Қателесетін қорғаныс, сылбыр қимылдайтын шабуыл

4279

Қазақстан Кипр құрамасына өз алаңында жеңілді. Кім жауапты, кінәні кім мойнына алады?

Қателесетін қорғаныс, сылбыр қимылдайтын шабуыл

"Астана Аренада" Қазақстан құрамасы жақсы өнер көрсетеді, ойындарын жеңілмейді деген қағиданың беріктігіне балта шабылғандай болды. Себебі ешқандай букмекерлік кеңсе, сараптау орталықтары Кипр командасы Қазақ елінің бас командасын Нұр-Сұлтан қаласына келіп тұрып жеңеді деп ойламаған. Оның үстіне алғашқы ойында отандастарымыз Кипр аралына барып тең ойнап келді. Өз алаңымызда жеңіске жетеміз деп топшылағанымыз өтірік емес еді. 

Бірінші таймның соңғы он минутын Қазақстан футболшылары керемет өткізді. 34-минутта Темірлан Ерланов есеп ашып, жанкүйер көңілін шат-шадыман қылды. Екінші таймның да басым бөлігін шабуылда өткіздік. Құрамамыз қайта-қайта шабуылдап, қарсыласты қақпасына тықсырды. Бірақ қорғаныстағы Ян Вораговскийдің шаршағаны байқалды. Соның қателігінен қақпамызға бірінің артынан бірі екі гол енді. Бас бапкер Михал Билек бұл ойыншының орнына Абзал Бейсебековты шығарады деп күткен едік, болмады. Шабуыл шебіндегі Сергей Хижниченконың қимылдары тым сылбыр болды.

Жеңіп тұрған матчты бас-аяғы 15 минуттың ішінде түбегейлі жеңіле салу қазақ жанкүйерлеріне ауыр тиді. Команда футболшыларының да жай-күйі белгілі. Дегенімен бас бапкердің ойыншыларды дер кезінде шығармай, кешеуілдеткенінің себебін ешкім түсінбеді. Әлбетте, команданың жеңілісіне бірінші кезекте чех маманы Михал Билек жауап беретіні анық. Алайда бар жауапкершілікті Исламбек Қуат өзіне алды.

Топ ішінде 3-орынға таласамыз деген болжамымыз бордай тозды. Енді Бельгиямен, сонымен қатар сыртта Шотландиямен болатын матчтарда ұпай алу қиынның қиыны. Негізгі бәсекелес Кипрден жеңілуіміз құрама командамыздың аспандап тұрған армандарын жерге бір-ақ түсірді. Қателесе беретін қорғаныс, сылбыр қимылдайтын шабуылмен ұзаққа бармасымыз анық.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу