаға айналып отыр. Қатар шейхтері ел болашағын қазірден бастап ойлап отыр. Мұнай бағасы арзандап немесе оның  қоры таусылған күні Қатар азаматтары қиын жағдайға түсіп қалмас үшін, сол мұнайдан қалған ғимараттар мен туризм базасына айналған инфроқұрылым керек.

Қатардағы футбол тойы мемлекет үшін сол үшін қажет. Ғаламат жарнама мен инфроқұрылымға кеткен қаржы әлі-әзір өзін ақтамасы анық. Демек, бұл болашақтың жобасы деп қабылдаңыз. Сол үшін Қатар мемлекеті бұл мундиальді өткізу құқығына қатты таласты. Алайда, жергілікті билік араб елдеріне тән ұстанымдардан тайынбады. Ислам дінінің негізгі қағидаттары тапталмауын қадағалады. Әлемнің әр түкпірінен келген жанкүйерлер сыра ішіп, қыз-қырқынға қырындай алмайды. Бір жыныстылардың махаббатын жарнамалауға тыйым салынған. Аргентина мен Бразилиядан келген жанкүйерлер дегенімен өз деңгейлерінде карнавал ұйымдастырып, ырымын жасап жүр. Сырасыз футбол қарай алмайтын Мексика жанкүйерлері өзге бір әлеимге келгендей таңырқап жүр. Трибуна былай тұрсын, стадион аумағында темекі тартуға да тыйым салынған. Еуропалық фанаттар оған да көндіге бастады. Жалпы алғанда, 2022 жылғы Әлем чемпионаты қатардағы біріншіліктер секілді емес, өзгеше өтуде.

Ермұхамед Мәулен

Доха, Қатар мемлекеті. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу