Кавказда Ресейді қатты шошытқан жағдай орын алды

84

Ресей аймақтағы тарихи тірегін жоғалту қарсаңында тұр.

Кавказда Ресейді қатты шошытқан жағдай орын алды Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

РФ тағы бір тарихи одақтасынан біржола айырылып қалу қаупіне тап болды. Мәскеу үшін сан ғасырлық стратегиялық бекініс саналған Армения бүгінде "ескі одақтас" деген ұғымның шеңберінен шығып, Батысқа бет түзеген жаңа соқпаққа түсті.

Ескі ностальгияның соңғы демі

"Армения мен Ресей арасындағы қатынастар күрделі кезеңді бастан өткеруде. Бұл күрделілік уақытша сипатта емес және ушығу үстінде. Себебі, көптеген трендтер бір нүктеде тоғысып отыр", – деді РФ Халықаралық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері Сергей Маркедонов "Новости-Армения" агенттігіне сұхбатында.

Оның бағалауынша, элитадағы ұрпақ алмасуы, Ресейге деген қоғамдық көзқарастың өзгеруі және бұрынғы статус-квоның бұзылуы сияқты бірнеше үрдіс бір мезетте қабаттасты. Саяси сахнаға өткен заманды сағынбайтын жаңа буын саясаткерлері шықты. Олар үшін өткен күннің елесі емес, бүгінгі күннің құрғақ есебі мен ұлттық мүдденің прагматизмі қымбат.

"Саясатқа жаңа буын келіп жатыр. Қалыптасқан статус-кво өзгеруде, нақты айтқанда, Арменияның тұңғыш президенті Левон Тер-Петросян сонау 1997 жылғы үлкен келісімде негізін қалаған ресей-армян қатынастарының моделі қайта қаралып, өзгеріп жатыр. Оның үстіне Таулы Қарабаққа қатысты армян қоғамы Ресейге өкпелі: бұл – жаман", – деді Маркедонов.

Еуропалық қорған мен ресейлік қызғаныш

Шиеленіс 2026 жылдың 7 маусымына жоспарланған парламенттік сайлау қарсаңында тіпті ширыға түсті. Арменияда 2026 жылғы 7 маусымға парламенттік сайлау жоспарланған. Оның нәтижесі алдағы жылдары елді кім басқаратынын айқындайды. Жаңа сайланған Парламент елдің жаңа лидерін таңдайды.

Осыған байланысты Ереван Ресейдің дәстүрлі тәжірибесіне қатысты өз алаңдаушылығын білдірді және ішкі ісіне ықпал ету мүмкіндігін есепке ала отырып, Еуропалық Одақтан алдағы парламенттік сайлау үдерісіне техникалық қолдау көрсету үшін жедел әрекет ету тобын шақыруды өтінді.

Бұл хабар қоғамда резонанс туғызып, Мәскеудің жүрегін май ішкендей кілкітті. Ақпарат құралдарының мәліметінше, Армения сыртқы істер министрі Арарат Мирзоян Брюссельге жолдаған хатында Ереванға жедел әрекет ету тобын жіберуді сұраған.

2025 жылы Еуроодақ осындай топты парламенттік сайлау кезінде Молдоваға жіберген болатын. ЕО мен Молдова бұл жобаны сәтті деп таныды. Енді соған ұқсас бастама маусым айындағы сайлау қарсаңында Арменияда жоспарланып отыр. Бұл әрине, РФ-тің ашуын туғызды.

"Сайлауалды кезеңде және алда ұйымдастырылуы мүмкін конституциялық референдум барысында ЕО сарапшыларының бұлайша белсенді тартылуы Арменияның шынайы егемендігін нығайта қоюы екіталай. Керісінше болуы мүмкін! Егер армян тарапы ресми түрде шақырса, Ресей де өзінің осындай мамандарының тобын жіберуді қарастыруға дайын", – деді РФ СІМ өкілі Мария Захарова.

Бірақ Арменияның Әділет министрлігі бұл ишараны "бұл біздің таңдауымыз: топтың жұмысы Ресейге қарсы бағытталмаған" деген дипломатиялық жауаппен кесіп тастады.

Сайлау әлі өтпесе де, Пашинянның лагерінде жеңісті көңіл-күй басым, қажыры да тау суындай екпінді. Билік командасы парламенттік аламанда партия өз көшбасшылығын сақтап қалып, Үкіметті қайтадан өзі басыбайлы құратынына сенімді.

"Биылғы 7 маусымдағы сайлауда біз айқын жеңіске жетеміз, билікті қайтадан жеке өзіміз құрамыз деп сенемін. 2021 жылғы кезектен тыс парламенттік сайлаудан бері билеуші партия тамаша нәтижелер көрсетті. Әсіресе, Әзербайжанмен, Түркиямен бітімге келіп, бейбітшілікті орнатуы бұл жолы да жеңіске жететінімізге аса салмақты дәйек болады", – деді журналистермен әңгімесінде "Азаматтық келісім" билеуші партиясының парламенттік фракциясының жетекшісі Айк Конджорян.

Оның дерегінше, жабық әлеуметтік зерттеулер нәтижесі бойынша билеуші күш пен оппозициялық бірлестіктер арасындағы алшақтық бірнеше есеге жетіпті. Бұл науқан қорытындысына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін көрінеді.

Оппозициялық лагерьдегі қарсыластарының жеңіске жету мүмкіндігіне тоқталған Конджорян ресейлік олигарх Самвел Карапетян қалыптастырып жатқан күш алдыңғы орынға шыққанын жеткізді.

"Оппозиция ішінде қай күш бірінші орында? Бүгінде алға ресейлік бизнесмен қалыптастырып жатқан бірлестік ("Күшті Армения" партиясы) шықты. Ал, Арменияның екінші президенті Роберт Кочарянның партиясы ("Блок Армения") өте күрделі жағдайда. Өйткені қолда бар сауалнамаларға сәйкес, олардың тіпті сайлау шегінен өте алмай, парламентке кірмей қалу қаупі жоғары", – деп қосты фракция басшысы.

Сайлау – тек дауыс беру емес, елдің геосаяси бағдарын айқындайтын үлкен майдан болғалы тұр.

Ресейлік вагонды "Трамп бағдарына" бастырмайды

Саяси амбициялар экономикалық күретамырларға, соның ішінде теміржол саласына ұласты. Сонау 1899 жылдан бері патшалық Ресейдің, кейін кеңес одағының үстемдігінде болған армян болат жолдары енді ресейлік "РЖД" уысынан шығуы мүмкін. Пашинян бұл стратегиялық нысанды Қазақстан секілді "бейтарап әрі достық пейілдегі" елдерге беруді қарастыруда.

Әзірге Армения теміржолдарының 30 жылдық концессионері болып ресейлік "РЖД" компаниясының еншілес құрылымы – "Оңтүстік Кавказ теміржолы" ЖАҚ (ЮКЖД) есептеледі. Бірақ солтүстік көрші онысынан да айрылып қалуы ғажап емес.

Армения Премьер-министрі Никол Пашинян таяуда Ресей армяндық теміржолдарды басқару құқығын Ереванға да, Мәскеуге де достық пейілдегі үшінші елге беруі мүмкін екенін жоққа шығармады. Ықтимал жаңа қожайын қатарында Қазақстан, Қатар және БАӘ аталды.

Ереван "неліктен осындай сезімтал мәселені қайта қарауға ұмтылып, Ресейді кіжіндіріп отыр?" деген заңды сұрақ туындайды. Жауап TRIPP жобасымен – "Халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге арналған Трамп бағдарымен" байланысты: Америка оған Ресейді жібермеді. Бұл бастама аясында АҚШ-тың қатысуымен Арменияның оңтүстігі арқылы Әзербайжанды оның "эксклавы" Нахичеванмен байланыстыратын көлік дәлізін салу көзделген. Содан армян теміржолы ресейлік басқаруда қалса, транзиттік әлеуеттен айырылатынын түсінген Ереван концессиялық келісімді бұзудың заңды жолдарын іздеуде.

Премьер Пашинян TRIPP жобасы аясында бірқатар елдер Арменияны айналып өтетін теміржол желісін салуды Америкаға ұсынып жатқанын хабарлады: "себебі, армян теміржолы ресейлік компанияның басқаруында" болғаны кесірін тигізіпті. Никол Пашинянның сөзінше, "Ресейдің басқаруы салдарынан Армения бәсекелік артықшылығын жоғалтып отыр", деп хабарлайды "Новости-Армения" агенттігі.

Армения ұлттық жиналысының төрағасы Ален Симонян бұл мәселе ресейлік тараппен әлі де талқыланып жатқанын, Мәскеу ерікті түрде кері табыстауға көнбей жатқанын жеткізді. Оның мәліметінше, бұл бағытқа басқа мемлекеттер қызығушылық танытуда, бірақ келіссөздер жалғасады және түпкілікті шешім әлі қабылданбаған.

Бұрынғы премьер-министр және парламенттің экс-спикері Хосров Арутюнянның пікірінше, Пашинянның бұл идеясында нақты есеп жатыр.

"Премьер іс жүзінде бізге былай деді: егер ресейлік тарап Арменияның ұсынысына жедел жауап бермесе, Түркия арқылы жедел қарқынмен салынып жатқан Нахичевань – Карс теміржолы бізді айналып өтеді. Онда Армения арқылы Карсқа (Нахичевань – Ерасх – Ахурик – Карс) жүк тасымалы жобасы өзектілігін жоғалтады. Сонда Пашинян осы учаскенің транзиттік әлеуетінің жоғалуы концессионердің кінәсінен болды деп мәлімдеп, кінә таға алады. Одан туындайтын салдар – ЮКЖД-мен жасалған концессиялық келісім жойылуы мүмкін", – деді Арутюнян.

Соңғы қарауыл және Түркияға ашық есік

Оқиғалардың өрбуі шекарада шарықтау шегіне жетті. Өткен аптада ресейлік шекарашылардың енді армян-түрік шекарасын күзетпейтіні белгілі болды. Бұл да кезінде Ресей империясымен бірге басталып, Кеңес одағында жалғасып, РФ-ке мұраға қалған ықпал тірегі болатын. Кремль енді оны да уысынан шығарып алды: амалсыз, Түркияның шекарасынан әскерін әкетуде.  

Армян ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, РФ шекарашылары "Ахурик" шекаралық өткізу бекетінен шығарылды: енді бұл учаскені толықтай Армения Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара әскерлері бақылайды. Бұған дейін ол Армениядағы Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің шекара басқармасының қарауында болған. "Шекара кілттерін" тапсыру үдерісі бүгін ғана басталған жоқ.

"2025 жылдың 1 наурызынан бастап Армения-Түркия мемлекеттік шекарасындағы "Маргара" өткізу пунктін күзетуді тек Армения Республикасының Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Шекара әскерлері жүзеге асырады", – делінген Армения Үкіметінің есебінде.

2024 жылдың жазында ресейлік шекарашылар Еревандағы "Звартноц" әуежайының өткізу бекетінен кетті. Ал, 2025 жылдың қаңтарынан бастап – Мегри ауданындағы Армения-Иран шекарасындағы бекеттен де шығарылды.

Осы орайда Түркия "Маргара" өткізу пункті маңында құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Бұдан сарапшылар келесі байлам жасады: "Ахуриктен" ресейлік күштердің шығарылуын Анкара сұрағанға ұқсайды.

Яғни, бұл "деэскалация", яғни, ортақ шекарадан үшінші бөгде елдің шекарашыларының аласталуы армян-түрік шекарасын ашуға дайындықпен байланысты болуы мүмкін.

Армян баспасөзінің: "қазіргі уақытта Түркия бағытындағы теміржол төсемінің техникалық жағдайына бірлескен бағалау жүргізіліп жатыр" деген ақпараты да осыған меңзейді. Армения мен Түркия арасындағы Гюмри – Ахурян – Догукапы – Карс желісі 1912 жылдан 1992 жылға дейін жұмыс істеген болатын. Кейін, 1993 жылдың көктемінде Анкара оны жауып тастап, Армениямен теміржол қатынасын үзді.

Қаңтардың ортасында армян көшбасшысы Түркиямен шекарада бірнеше жаңа көпір салынуы мүмкін екенін жариялады: біреуі – Армавир облысындағы "Маргара" маңында, екіншісі – Ширақ облысындағы "Ахурик" тұсында. Сондай-ақ Пашинян бұл учаскелерде заманауи кедендік және шекара терминалдарын салу қажетін нықтады.

Бұған қоса, Никол Пашинян елдің солтүстік-шығысындағы Иджеван – Казах (Қазақ) учаскесінде жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мүмкіндігін жоққа шығармады. Бұл жай ғана шекаралық заставадағы қарауылды ауыстыру емес, бұл енді Түркиямен тікелей тіл табысудың белгісі. Үшінші тараптың (Ресейдің) қатысуынсыз жүретін келіссөздер Кавказдағы ескі қорқыныштарды сейілтіп, жаңа көршілік қатынастарға жол ашуға тиіс.

Атомдық қуат және америкалық миллиардтар

Энергетика – Мәскеудің Арменияны еркінен тыс ұстап келген соңғы бір шылбыры еді. Алайда, Вашингтон бұл шылбырды да қиып түсуге бекініп отыр. Батыс көшбасшысы АҚШ үйіп-төгіп уәде беріп жатыр: Арменияның энергетика саласындағы Ресейге тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін 9 миллиард доллар инвестиция салатын болды.

"Вашингтон бұл қадамды тек серіктесті қолдау ретінде ғана емес, сонымен бірге Оңтүстік Кавказда орнығудың тамаша мүмкіндігі ретінде стратегиялық тұрғыда қарастырады", – деп жазды Bloomberg.

Биылғы ақпанда аймаққа арнайы сапарлаған АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен бірге атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастық туралы "123 келісімі" деп аталатын құжатқа қол қойды.

Бұл құжат америкалық компаниялардың кеңес дәуірінде салынған әрі "Росатом" пайдаланып келе жатқан ескі "Мецамор АЭС-інің" орнына шағын модульдік реакторлар тұрғызуына жол ашады. Осылайша, Вашингтон Армения энергетикасын ондаған жылға батыс технологияларына байлап қояды. Ядролық таблетканы – отынды да өзі жеткізетін болды.

Сонымен қатар, АҚШ Арменияға жасанды интеллектісі бар барлау дрондарын – 11 миллион доллар сомасына "Shield AI MQ-35A V-BAT" ұшқышсыз ұшатын аппараттарды сататынын жариялады. Бұл Ереванның әскери-техникалық байланыстарын да әртараптандырып жатқанының белгісі. Әйтпесе, бұған дейін Армения тек кеңестік және ресейлік қаруды ғана пайдаланып келген. Таулы Қарабақ үшін соғыста Түркия мен Израильдің озық қару-жарағымен мұздай қаруланған Әзербайжан әскерінен жеңіліп қалуына сол да ықпал етті. Ресейдің қаруына сенген Ереванның соңғы соғыстағы ащы тәжірибесі осылай кешенді бетбұрысқа түрткі болды.

Тараптар ЖИ және жартылай өткізгіш технологиялар саласында ынтымақтастығын бастады. Вашингтон деректер өңдеу орталығы мен "Firebird" ЖИ зауытын салу үшін жоғары өнімді Nvidia чиптерін Арменияда жеткізуге лицензия берді. Бұл енді жай ғана әртараптандыру емес, осы мемлекеттің операциялық жүйесін толық ауыстыру.

ING-тің ТМД елдері бойынша бас экономисі Дмитрий Долгиннің бағалауынша, мұндай ауқымды бастамалар Арменияның инвестициялық тартымдылығын да айтарлықтай арттырып, шетелдік инвесторлар үшін қызықты етеді. Бұған дейін Ресей бөгдені бұл аймаққа жібере бермейтін. Жаңа өзгерістер ірі державаның үнемі көлеңкесінде қалып келген елдің экономиканың тұтас секторларына серпін беруі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу