Назаровқа иланып көп жүріп алдық
Шайбалы хоккейден ҚХЛ-да өнер көрсетіп жүрген "Барыстың" Қазақстан спортындағы рөлі – ерекше. Өйткені еліміздің ұлттық құрамасының негізін осы клуб құрайды. Талантты ойыншының бәрі осы команда сапына тартылады. Тыс қалғандары некен-саяқ.
Өкінішке қарай "Барыс" биылғы маусымды өте сәтсіз бастады. Бастапқы ойындарда үй демей, түз демей, көп ұтылды. Осы ретте бәрін әріден бастағымыз келеді. Өйткені өзекті өртеген жеңілістің тамыры өткен маусымнан басталады.
Ал былтыр "Барыс" плей-офф додасына шыға алмай да қалған. "Шығыс" конференциясында 9-орынға табан тіреп, плей-оффқа сынық сүйем жетпей сүрінген (әр дивизионда 1-8 орынға ие болғандар келесі кезеңге өтеді). Осылай алғаш рет (!) плей-оффтан тыс қалды.
Ол ол ма... Былтырғы әлем біріншілігінде де сенімді ақтай алмады. Кіл мықтылар арасында "А" тобында бақ сынап, соңғы (сегізінші) орынға тұрақтады. Сөйтіп бірінші дивизионға түсіп қалды.
Сонда да "Барыс" пен ұлттық құраманың бас бапкері, ресейлік маман Андрей Назаровқа деген сеніміміз "шексіз" болды. Осындай сәтсіздіктерден де кейін ол орнынан алынған жоқ. Команданы биылғы маусымға дайындады. Басшылар тарапынан тек жастарды көбірек тартып, соларға мүмкіндік беру керек екендігі баса айтылды.
"Махаббаттың" бағасы – Олимпиададан тыс қалдық
Сөйтіп, биылғы маусымды да Андрей Назаровпен бастадық. Алғашқы ойындардағы жеңілістерімізге ұлттық федерация кешіріммен қарады. "Басты мақсат – 2018 жылғы Олимпиада жолдамасы" дестік. Қалғанын елемедік. Алайда бас бапкер тағы да сенім үдесінен шыға алмады.
Қыркүйек айының басында Ослода өткен іріктеу турнирінде Олимпиада жолдамасына қол жеткізе алмады. Норвегия құрамасын овертаймда ұтып (4:3), Франциядан ұтылып (4:1), Италияны жеңіп (4:3), бес ұпаймен екінші-үшінші орынды бөлісті. Жалғыз жолдама Норвегия хоккейшілеріне бұйырды.
Тек осы сәтсіздіктен кейін ғана Назаровқа деген сеніміміз бен "махаббатымыз" шегіне жетіп, федерация басшылары Ресей маманын отставкаға жіберді.
Жаңа бапкер – Эдуард Занковец
Іле-шала "Барыс" хоккей клубына Беларусь маманы Эдуард Занковец бас бапкер болып тағайындалды. Елорда командасы бірден "бауырын жазып", көсіле сілтей алмағанымен, бірте-бірте қарқынын үдетіп, жоғары өрлей берді.
Обалы нешік, жаңа бапкер келгелі "Барыстың" ойын өрнегі түзелгендей болды. Жеңісі көбейді. "Шығыс" дивизионында көш соңындағы командалар арасында жүрген клубымыз 5-орынға көтерілді. Плей-оффта бақ сынау құқығына қол жеткізді.
Міне, ҚХЛ біріншілігі аяқталды. "Барыс" осы лиганың "Шығыс" дивизионында 5-орынға ие болды. Бірақ жаңа бапкер келгелі тек жеңіске жетіп, өрнекті ойын үлгісін көрсетті деп айта алмаймыз. Күйрей ұтылған жеңілістері де болды.
Мысалы "Локомотив" (Ярославль) клубынан өз алаңында 1:8 есебімен, ал түзде 1:7 есебімен оңбай ұтылды. СКА (Сан-Петербор) хоккейшілерінен 0:9 есебімен ойсырай жеңілді. Басқа да өзекті өртеген жеңілістері болды. Дегенмен қайталап айтамыз, жеңісі көбейді.
"Барыс" құрамын канадалықтармен күшейтті
"Барыс" екінші жыл қатарынан плей-оффқа шыға алмауды ар тұтып, биылғы маусым барысында құрамын едәуір күшейтті. Кевин Даллмэн 2013 жылы, ал Брэндон Боченски, Найджел Доус, Дастин Бойд сынды солтүстікамерикалық хоккейшілер былтыр Қазақстан азаматтығын алған.
Осы төртеуінің орнына биыл (жаздан бері) бірнеше канадалық хоккейші алынды. Олар – Кэм Баркер, Сен-Пьер Мартен, Кори Тривино, Брэндон Шиннимин, Кевин Пулен. Алғашқы екеуі бұған дейін "Барыс" сапында ойнаған. Алдағы уақытта олар да Қазақстан азаматтығын алып жатса, таң қалмаймыз.
