Теннисшілер жұбы жеңіске жетті

1999

"Australian Open" қазақстандық теннисшілер үшін қалай өтіп жатыр?

Теннисшілер жұбы жеңіске жетті

Қазақстандықтар Александр Бублик пен Андрей Голубев жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚТФ баспасөз қызметі. Қазақстандық жұп алғашқы айналымда италиялық Сальваторе Карузо – фин Эмил Руусувуоримен күш сынасты. Бірінші партия тағдыры тай-брейкте қазақстандықтардың пайдасына шешілді – 7:6 (8:6). Бублик пен Голубев екінші сетте де есесін жіберген жоқ – 7:5. Бәсеке 1 сағат 30 минутқа созылды. Қазақстандық жұп екінші айналымда осы "Үлкен дулыға" турнирінің 1-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль – Роберт Фарахпен шеберлік байқасады.

Әлемнің 28-ракеткасы Юлия Путинцева екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 67-орында тұрған бельгиялық Элисон Ван Эйтванкпен шеберлік байқасты. Қарсыластар бұған дейін үш мәрте кездесіп, бәрінде де Юлия жеңіске жеткен болатын. Бірінші партияда есеп 3:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4. Есесіне екінші сетте бельгиялық спортшы брейкпен алға шықты – 2:0. Тағы бір брейк – 4:0. Ақыры ол сол басымдылығын сақтап қалды – 6:1. Үшінші, шешуші партияда қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:1. Ақыры ол матчты тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:2. Тартысты бәсеке 1 сағат 55 минутқа созылды.

Путинцева үшінші айналымда әлемнің 5-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе рейтингте 48-сатыдағы АҚШ-тың жас жұлдызы, 16 жастағы Кори Гауффтың біреуімен кортқа шығады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу