19 қыркүйекте Қатонқарағай ауданына қарасты Кішінарын ауылының тұрғыны сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен Өскемен қаласының инфекциялық ауруханасына санитарлық авиациямен жеткізілді. Дәрігерлер 47 жастағы ер адамның өміріне араша түсе алмады. Науқас 21 қыркүйекте ауруханада көз жұмды.
Бір апта бұрын ол бұзау сойған. Оның жарты етін сатып, жарты етін туыстарына таратып берген. Жүргізілген зерттеуге сәйкес, бұзау етін шамамен 40 адам жеген және 13 адам сатып алған. Қазір олардың барлығы бақылауға алынып, медициналық тексерістен өтіп жатыр.
"Мал сойылған жер зарарсыздандырылып, желінбеген 37,1 келі ет өртелді. Медицина қызметкерлері ауру малдың етін тұтынған адамдарды антибиотикпен емдеп жатыр. Барлық үйге және мал сойылған жерге дезинфекция жасалды", – деді облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті жетекшісінің орынбасары Гүлайым Тағаева.
Маманның мәлімдеуінше, эпидемияға қарсы шаралар тиісінше атқарылып жатыр. Ірі қара малды вакцинациялау басталып кетті.
"Қайғылы оқиға байланысты облыс әкімінің орынбасары төрағалық ететін арнайы комиссия құрылды. Қатонқарағай ауданында 21 қыркүйектен бастап карантин жарияланды. Қауіпті дерттің таралуына тосқауыл қою үшін түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өкінішке қарай, дәрігерлер сібір жарасын жұқтырған азаматты өлімнен алып қала алмады", – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова.
Есімжан Нақтыбайұлы