Сондай-ақ биылғы маусымның басында швед қақпашысы Хенрик Карлссонмен келісімшартқа отырған. Ресейден де бірнеше жас хоккейші алынды. Солардың бірі – қорғаушы Егор Шалапов үнемі негізгі құрамда ойнап жүр.
Сонда қазақ болғаны бар, болмағаны бар, дәл қазір "Барыстың" негізгі құрамдағы ойыншыларының жартысына жуығы – шетелдіктер. Бір қызығы, қос қақпашы да – легионер (Хенрик Карлссон мен Кевин Пулен).
Негізі биылға дейін "Барыстың" бір-ақ қақпашысы легионер болып келді. Қалғаны өз жігіттеріміз болатын. Ұлттық құрама мүддесі үшін осындай ұстаным қолданылып келді. Ал биыл өз қақпашыларымыз Карлссон мен Пуленнің көлеңкесінде қалып қойды.
Қазақтарға команда сапынан орын табылмай тұр
Ең бастысы – биылғы маусымға дейін "Барыс" сапында кем дегенде бір қазақ ойнап келді. Негізінен Талғат Жайлауов ойнайтын. Ол жанкүйерлер көзайымына айналып, еліміздің мақтанышы болды. 2014 жылы тіпті ҚХЛ-дың Жұлдыздар матчына қатысты.
Бірақ биыл Жайлауовқа "Барыс" сапынан орын табылмай тұр, тіпті мүлде қазақ жоқ деуге болады. Анда-санда Нұрсұлтан Белгібаев төртінші бестікке шығып қалады, болды, басқа ешкім жоқ. Әу баста Мадияр Ыбырайбеков арагідік көрініп қалушы еді, қазір ол да жоқ.
Евгений Рымарев және Никита Михайлис сынды жергілікті жігіттер де бірде ойнап, бірде Өскеменнің "Торпедосына" жөнелтіліп, "Барыс" сапында тұрақты өнер көрсете алмай жүр. Қақпашы Виталий Колесник те қосалқы құрам орындығын тоздыратын болды...
Егер біреу-міреу "қазақтың командасы осы ма" десе, "Барыс" сапынан бірде-бір қандасымызды көрсете алмай, жер шұқып қалуымыз әбден мүмкін. Сонда, жаңа бапкер Э.Занковец ешбір қазақ жігітінің бағын ашпай жүре бермек пе? Әлде басшылардың өзі оған мүдделі емес пе?!
Қазір еріксіз Андрей Назаровты еске алатын болдық. Өйткені ол төбелеспен болсын, Дамир Рысбаевты хоккей әлеміне паш етіп, қазақтың қайсар жігіттерінің жұдырығы мұзайдында да қуатты екендігін дәлелдеуге "мүмкіндік" беріп еді...
Түйін
Қазір жаңадан салынған сәулетті "Барыс-Арена" мұзайдынына ағылған көрермендер саны артып келеді. "Барыстың" соңғы ойынына 10 мыңнан астам көрермен жиналды. Соның түгелі болмаса да, басым бөлігі – қазақ жанкүйерлері. Көбісі балаларын ерте барады.
Ал жас балалардың шайбалы хоккейге деген ынта-ықыласы күн сайын артып келеді. Спорттың осы түрімен айналысатын астаналық бүлдіршіндер саны да геометриялық болмаса да, арифметикалық прогреспен өсіп келеді.
Бірақ ертең солардың бәрі "Барыс" сапындағыдай ойнай ала ма? Бүгінгідей, Канада мен Ресейден дайын ойыншы әкеліп, қазақ жастарының шыңдала түсуіне мүмкіндік берілмесе, олар да ел біріншілігіндегі клубтарды жағалап жүрмей ме?! Ойлану керек сияқты...
Тұздық
"Барыс" Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф сатысында немесе "Шығыс" конференциясының ширек финалында Челябінің "Трактор" клубымен кездеседі. Екі команда арасындағы тартыс төрт жеңіске дейін созылады.
Бірінші және екінші матчтар 22 және 24 ақпан күндері түзде өтеді. Себебі "Трактор" ҚХЛ кестесінде "Барыстан" жоғары тұр (4-орында). Содан кейінгі екі матч 26 және 28 ақпан күндері Астанада өтуі керек.
Осы төрт ойында жеңімпаз анықталмаса, "Барыс" үшін бұдан арғы кездесулер "бір ойын түзде, бір ойын үйде" жүйесімен жалғасады. Әрі кетсе, жеті ойын өтеді.
"Трактор" – биыл өрнекті ойын үлгісін көрсетіп жүр. "Барыс" сапындағыдай екпінді бірінші бестігі жоқ. Үш бестігі – бір-біріне сай. Голды аса көп соқпағанымен, "Шығыс" дивизионында өз қақпасына ең аз гол жіберген – команда.
Жалпы екеуі – бір-бірімен деңгейлес команда. Қазақтың "апама жездем сай" дегені осындайда айтылса керек. "Барысқа" қарсыласы да – сай. Қайсысының бас бапкері біліктілік танытады, оны алдағы додалар көрсетеді.
Маруан Түсіп