Қазақ ақ қойының авторының бірі Ақтөбеде тұрады

807

Ғұмырын қазақы малды асылдандыруға арнаған қарияның ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі көп. 

Қазақ ақ қойының авторының бірі Ақтөбеде тұрады  Фото: inbusiness.kz

Асылтұқымды қой-қазақ цигайы тұқымын шығарған авторлардың бірі Сағындық Жетіғарин Ақтөбеде тұрады.  Ол ең алғашқылардың бірі болып Қобданың Жиренқопа ауылында цигай тұқымын шығаруға атсалысқан. Асылтұқымды қойды алу үшін 21 жыл уақыт керек болған,  деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

- Селекциямен 1963 жылдан бастап айналыстым. Қазақтың ақ қойының авторларының бірімін. Оны қазақы цигай деп те атайды. Кеңес заманында Қазақстанда Ақтөбеде шығарды. 1957 жылдан бастап селекция жұмыстарын жүргізіп, 1978 жылы осы түрді алып шықтық. Ол несімен ерекше болды? Біздің о баста қойдың етті әрі жүні тығыз түрін шығару  мақсатымыз болды. Мысалы, Приазовтың цигай түрі етті болғанымен, жүні сирек, ұзын болды. Ал Алгай мал зауытындағы цигайдың  салмағы салыстырмалы түрде аз, бірақ жүні қысқа, тығыз болды. Біз қысы қатты, жаздыгүні құм борайтын климатқа сай бауырында жүні бар қой түрін алуымыз керек болды. Мақсатымызға 1978 жылы жеттік. Цигай қойының қазақы түрінің еті де , жүні де жоғары сұрыпты болды. Қошқардың салмағы 95-100 келі тартса, қой- 52-54 келі болатын. Әрқайсысынан 4,5-8,5 келі жүн шығады. Әрі ол пайдалы болды. Түрлі өндіріске пайдаланды. 80-шы жылдары облыста миллион бастан астам цигай қойы болды. Қазір шаруалардың  етті-жүнді цигай қойының түрін көбейтуге аса ден қоймайды,– деп қынжылады Сағындық Жетіғарин. 

Селекционердің айтуынша, қазіргі уақытта санаулы ауданда ғана цигай асылтұқымды қойын өсіріп отырған қожалықтар бар. Ал оның жүнін еш жерде қабылдамайтындықтан, оны сақтауға келмейтінді. Сондықтан өртеп не жерге көміп тастайды. 

Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерегінше, аймақтағы 1 149 112 бас қойдың-13,8% ғана  асыл тұқымды малдың үлесінде. Оның-13 356 басы цигай, қалғандары еділбай, жартылай қылшық жүнді, құйрықты қылшық жүнді  қойдың үлесінде.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу