Қатерлі ісікті жеңген кішкентай чемпиондар спортты бағындырмақ

1680

Астанада ІІ Республикалық чемпиондар ойындары басталды. Еліміздің түкпір-түкпірінен 150 бала спорттың 10 түрінен бақ сынайды, деп жазады inbusiness.kz.

Қатерлі ісікті жеңген кішкентай чемпиондар спортты бағындырмақ Фото: inbusiness.kz

Қазақстанда жылына орташа есеппен 600 бала қатерлі ісікке шалдығады. Медицинаның қарқынды дамуы мен технологиялардың жетілуінің, ата-ананың қамқорлығының арқасында сол балалардың 60-70%-ы онкологияны жеңіп шығады. Ал сондай өмірлік сынақтан сүрінбей өтіп, чемпион атанғандарды ары қарай қолдау, демеу болу бөлек әңгіме. Себебі ота жасалып, химиялық терапиядан өткен балалар тұрақты медициналық көмек пен психологоялық жәрдемге мұқтаж. 

Кішкентай батырларды қалыпты өмірге тартып, оларға психологиялық қолдау көрсетудің түрлі жолдары мен амалдары бар. Соның бірі – балаларды спортқа баулу, өзі сияқты бүлдіршіндермен танысуға мүмкіндік беретін, жақсы көңіл-күй сыйлайтын орта қалыптастыру. Дәл осы мақсатпен 2019 жылы алғаш Республикалық чемпиондар ойындары өткізілді. Коронавирус пандемиясы кезіндегі шектеулерге байланысты бұл бастама уақытша тоқтап, биыл ғана қайта қолға алынды. II Республикалық чемпиондар ойынына еліміздің түкпір-түкпірінен 150 бала қатысып, спорттың 10 түрінен бақ сынады.

"Аталмыш спорттық шара қатерлі ісік ауруын жеңген балаларға арналып ұйымдастырылды. Бүгін Астанада өтіп жатқан додаға еліміздің жер-жерінен 150 бала келіп отыр. Олар спорттың 10 түрінен сайысқа түседі. Тоғызқұмалақ, асық ату сынды ұлттық ойындар, белсенді спорт түрлері – барлығы қамтылды. Мұндай спорттық сайыс – қоғамдық-психологиялық оңалту шараларының бірі", - деп түсіндірді "Ана мен бала" орталығының педагогика-психологиялық көмек бөлімінің жетекшісі Ләйлә Түсіпбаева.

Ойындардың ашылу салтанатына бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қолдап еліміздің белгілі тұлғалары, спорт жұлдыздары келді. Танымал актер Асқар Ілиясов, рекордсмен Сергей Цырульников, спорт жұлдызы Серік Сәпиев спорттық доданың шымылдығын ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. 

"Мен бүгінгі айтулы оқиғаның куәгері болғаныма өте қуаныштымын. Сіздер мені, басқа да спортшыларды жеңіске ынталандыратын нағыз батырсыздар. Осындағы балалардың көбін танимын, себебі біз олармен жиі жүздесіп тұрамыз", - деді Сергей Цырульников.

Сөз соңында рекордсмен әлемде сәттілік нышанына айналған тағаны майыстыру арқылы одан жүрек жасап, оны бәрімізге белгілі дәрігер Юрий Владимировичке ұсынды.  

"Чемпиондар ойыны – спорттық сайыс қана емес, онкология берілмес қамал еместігін көрсететін бірегей шара. Бүгін жеңіске жеткендер мен жеңілгендер болмайды. Себебі мұндағы әр бала – чемпион. Қатерлі аурудың бетін қайтару бала тұрмақ, үлкен кісілерге үлкен сын. Сондықтан бүлдіршіндерді және олардың ата-аналарын тағы бір мәрте құттықтаймын!" - деді дәрігер.

Ашылу салтанаты аяқталғаннан кейін спорттық сайыстар басталып кетті. Бірінші күні балалар жеңіл атлетика мен жүзуден сынға түсті. Спорт алаңына жиналған қатысушылар 6 топқа бөлініп, командалық бәсекеге кірісті. Қарағандыдан арнайы келіп, чемпионатқа екінші мәрте қатысып отырған Сания кішкентай болса да, белсендігімен көзге түсті. 

"Мен осымен чемпионатқа екінші рет келіп отырмын. Мен бұрын гимнастика мен биге барып жүрдім, қазір жүзуге қатысамын, сондықтан спортқа жақынмын десем болады, алайда менің мақсатым – жеңіске жету емес, менімен бір палатада емделген достарыммен жүздесу, басқа балалармен танысу", - деп өз ойын білдірді Сания. 

Спорттық шараның лайықты деңгейде өтуі үшін 100-ден астам еріктілер таңдалып, Қазақстан спортшылар одағы сынды ұйымдар қолдау көрсеткен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу