Қазақстан мен Әзербайжан Каспий түбінен талшықты-оптикалық желі жүргізуге уағдаласты

873

Премьер-министр Олжас Бектеновті Бакуге ресми сапары аясында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев қабылдады.

Қазақстан мен Әзербайжан Каспий түбінен талшықты-оптикалық желі жүргізуге уағдаласты Фото: primeminister.kz

Екі мемлекеттің басшылары арасындағы сенімді қарым-қатынастың арқасында Қазақстан-Әзербайжан ынтымақтастығы серіктестіктің сапалы жаңа деңгейіне көтерілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Әзербайжан Республикасының Премьер-министрі Әли Асадовпен үкіметаралық келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастық, көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимыл, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.

2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 533 млн долларды құрады. Қазақстан Әзербайжанға 340 млн доллардан астам сомаға шикізаттық емес тауарлардың 130 түрін жеткізуді арттыруға дайын. Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға назар аударылды.

Өткен жылы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемі 62%-ға өсіп, 4,5 млн тоннаға жетті. Екі елдің темір жолдары арасында Digital Trade Corridor платформасын интеграциялау аяқталды.

Тараптар екіжақты тауар айналымын жоғары деңгейге көтеру үшін бар күш-жігерін жұмсауға ниетті екенін растады.

Кездесулер қорытындысы бойынша екіжақты бірқатар құжатқа қол қойылды. Олардың ішінде Қазақстан-Әзербайжан бағытындағы су асты талшықты-оптикалық байланыс желісін жобалау және салу жөніндегі құжат бар.

Жоба байланыстың сапасы мен сенімділігін арттыру, Азия мен Еуропа арасындағы деректерді беруді кеңейту үшін стратегиялық маңызға ие.

Сондай-ақ, келіссөздер барысында екі елдің мәдени-гуманитарлық саладағы өзара іс-қимылы талқыланды. Әзербайжан тарапы Қазақстанның Қарабақты қалпына келтіру үдерісіне қосқан үлесін жоғары бағалады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу