Армения Ресейге "жақпайтын" таңдау жасады

6562

Еуразиялық одаққа мүше елдердің саны азаюы мүмкін бе? 

Армения Ресейге "жақпайтын" таңдау жасады Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

ҚР Ұлттық статистика бюросы алаңдатарлық үрдіске назар аудартты. Жыл өткен сайын қазақстандық бизнестің ЕАЭО нарығына шығуы қиындап барады екен. Бұл жерде кәсіпкерлердің субъективті шағымдары немесе шенеуніктер сөз қылатын "жасырын кедергілер мен логистикадағы іркілістер" туралы емес, Қазақстанның одақ ішіндегі позициясын көрсететін цифрлар туралы сөз болып отыр.

Егер 2023 жылы Қазақстанның ЕАЭО елдеріне экспорты 11 млрд 573 млн долларды құраса, 2024 жылы ол 11 млрд 45,1 млн долларға дейін төмендеп кеткен. Ал, 2025 жылы 10 млрд 123 млн долларға дейін құлдырапты. 2023 жылдан бері экспортқа шығарылатын тауарлар бағасының қатты қымбаттағанына қарамастан, небәрі 3 жыл ішінде республика "ортақ әрі қолайлы" деп дәріптелетін нарықта 1,5 миллиард долларға жуық экспорттық табысынан айырылды.

Әсіресе, теріс динамиканың сақталып қана қоймай, үдей түскені үрей тудырады. 2026 жылы экспорт жағдайы одан әрі нашарлай түсіпті. Қаңтар-ақпанда Қазақстан ЕАЭО елдеріне 1 млрд 265 млн доллардың тауарын әзер деп өткізе алды. Бұл өзіндік тарихи антирекорд.

Еуразиялық экономикалық комиссияның мәліметінше, Қазақстанның "іргедегі мұхиттай нарық" делінген Ресейге экспорты 2025 жылдың қаңтар-ақпанындағы 1 млрд 88,3 млн доллардан 2026 жылдың сәйкес кезеңінде 987,2 млн долларға дейін құлдилады.

Әрине, одақтың басқа елдеріне жеткізілімдер артқан, алайда бұл нақты шығындарды толтыратын өтемнен гөрі, статистикалық жұбанышқа көбірек ұқсайды. Қырғызстан қазақстандық тауарларды сатып алуды 196,6 млн доллардан 226,2 млн долларға дейін, Беларусь – 23,8 млн доллардан 43 млн долларға дейін, Армения – 2,9 млн доллардан 8,7 млн долларға дейін ұлғайтты. Цифрлар оң динамикаға ие, бірақ мәселе – ауқымда: негізгі нарық тарыла бастағанда, серіктестердің шағын сұранысы жалпы көріністі түбегейлі өзгерте алмайды.

Бір қызығы, Қазақстанның ешқандай ортақ одаққа кірмейтін елдермен сауда-саттығы қайта, қарқынды өрге басуда. 2025 жылы республикамыздың әлемдегі басқа серіктес елдерге экспорты 79 млрд 41,2 млн долларды құраса, 2026 жылдың алғашқы екі айында – 12 млрд 36,8 млн долларға жеткен. Жыл қорытындысында 100 миллиард доллардан асады деп күтілуде. "Айрықша жақын экономикалық серіктестік" аясынан тыс жерде қазақстандық бизнес өзін әлдеқайда еркін әрі сенімді сезінеді.

Италияның үлгісі назар аудартады: 2025 жылы осы бір ғана еуропалық ел біздің тауарларды 18,1 миллиард долларға сатып алыпты: бұл барлық ЕАЭО мемлекеттері жабыла жүріп алған экспортымыздың жиынтық көрсеткішінен 1,8 есе көп!

Бірақ одаққа қатысты хикаяның жағымсыз тұсы тек экспорттың төмендеуі ғана емес, ЕАЭО елдерінен, ең алдымен Ресейден келетін импорттың қарқынды өсуі. Мұндағы теңгерімсіздік созылмалы сипатқа ие.

Ұлттық статбюросының мәліметінше, одақ елдерінің, бірінші кезекте, Ресейдің Қазақстанға өткізе алған тауарларының импорты 2023 жылы 18 млрд 221,5 млн долларды, 2024 жылы – 19 млрд 886,8 млн долларды құраса, 2025 жылы 20 млрд 769,2 млн долларға жеткен. Бұл үрдіс үдеп барады, кезекті рекорд жаңартуға таяу: 2026 жылдың қаңтар-ақпанында ЕАЭО-дан тасылған импорт 3 млрд 247,5 млн долларды құрады. Бұл Қазақстанның одаққа саудалаған экспортынан 3 есе дерлік көп!

"2026 жылғы қаңтар-ақпанда Қазақстанның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 4 млрд 512,7 млн долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда номиналды мәнде 15,5%-ға артық. Алайда қазақстандық тауарлардың экспорты небәрі 1 265,3 млн долларды құрады, бұл 3,5%-ға аз. Сонымен қатар импорт бірден 25,1%-ға өсіп, 3 млрд 247,5 млн долларға жетті", – деп хабарлады бюро.

Жалпы тауар айналымы өсіп жатыр: шенеуніктер әдетте дәл осындай көркем көрсеткіштерді ұнатады. Бірақ ол тек импорттың есебінен өсуде. Бұл мысалы, әлдебір отбасының табысы азайып жатқанда, шығысының өскеніне қуанғанымен бірдей.

Оның үстіне одақ ішіндегі сауда құрылымы іс жүзінде монополиялық күйде қалып отыр: ҚР-ның ЕАЭО елдерімен сыртқы сауда айналымының 88,7%-ы жалғыз Ресейге тиесілі. Одан кейін Қырғызстан – 7,1%, Беларусь – 3,9% және Армения – 0,3% тұр.

ҚР статорганы көңілсіз көрініске тағы бір штрих қосты: "Натуралды түрде тасымалданған тауарлар – экспорт" негізгі индикаторы ұзаққа созылған құлдырауға душар болған. 2020 жылы көлем 49,4 млн тоннаны құраса, 2025 жылға қарай ол 34,4 млн тоннаға дейін түсіп кетті. 2026 жылдың басы пессимистік болжамдарға дем береді: екі айдағы мардымсыз 4,8 млн тонна саладағы серпіннен үміттенуге мүмкіндік қалдырмайды. Егер жағдай түбегейлі өзгермесе, жыл қорытындысында ЕАЭО елдеріне транзит көлемі қауіпті 28-30 млн тоннаға дейін құлауы ғажап емес.

Мұндай жағдайда бұл одақтан іргесін аулақ салғысы келетіндердің табылуы таңғалтпайды. Ақпарат құралдары жазғандай, армениялық көшбасшы Астанадағы ЕАЭО саммитіне келуден бас тартты.

"Армения Премьер-министрі Никол Пашинян 28-29 мамырда Астанада өтетін Еуразиялық экономикалық одақ көшбасшыларының отырысына қатыспайтынын мәлімдеді. "1 сәуірде Ресейге жасаған сапарым кезінде РФ Президенті Владимир Путинге сайлау алдындағы науқанға байланысты отырысқа қатыса алмайтынымды хабарладым", – деді ол брифингте", – деп хабарлады newsarmenia.am.

Арменияда парламенттік сайлау 2026 жылдың 7 маусымында өтеді. Пашинян сәуір айының басында тіпті ресми шақыру алатын-алмайтынын білмегенін, бірақ "сыпайылық сақтап және құрмет танытып", 9 мамырда Мәскеуде өтетін шеруге де қатыса алмайтынын алдын ала ескерткенін мәлім етті. Сонымен қатар, ол бұған дейін Қазақстан Президентіне де хабарласып, өзінің Астанаға келе алмайтыны туралы жеке мәлімдеген екен.

Бұдан бөлек, Никол Пашинян Путиннің "мәдениетті түрде ажырасу үшін Армения ЕО немесе ЕАЭО-ға қатысу мәселесін мүмкіндігінше ертерек анықтауы керек" деген мәлімдемесіне түсініктеме берді: "ажырасу" деген тұжырымды орынсыз деп тапқан Пашинян Путинге мемлекетаралық қатынастарды некемен шатастырмауға кеңес берді.

"Мен бұл тақырыпта бірнеше рет пікір білдірдім. РФ президентімен осы мәселені талқыладық. Іс жүзінде таңдау жасау және оны құжат жүзінде бекіту қажеттілігі туындаған сәтке дейін мұндай мәселені күн тәртібіне қоймайтынымызды ашық айттым. "Ажырасу" деген тұжырыммен келіспеймін, мемлекетаралық қатынастарды некемен шатастырудың қажеті жоқ", – деді Премьер-министр.

Ол Арменияның тек мемлекетаралық қисынды мен сарабдалдықты басшылыққа алатынын нықтады.

"Біз Еуразиялық одақтың толыққанды мүшесіміз, ондағы барлық шешімдерді қабылдауға қатысамыз. Қажеттілік туындамайынша, біз бұл мәселені референдумға шығаруды жоспарлап отырған жоқпыз. Барлық серіктестерімізге және ЕАЭО-ға қатысуымызға құрметпен қараймыз. Бұл тұрғыда саясатымыз ашық, жария және ешқандай астыртын сөз байласу деген жоқ", – деді Пашинян.

Сонымен бірге ол Арменияның Еуропалық Одаққа толыққанды мүшелікке өту бағытында қозғалуға ниетті екенін мәлімдеді. Бірақ бұл мақсат пен ЕАЭО құрамында қалу арасындағы қайшылық туындайтын түрі бар. Қанша жерден дипломатиялық ілтипат көрсетілсе де қос ұйымда қатар мүше болу мүмкін емес екені даусыз. Өйткені Еуроодақ Еуразиялық одақтың лидері – Ресейге қарсы санкциялар енгізген.

"Біз тура осы жолмен жүреміз. Біз Еуроодаққа мүшелік туралы заңның қисынымен әрекет етіп, ЕО-мен қарым-қатынасты тереңдетеміз. Бұл жолда бізден талап етілетін демократиялық реформаларды жалғастырамыз", – деп нықтады Никол Пашинян.

Кеше Еуропалық комиссияның кеңею мәселелері жөніндегі комиссары Марта Кос Еуроодақ Арменияның өз мүшесі болуға деген ұмтылысын қызу қолдайтынын мәлімдеп те үлгерді.

"Еуроодақ Арменияның ЕО мүшесі болу ниетін қолдайды. Еуропалық саяси қоғамдастықтың саммиті, сондай-ақ ЕО-Армения саммиті бұл елдің қандай жолмен жүргісі келетінін анық көрсетті және Еуропа оны қолдайды", – деп хабарлады Еуроодақтың лауазымды өкілі.

Мәскеу әзірге сабыр сақтап отыр: сырттай солай көрінеді. 9 мамырда Владимир Путин армян халқы қабылдаған шешімдерге Ресейдің қарсы болмайтынын мәлімдеді. Алайда Арменияның ЕО-ға кіру жоспарлары "ерекше қарауды" талап ететінін бірден ескертті.

Сондай-ақ, Мәскеу Ереванға бұл мәселе бойынша референдум өткізуді ұсынды. Ресей басшысы егер армяндар бұл бастаманы қолдаса, онда Ресей "жұмсақ, мәдениетті және өзара тиімді ажырасу жолымен" жүре алатынын мәлімдеді. 

Бұл ретте Армения шынымен де ЕО-ға қосылуға қарай тез жылжып барады. Newsarmenia агенттігі еске салғандай, 2025 жылғы 26 наурызда ел Парламенті Еуроодаққа қосылу процесін бастау туралы заңды қабылдады, ал, 4 сәуірде құжатқа Президент қол қойды.

2025 жылғы 2 желтоқсанда Брюссельде тараптар Армения-ЕО серіктестігінің стратегиялық күн тәртібін бекітті. Сол кезде Ереван өзінің егемендігіне, аумақтық тұтастығына, демократиялық реформаларына және экономикалық тұрақтылығына енді Еуропа қолдау көрсететінін жариялады. 2026 жылғы 4 мамырда Ереванда Еуропалық саяси қоғамдастық атты жаңа бірлестіктің саммиті өтті. Ереванның оған ұсынған негізгі тақырыбының өзі таңдауды нұсқайды: "Болашақты бірге құрамыз: Еуропадағы бірлік пен тұрақтылық!".

Өткен аптада Армения СІМ басшысы Арарат Мирзоян республика қажет болған кезде ЕО немесе ЕАЭО пайдасына таңдау жасайтынын хабарлады. Дегенмен, оның байламынша, Армения халқы бүгінде ауқатты Еуропаға ұмтылады.

Тіпті экономикалық статистика да бұл саяси үрдісті қолдап, жаңа бетбұрысқа дем беріп тұр. Arka.am жазғандай, Арменияның ЕАЭО елдерімен тауар айналымы 2026 жылдың бірінші тоқсанында 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 15,6%-ға қысқарып, небәрі 1,4 млрд долларды құрады. Сонымен бір мезгілде Еуроодақпен тауар айналымы бірден 154,3%-ға өсіп, 763 млн долларға жетті.

Яғни, әдетте ірі геосаяси бетбұрыс алдында болатын жағдай орын алуда. Экономикалық мүдделердің құрылымы өзгерді: армян бизнесі Еуразиялық одақ кеңістігінен бойын аулақ салып, Еуропалық Одақ кеңістігіне қазірден кірігіп жатыр.

Арменияның жалпы сыртқы сауда айналымындағы ұжымдық Еуропаның үлесі 12%-дық межені еңсеріп, қарқынды өсу үстінде. Керісінше, Арменияның ЕАЭО елдеріне бағытталған экспорты 685,9 млн долларға дейін құлап, бір жылда 6,5%-ға төмендеді. Бұл құлдырау үрдісі жүйелі сипат алып барады. Ал, Еуроодақ нарығына жол тартқан армян тауарларының тасымалы бір жыл ішінде үш есеге жуық (189,8%) артып, 249 млн долларды еңсерді.

Әрине, осы көрсеткіштерді ЕАЭО аясындағы сауда ауқымымен салыстыруға әлі ерте болғанымен, бұл жерде нақты сандардан бұрын даму динамикасы маңыздырақ. Дәл осы серпін еркін бизнестің таңдауы қай тарапқа ауғанын әлдеқайда айқын аңғартып тұр.

Осылайша, Арменияның Батыс бағытқа қарай бет түзеуі жай ғана саяси шешім емес, нарықтың табиғи сұранысы мен экономикалық тиімділікке ұмтылысынан туған қажеттілік.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу