Қауіпсіз әрі қолайлы мектеп автобусы туралы арман

Инна Мамонтова Инна Мамонтова
19230

Қауіпсіз әрі қолайлы, әлемдік деңгейдегі мектеп автобусы ата-аналардың көптен күткен армандарының бірі.  2017 жылы Астанада School Bus жобасын енгізу жоспарланып отыр. 

Қауіпсіз әрі қолайлы мектеп автобусы туралы арман

"Астана қоғамдық көлік саласындағы School Bus жобасы оқушыларды барлық талаптар мен стандарттарға сай арнайы автобустарда тасымалдаудың қауіпсіз және қолайлы жүйесін құруға бағытталған",- деп мәлімдеді Астана-LRT басқармасы abctv.kz  порталына берген түсініктемесінде.

Жобаны енгізу 2017 жылға жоспарланған көрінеді. Қазіргі уақытта жоба дайындалу үстінде. Нормативтік-құқықтық актіге өзгертулер мен толықтырулар енгізуге қатысты ұсыныстар дайындалуда.

Жобаны жүзеге асыру барысында астаналық оқушылардың ата-аналары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Зерттеу натижесінде мамандар оқушы тасымалдайтын автобустағы жолаушылар легі бір күнде 25 мыңнан артық болатынын анықтады.

Мектеп автобусының бағдары үйден мектепке дейін және мектептен үйге дейін болмақшы. "Оқушыларды тасымалдаудың заманауи форматын енгізуге қала мектептері толығымен дайын. Сараптама қортындысы бойынша School Bus жобасын енгізуді ата-аналар мақұлдайтыны байқалды", - дейді Астана LRT басқармасы төрағасы Талғат Ардан. 

Дәл қазір бас қалада оқушы тасымалдаумен тек жекеменшік мектептер ғана мақтана алады. Қалған оқушы қоғамдық автобуста немесе ата-анасының көлігімен жүреді. Соңғы жылдары Астанадағы автокөліктің саны айтарлықтай көбейді, ал бұл көлік кептелісіне және қала жолдарындағы өткізу қабілетінің төмендеуіне әкелді. Ал автокөліктің ең көп жиналатын жері жалпы білім беретін мектептердің төңірегі болып тұр.

"Қазір Астана қаласында 94 жалпы білім беретін мектепте 117 мың бала мен жасөспірім оқиды. Оқушылардың 34%-ы мектепке жекеменшік көлікпен келеді. Бұл факт қала жолдарының қым-қуыт уақытта бос болмауының басты себептерінің бірі болып табылады. Оқушылардың тек 11,3%-ы ғана қоғамдық көлікпен жүреді",- дейді Астана LRT басқармасы.

Бүгінгі таңда балаларды тасымалдау бойынша барлық талаптарға сай қызмет көрсететін бір-ақ компания бар, ол – "Скулбас" ЖШС-і. Оларда осы мақсатқа негізделген арнайы автобустар бар. Автобус Қытайдан сатып алыныпты. Автобуста жолаушылардың қауіпсіздік белдігі, қосымша жылыту жүйесі және қосалқы есік бар. Мұның барлығы "Балаларды тасымалдау туралы" ҚР заңының талаптарына сай келеді. "Біз Астана қаласында үш жыл жұмыс істедік. Тәжірбиеміз де бар", - дейді "Скулбас" ЖШС басшысы Альберт Ни.  

Мысалы, бұрын Назарбаев зияткерлік мектебінің ( НЗМ) оқушыларын екі қатынап, яғни сағат 8.00-де және 18.00-де апаратынбыз. Бірақ, кейін белгілі болғандай, мұндай кесте оқушыға қолайсыз болды. Қазір үш қайтара жүреміз. Бізде арнайы бағдарлама бар, онда неше оқушы бар және үйіне нешеде апаратыны туралы ақпарат көрсетілген.

Оқушыларды бір-ақ рет апаруды қажет ететін мектептер бар. Мысалы, оқушыларды 17.00-де ғана алып кету керек деген сияқты. Фирма басшысының мәлімдеуінше, оларда ешқандай мемлекеттік ықпал жасау деген жоқ. Ата-аналар келісім-шартты өздерінің қалауы бойынша жасайды.

"Біз жүргізушілерге ерекше талап қоямыз. Өйткені, олар балалармен жұмыс істейді. Жұмысқа тек қалада тіркелген, жасы 40-тан асқан, отбасы, баласы бар адамды ғана аламыз. Барлық ақпаратты тексереміз. Мысалы, жұмысқа тұратын адам сотталмағанымен да, құқық қорғау органдарында тіркелген жағдайы болу мүмкін. Жүргізушілік тәжірбиесіне де қараймыз. Егер жұмысқа тұратын адамның жылдамдықты асырғаны үшін айыппұлдары болса, онда ондай адамды жұмысқа қабылданбайды. Жүргізушілер сапарға шығар алдында міндетті медициналық тексерістен өтеді. Механик көлікті күніне екі рет тексереді", - деді Альберт Ни.

Оқушыларды тасымалдау қызметі арзан емес, ата-аналар ай  сайын 20-25 мың теңге төлейді. ЖЖМ бағаларының өсуіне байланысты "Скулбас" ЖШС-нің қызметі қымбаттауы мүмкін деп мәлімдеді компаниядағылар. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу