Kaz Minerals-ты мыс қорыту комбинатын салу жайы ойландырады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3414

Шешім биыл қабылдануы мүмкін.

Kaz Minerals-ты мыс қорыту комбинатын салу жайы ойландырады

Kaz Minerals мыс өндіру компаниясы Қазақстандағы мыс қорыту металлургиясын дамыту жөнінде барынша тиімді шешімге келмек, ол жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленгеннен кейін қабылданады. Екі таңдау бар: өз мыс қорыту кәсіпорындарын салу немесе "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-ның еншілес өндіріс орнын жаңғырту. Сонымен қатар несие беруші, құрал-жабдық жеткізуші және шығарылған өнімді сатып алушы Қытай тарапы да Kaz Minerals-тың металлургиялық әлеуетін дамытуға қатысуы мүмкін.

"Қазақстан жақын арада мыс қорыту металлургиясын жаңарту керек болатын шығар. Мүмкін ескіні жаңғыртармыз. Оны есептеу керек. Бақтияр Қырықпышевтің ұсынысын да нұсқаның бірі ретінде қарастырамыз. Есептеп көрейік. Қазір біз тұжырымдама, техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеп жатырмыз. Қытайлықтармен серіктес болуымыз әбден мүмкін, себебі қалай дегенмен негізгі тұтынушы солар ғой", – деді abctv.kz-ке Kaz Minerals Management ЖШС басқарма төрағасы Елдар Мәмедов.

Түпкілікті шешім Kaz Minerals техникалық-экономикалық негіздемені әзірленгеннен кейін қабылданады, сол кезде "Қазақмыспен" бірігіп жұмыс істеп тұрған мыс қорыту кәсіпорындарын жаңғырту тиімді ме, әлде жаңасын салған дұрыс па? Сол анықталатын болады.

Еске салсақ, "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС басқарушы кеңесінің бас директоры Бақтияр Қырықпышев қолданылып жүрген өндіріс орындарын жаңғыруды ұсынған болатын.

"Металлургиялық көлемді 450 мың тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. Kaz Minerals-тағы әріптестеріміз жаңа зауыт салуды көздейтіндіктерін айтты. Әрине, бұл біз үшін тиімсіз, ол біздің Балқаш мыс қорыту зауытының қуатын төмендетіп жіберуі ықтимал. Себебі Kaz Мinerals мыс өнімі мен оның концентратын жеткізетін негізгі компания болып табылады, біз бұл мәселелерді әлі де талқылаймыз деп ойлаймын. Не жаңа құрылыс салынады, немесе жұмыс істеп тұрған зауыт жаңғыртылады. Егер жаңғырту таңдалса, өзіндік құн арзандайды, алынатын негізгі өнім – мыстың мөлшері артады", – деді ол.

Мыс бағасының құбылмалылығына келсек, Елдар Мәмедов атап өткендей, қазіргі тоннасына 4500-4700 доллар аралығында ауытқып тұрған мыс бағасы топқа табыс табуға мүмкіндік береді.

"Әзірге барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр, осы жоспарды сақтай отырып, 2018 жылға қарай катодты эквивалентпен 300 мың тонна мақсатымызға жетеміз. Өзіндік құн кіріс түсіруге мүмкіндік береді", – деді ол.

Топтың Ақтоғай және Бозшакөл секілді ірі жобалары 2016-2017 жылдары аяқталады.

"Бұл жобалар отандық индустрия үшін де, жалпы әлемдік экономика үшін де күрделі кезеңде іске асырылды. Металл мен шикізат бағасы арзандаған кезең болды, бұл кезде көптеген кәсіпорын жұмысын тоқтатып жатты. Бірақ осындай қиындықтарға қарамастан, тек алға ұмтылып, болашақты болжауға тырыстық, шындығында, бұл екі жоба – осы болжамның нәтижесі, осы мақсаттың жемісі", – деді Елдар Мәмедов.

Екі жобаға 4 млрд доллардан астам инвестиция салынды. Ақтоғайда мыс концентраты да, катодты мыс та өндіріледі, ал Бозшакөлде концентрат шығарылады. Қырғыз тарапының активтерін қоса алғанда топтың құрамына 13 мың адам кіреді.

Павлодар облысында орналасқан Бозшакөл кен орны – әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірі. Топ кен орнының құрылыс жұмысын 2012 жылы бастаған. 2015 жылдың күзінде Бозшакөлде кен өндіріле бастады. Оны 40 жыл бойы пайдалану жоспарланған. Кен орнында 1500 адам жұмыс істейді, оның 50-ге жуығы шетелдік азамат. Мұнда концентраттағы мыс пен алтын өндіріледі. Жоспарланған өнім мөлшері катоды эквиваленттегі 100 мың тонна мысты құрайды.

Ақтоғай да мыс концентраты мен катодты мыс өндіретін әлемнің ірі кен орындарының бірі. Кәсіпорында оксидті зауыт пен сульфидті фабрика жұмыс істейді. Бұл кен орны 50 жыл бойы пайдаланылмақ. Жоспарланған өнім мөлшері катоды эквиваленттегі 115 мың тонна мысты құрайды.

Мұндағы өндіріс қуаты Қазақстандағы мыс өндіруші кәсіпорындардан шамамен 15 есеге жоғары. Мұндай көрсеткішке заманауи технологиялар мен жабдықтарды пайдаланудың арқасында қол жетті.

"Бүгінде Kaz Minerals өнімді 2014 жылмен салыстырғанда үш есеге арттыра алады деп болжам жасай аламыз. 2014-2015 жылы катодты эквивалентте 80 мың тоннаға жуық өнім берді, 2018 жылға қойған мақсатты көрсеткіш бар, соған жетуді жоспарлап отырмыз. Ол катодты эквивалентте шамамен 300 мың тоннаға жуық өнім шығару", – деді Елдар Мәмедов.

Мыс өндірісі осылайша арта берсе мыс қортыту өндірісін қол алу керектігі түсінікті.

"Бір жақсысы, Ақтоғай бар, Бозшакөл бар, тау, концентрат бар – ал одан әрі не болмақ? Біз осы тұста кідіріп қаламыз ба әлде басқа жол, өзге тауарлық өнімдерді іздейміз бе? Айтайын дегенім, бүгінде біз Қазақстан аумағында металл қорытатын жаңа кәсіпорын салу мәселесін жан-жақты талқылаудамыз. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр. Негізгі идея Қазақстанда әлемнің жоғары стандарттары мен талаптарына сәйкес келетін заманауи зауыт салуды көздейді", – деді ол.

Осыған сәйкес компанияда өңдеуші ірі кәсіпорындардың болғаны керек, Ақтоғай мен Бозшакөл де осы мақсатта іске қосылды.

"Одан бөлек, өзге ірі кен орындарын ашу жөніндегі жоспарлар бар және бұл ретте Қазақстанның металлургиялық кәсіпорындарын дамыту жайын ойластырған жөн", – деді Елдар Мәмедов.

Сонымен қатар топтың сұраныс пен ұсынысқа қатысты өз болжамдары бар, ол сарапшылардың кеңесі мен нарықты зерттеуге негізделген.

"Жаһандық деңгейде мыс бағасы қымбаттайды деп болжаймыз. Біздің болжамымыз неге негізделеді? Біріншіден, Қытай мен Үндістан секілді ірі тұтынушыларда орын алып жатқан оқиғаларға негізделеді. Әлемдік экономикада айтарлықтай құлдырау байқалғанмен, бұл драйверлер анағұрлым белсенді. Ол кәсіпорындардың бір бөлігін оңтүстіктен солтүстікке көшіру туралы Қытай мен Үндістанда жүргізіліп жатқан түрлі мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған. Қытай туралы айтар болсақ, бұл электромобиль өндірісін жеделдету жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар. Мыс пайдаланылатын негізгі сала энергетика мен құрылыс екенін жақсы білеміз. Түйіндесем, орташа және ұзақмерзімді болашақта мыс өнімдерін пайдалану бойынша көрсеткіш жаман болмайтынын көріп тұрмыз", – деді Елдар Мәмедов.

Мысалға, электромобиль өнідірісін алар болсақ, қарапайым автокөлікпен салыстырғанда электромобильге төрт есе көп мыс жұмсалады. Ал көлік жасаушылар бірте-бірте өндірісін электромобильге қарай бағыттайтыны анық.

Ақтоғаймен салыстыруға келетін ірі кен орнының бірі Алматы облысындағы Көксай болып табылады. "Бүгінде біз аталған жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап жатырмыз. Дәл осы Көксайды дамыту идеясы бізді Қазақстан аумағында қосымша металлургиялық кәсіпорындар қажет деген ойға жетеледі. Жалпы техникалық-экономикалық негіздемені жыл соңына қарай не алдағы жылдың бірінші жартысында аяқтауды жоспарлап отырмыз", – деп сөзін түйіндеді Елдар Мәмедов.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев
 

KAZ Minerals, Қазақмыс, мыс, металлургия, Елдар Мәмедов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу