Петропавл қаласындағы үш қолы бар ата-ана бейнеленген баннер желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Баннердегі ерекшелікті желі қолданушыларының бірі байқаған. Суреттен ата-ананың үш қолы бар екенін байқауға болады.
"Бұл баннер Ульянов көшесіндегі 59 және 61 үйлердің арасында орналасқан. Дизайнер қағаз жүзінде болған сияқты, бірақ маман мұндай қателікке жол бермес еді", – деп жазды Threads қолданушысы.
"Мой город" басылымының жазуынша, Петропавл әкімдігі оқиғаға байланысты түсінік берген. Қала билігі бұл билбордтың тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қолдау орталығының жанына ілінгенін мәлімдеді.
"Бұл – қателік емес, автордың көркемдік тәсілі. Дизайнер осы арқылы отбасыны қорғау мен оның көпміндеттілігі идеясын көрсеткісі келген. Автордың көркемдік ойы екіұшты қабылданғандықтан, баннерді алып тастап, жаңасына ауыстыру туралы шешім қабылданды", – делінген хабарламада.