"ҚазАгро" холдингінің басқарма төрағасы Ербол Қарашөкеев БАҚ өкілдеріне компанияда айлық төлеу саясаты қалай жүргізілетінін айтып берді. Сөз арасында холдинг басшысы өзінің еңбекақысы атқарып отырған қызметіне сай емес деген емеурін танытты.
"Холдинг пайда болғаннан бері бонус төлеп көрген жоқ. Былтыр да, биыл да холдинг бас кеңсесі бонус төлеген жоқ. Мен сіздерге өз айлығымды айтып бере аламын. Айына қолға 800 мың теңге аламын. Холдингтің алдындағы міндеттердің көлемін ескеретін болсақ, сіздердің түсініктеріңізде бұл қаншалықты жоғары екенін білмеймін. Мұндай айлық жеке секторды қоспағанның өзінде елдегі холдингтердің ішіндегі ең төменгі айлық екенін айтқым келеді", –деген Ербол Қарашөкеев компанияның еншілес ұйымдарының менеджерлерге бонустар төлеуі орынды деген пікір білдірді.
"Бұған дейін айтылып жүрген бонустарға келсек, біздің еншілес ұйымдардың табысы жақсы. Несие беретін болғандықтан, үнемі табысты жұмыс істеп келеді. Бүгін сіздерге несие беруді автоматтандыру жүйесін қалай енгізетінімізді көрсетпекшіміз. Осының бәрін мамандар жасайды ғой. Сондықтан табысы жақсы еншілес ұйымдарымыз сыйақы төлейді. Төлеуіміз керек. Әйтпесе мықты мамандарды ұстап тұра алмаймыз. Біздің тікелей бәсекелестеріміз – екінші деңгейлі банктер. Олар жақсы маманды тарту үшін бонус та, сыйақы да төлейді. Холдингтің алдындағы міндеттерді ескерсек, біз өз мамандарымызға төмен айлық төлей алмаймыз. Былтыр еңбекақы деңгейі бойынша зерттеу жүргізгенбіз. Зерттеу қорытындысы бойынша сарапшылар айлықты көтеру керек деген кеңес берді", – деді "ҚазАгро" басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы