Қазақ ауылдарының болашағы қандай?

1046

Орыстілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.

Қазақ ауылдарының болашағы қандай?

Сamonitor.kz: "Ауылды кластерлеу: қазақ ауылдарының болашағы қандай?" деген сауал қояды аталмыш басылым. Мақала авторы "Ауыл – ел бесігі" жобасына тоқталып, соңғы жылдары қол жеткізген жетістіктер туралы баяндаған. 

Басылымның хабарлауынша, Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен жүзеге асқан "Ауыл – ел бесігі" жобасы бір жарым жыл ішінде ауыл тұрғындарының бар мәселесін шешуге көмектесетін тетігіне айналып қоймай, ауылдық жерлердің экономикалық даму драйверіне айналған.

"Ауыл – ел бесігі" жобасы іске қосылғалы бері жүздеген ауылдағы инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдар қайта жөндеуден өтті, осының арқасында әлеуеті жоғары ауыл тұрғындары үшін жарық, су, газ, сапалы жол, интернет өмір нормасына айналды. Алайда бұл жобаның басты ерекшелігі емес, бастысы жоба аясында ауыл тұрғындарына жұмыс орындары ашылды. Нәтижесінде олар тұрақты әрі лайықты еңбекақы алып отыр. Осының арқасында көптеген ауылдан қалаға кетушілердің саны азаюы мүмкін", – деп жазған мақала авторы.

Caravan.kz: "Қазақ тілін үйрету үшін мұғалім орыс тілін жақсы меңгеруі керек" деп жазады газет. Мұндай пікірді ұстаз-полилингвист маман айтқан. Басылым тілшілері осы күнге дейін неге қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлей алмай келеді деген сұрақ төңірегінде әңгіме қозғап, ұстаздың пікірін білген. 

Аталмыш басылымның хабарлауынша, неміс тілінің ұстазы Төлеу Аймағанбетова 1999 жылы Қазақстан астанасына көшіп барған. Бұл қалада мемлекеттік тілді енгізу мәселесінің өзектілігін түсініп, мамандығын өзгертеді, сөйтіп қазақ тілінің мұғалімі болып шығады. Алайда жоғары дәрежелі ұстаз үлкен аудиторияға мектеп деңгейіндегі бағдарламамен ауыса алмайды. Сол себепті ол қазақ тілін үйрететін өз әдістемесін ойлап табады. Оның әдістемесі орыс және шетел тілдері негізінде әзірленген.

"Шыны керек, кеңес кезінде қазақ тілі "белгі қою" үшін ғана оқытылатын, себебі мемлекет басым бөлігі орыс тілін меңгерген халыққа бұл тілді үйренудің қажеті жоқ деп санайтын. Ал 2000 жылдары қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде сұранысқа ие бола бастады, тілге қолайлы кез басталды", – дейді Төлеу Аймағанбетова.

Алайда тілді үйрететін пәрменді бағдарламалар, әдістемелер болмаған.

"Алғашында қазақ тілін үйрету үшін жай ғана қазақша сөйлейтін адамдарды да шақыра беретін. Сосын тіл үйрету жұмысына қазақ мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздарын тарта бастады. Бұл мамандардың еңбегін жоққа шығармаймын. Бұл жақсы мамандар. Ал дұрысында бізде қалыптасқан жағдайға байланысты қазақ тілін қос тілді мамандар үйрету керек еді", – дейді ұстаз-полилингвист маман.

Express-k.kz: "Арал туристерді несімен таңғалдыра алады?" деп жазады басылым. Бұл мақала авторының пікірінше, Қазақстанның тоқырап тұрған аймағы қатарына жататын Арал өңірінің туристік әлеуеті жоғары, алайда мемлекет бұл мүмкіндікті пайдалана алмай отыр. 

Арал өңірінің туристік әлеуетіне алматылық музыкант Дәурен Раптаев өзі барып, көз жеткізген. Сол себепті музыкант бұл істі қолға алуды көздеп отыр.

"Елдің ішінде 10 жылдан бері саяхаттап жүрмін. Өз анам Қызылордадан, сол себептен мен бұл өңірге ерекше қараймын. Бірақ мәселе тек бұл ғана емес. Аралға алғаш рет келгенде жергілікті табиғаттан ерекше әсер алдым. Шаңды боран, құм басқан ауылдар... Көмектескім келді. Кіші Аралға су тола бастағандықтан, жағдай біртіндеп реттеліп келеді, балық келе бастады. Балық шаруашылығы қайта жандана бастады, бірақ әлі істейтін жұмыс көп", – дейді Дәурен Раптаев.

Барсакелмес қорығының қызметкерлері бұл өңірге келетін туристердің баршылық екенін айтады. Олар бұл жерден жабайы табиғатты көреді. Келушілер әртүрлі, негізінен Жапония, Оңтүстік Кореядан келетіндер көп. Ресей мен Америкадан келушілер аз.

Fergana.agency: "Қытайды зерттеуші Константин Сыроежкинді Қазақстанда не үшін отырғызды?" деп жазады басылым. Бұл мақалада автор қазанның 27-і күні қазақстандық басылымдардың бірінде Константин Сыроежкиннің мақаласы жарық көргенін хабарлаған. Көп айлар бойы тіл қатпаған ғалым өз ісі туралы баяндағанын хабарлайды. 

Басылымның хабарлауынша, Константин Сыроежкин арнайы мақала жариялап, өз ісі туралы жазғанымен, бұл материалда нақтылық жоқ. Бұл оқиға төңірегінде пікір білдірген құқыққорғаушы Ғалым Ағелеуовтың ойынша, Константин Сыроежкинге қатысты шығарылған үкімге "косметикалық түзетулер" енгізіліп, негізгі үкім өзгермей қалуына байланысты ғалымның мақаласы жарыққа шығып отыр.

Мақала авторы өз материалында Константин Сыроежкиннің қандай ғалым екенін баяндап, жасаған еңбектері туралы жазған. Сонымен қатар мұндай оқиға посткеңестік елдердің қайсысында болғанын баяндаған.

Гүлмира Қамзиева


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу