Қауіпті індет Қазақстанның барлық өңірін жайлады: қалай қорғану керек?

3571

Бұл аурумен ауырған балалар да ақыл-есін жоғалтуы мүмкін.

Қауіпті індет Қазақстанның барлық өңірін жайлады: қалай қорғану керек? Фото: @avcvolley

Қазақстанда қызылшаға қатысты ауыр эпидемиялық ахуал қалыптасып жатыр. Бұған тіпті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы назар аударып, алаңдаушылық білдірді. 

Елде күн сайын қызылшаны кем дегенде 300 адам жұқтырады. Адам баласы таралуына сол бойы тосқауыл қоя алмаған осы дертпен республикада 20 мыңнан астам адам сырқаттануда. Салыстырсақ, елде коронавирус пандемиясы өршіп, халықтың иммунитеті әлсіреген 2000 жылдың өзінде қызылшамен ауырудың 3 270 дерегі тіркелген еді.

USAID (Американың халықаралық даму агенттігі) вакциналарға қарсы дезинформациямен күрес аясында қазақстандық баланың бастан өткергенін баяндады. Кішкентай Варяны Алексей және Настя балалар үйінен үш жасында асырап алыпты. Сүп-сүйкімді сәбиге бір көргеннен ғашық болғандарын айтады. Созылмалы сырқаты болғандықтан, Варяның иммунитеті әлсіреген екен. Сондықтан әлдекімдер оның ата-анасына ешқандай екпе салғызбауға кеңес беріпті. Салдарынан қызылшаға қарсы вакцинаны да еккізбеді. 

Бүгінде Варя – оқушы. Бірде мектебіне жиналып жатқанда ол аяқтарындағы қызыл ноқаттарға назар аударады. Настя мен Алексейдереу оны ауруханаға апарған. Варяға “аллергиялық реакция” деген диагноз қойылып, тиісті емдеу тағайындалды. 

Бірақ баланың дене қызуы 40 градусқа дейін күрт көтерілгенде,қосымша тексерту үшін инфекционистты шақыртады. Маман мұның геморрагиялық васкулит (Шенлейн-Генох ауруы) екенін, оған қызылша себеп болғанын анықтады. Балдырған шұғыл түрде жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылды. 

Варя ауруханада алты жарым апта жатты. Осы кезде оның айналасы қызылшамен ауырған балаларға және ересектерге толған. Алғашқы он күнде Варяның дерті меңдеп, қатты ауырды. 

"Мұны ешқашан ұмыта алмайтын шығармын. Баланың безгегі ұстап, қызулап, "жанып" жатты. Түні бойы ауырсынып, жылап шығатын. Өзімді дәрменсіз, шарасыз сезіндім", – деп қамыға еске алады Настя. Варя тамақты зордың күшімен жұтып жүріп, азып, арықтап кетті. Ақыр соңында небары 17 келі салмағы ғана қалған. 

Күрескер екен, Варя өмір үшін алысып, жеңіп шықты. Бірақ мамандар қызылшаның салдарлары ұзаққа созылатынын ескерткен. Жоғары дәрежелі ауырлықтағы, әрі ұзаққа созылған безгек қыз баланың когнитивті қабілеттеріне кері әсер еткен. Салдарынан, Варя мектеп тапсырмаларын орындауда қиналады.

Қызылша ересектерді де аяп жатқан жоқ. Таяуда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Солтүстік Қазақстан облысындағы Ұлттық ұлан академиясының шәкірттері қызылшамен жаппай ауырып жатқанын хабарлаған еді. Ол кезде жұқтырғандар саны 17 адам ғана болатын. 

Енді ауруға шалдыққан ұландар саны күрт артып кеткені белгілі болды. Бұл жайында Денсауминінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының бас сарапшысы Наргиз Мұратова хабарлады.

"Қазіргі кезде Ұлттық ұланның Петропавл қаласындағы академиясында қызылшамен ауырды деген күдіктің 50 жағдайытіркелді. Оның ішінде 43-і зертханалық деңгейде расталды. Тағы екеуі ЖРВИ болып шықты. Қалған бесеуі бойынша талдаулар әлі дежүргізілуде. Жағдай өңірлік денсаулық сақтау басқармасы мен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бақылауында", – деді Наргиз Мұратова.

Ол инфекция ошағында және ауырғандармен байланыстаболғандардың бәрі (30-ға толмаған жастар) бұрын егілген-егілмегеніне қарамастан, тегіс қосымша вакцинацияланғанын мәлім етті. Тәртібі сондай екен. Екпе тегін жасалады.

Денсаулық сақтау министрлігі індеттің таралуын тек вакцина салғызу ғана тоқтата алады деген сенімде.

Ел арасында қызылшаның одан әрі таралуының алдын алу үшін Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер "егу мәртебесіне қарамастан"Қазақстандағы барлық баланы, бірін қалдырмай, қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы қосымша жаппай иммундау жүргізу жөніндегі қаулыға қол қойды. Министрліктің түсіндіруінше,қазақстандық балаларға "Serum Institute of India" шығарған қызылшаға, қызамыққа, паротитке қарсы аралас вакцина егіледі.

Бірінші кезекте, 6 қарашадан бері 6–11 айлық сәбилерге вакцина салынуда. Желтоқсаннан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, медицина қызметкерлерін (55 жасқа дейін), сондай-ақ профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундауға кірісіпті.

Қызылшаның белгілері қандай?

Денсаулық сақтау министрлігі ескертеді: қызылша (корь) – инфекциясы ауа арқылы таралатын жұқпалы вирустық ауру, онымен ауырмаған және оған қарсы егілмеген адамдар өмір бойы қызылша алдында осал болып қалады және кез келген жаста ауырып қалуы ықтимал.

Денсауминінің мәліметінше, қызылшаның белгілері 8–12 күннен кейін байқалады. Ауруға тән белгілері: 

• дене қызуының 39,5 градустан жоғарылауы, 

• мұрыннан су ағу, 

• көздің қызаруы, 

• ауыз қуысының шырышты қабығында ақ дақтардың пайда болуы, 

• бетте және мойынның жоғарғы бөлігінде бөртпенің пайда болуы.Содан кейін бөртпе қолдарға, кеуде және арқаға, ары қарай бүкіл денеге, аяқтарға, табанға таралады.

Эпидемиолог дәрігерлердің түсіндіруінше, қызылшаның алғашқы симптомдарына негізінен, жоғарғы температура, жөтел, түшкіружатады. Бұл нышандар аурумен байланыста болғаннан кейін 4–7 күн өткенде пайда болады. Салдарынан, адамдар, дәрігерлер бұл вирусты тұмаумен, басқа инфекциялармен шатастыруы ғажап емес. 

Қызылшаны өзге вирустардан ерекшелейтін ең басты симптомы –беттегі, мойындағы, дененің басқа бөліктеріндегі қызыл бөртпелер (сыпь). Олар әдетте науқаспен байланыста болған соң 7–18-ші күндерде көрінеді.

Қызылшаны қалай емдейді?

Қызылша – төтенше жұқпалы вирус. Оны жұқтырғандар адамдар жағдайы тым ауырласа, өліп қалуы мүмкін. 

Вирус алдымен тыныс алу жолдарын зақымдап, ізінше барлық ағзаларға жайылады. 

Ауыр жағдайларда қызылша пневмонияға, ауыр диареяға, құлақ инфекциясына, энцефалитке, соқырлыққа және басқасына соқтыруы мүмкін. Сондықтан дәрігерге қаралған жөн. 

Күні бүгінге дейін әлемде қызылшадан емдейтін төл дәрісі жоқ. Сол себепті дәрігерлер әр адамға сай жеке емдеу тағайындайды және ол симптомдармен күреске бағытталады: эпидемиолог дәрігерлердің айтуынша, науқасқа мысалы, қызуын түсіретін препараттар,тамырларды тарылтатын, мұрынның бітелуіне қарсы тапшылар, спрейлер, тамақты шаю және басқасы ұсынылады. 

Дәрігерлер сырқатқа төсекте жатуға кеңес береді, сонда ағза босқа басыартық күш шығындамай, тезірек айыға алады. 

Қызылшадан қалай қорғануға болады?

Жалғыз тәсіл ғана ойлап табылған, бұл – вакцинация. ДДСҰ барлық елдің халқына бала жастан егілуге рекомендация береді.

Алғашқы доза Қазақстанда бөбектерге 6–10 айлығында егіледі. 

Содан кейін 2–4 жасында вакцинацияланады. 

Шұғыл вакцинация сырқатпен байланыста болғаннан соң 72 сағат ішінде жасалуға тиіс.

Алайда азаматтардың үлкен бөлігі екпе еккізуден бас тартатынды шығарды. Бұған бұрынғы жылдары арзанқол вакциналарды сатып алып, біраз адамға зиянын тигізген Үкіметтің өзі де кінәлі. Бірақ екпесалудан басқа тиімді қорғану жолы әзірге табылмапты.

Қызылша жұқтырғандар карантинге алынады. Эпидемиологтар бұл індетпен күрестің төтенше күрделі екенін мойындайды. Мәселен, егер сыныпта сырқат оқушы не мұғалім пайда болса, ол мектепті карантинге жабу – мәнсіз көрінеді. Онымен байланыста болғандар, әсіресе, вакцинацияланбағандары бұл кезде вирус жұқтырып үлгереді. 

2023 жылдың басынан қараша айының соңына дейінгі аралықтаҚазақстанда қызылшаның 20 188 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 81%-ы (16 351 жағдай) – 14 жасқа дейінгі балалардың, 3,4% (706) –жасөспірімдердің, 15,4% (3131) – ересектердің үлесінде.

Қызылша ауруы барлық өңірлерде тіркелді. Антилидерлер сапынШымкент қаласы бастады: 3 069 жағдай (100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш – 263,5 жағдай), Алматы қаласында – 3 010 жағдай (136,5), Жамбыл – 2 724 жағдай (224), Маңғыстау – 1 701 (218), Алматы – 1812 (119), Атырау – 1 377 (196,6), Ақтөбе – 1 485 (158,7), Қызылорда облыстарында – 1 182 жағдай (139,8).

ДСМ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының басқарма төрағасы Манар Смағұлдың айтуынша, жалпы республика бойынша ауру балалар арасында вакцинацияланбаған балалардың үлесі 83,6%-ды құрады. Бұл – 13 670 жағдай.

Егер елдер қызылшаны ауыздықтай алмай, қазіргі қарқын сақталса не ушықса, онда өңірлік не континенттік деңгейдегі пандемияға соқтыруы да мүмкін. Мысалға, көрші Ресейде тек ресми мәлімет бойынша қызылшамен сырқаттану деңгейі 2023 жылы былтырмен салыстырғанда бірден 300 есе өсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу