Қазақ балуаны күрестен қанша көлік мінгенін айтты

Ол – "Қазақстан барысының" 2 дүркін жеңімпазы.

Қазақ балуаны күрестен қанша көлік мінгенін айтты Фото: semey news

Білікті балуан Айбек Нұғымаров "Алқа" радиосына берген сұхбатында қазақ күресінің дамуын сөз еткен, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Спортшының айтуынша, пәтер мен көліктен кенде болмаған. Ол мұны ұлттық спортқа деген қолдау деп түсінеді. 

– "Қазақстан барысының" бастапқы кезеңінде 150 мың доллар, көлік, пәтер берген еді. Кейін сол кезде облыс әкімі (ШҚО – ред.) болған марқұм Бердібек Сапарбаев "қашан ұтасыңдар?" деп бізден үнемі сұрайтын. 2013 жылы мен "Қазақстан барысында" чемпион атанғанда пәтер мен көлікті сыйға тартты. Қазақ күресімен айналысып жүріп 22 рет көлік міндім. Бұдан бөлек, облыс, аудан басқарған ағаларымыздың мінгізген 4-5 көлігі бар. Ағамыз Бейбіт Ыстыбаев 34 көлік мінгенін айтады, – деді ол. 

Айбек Нұғымаров өз кезегінде қаазқ күресінің дамуына үлес қосқан бірнеше тұлғаның есімін атады. 

– Арман Шораев ағамызға қазақ күресін осындай танымал деңгейге көтергені үшін көп рақмет! Кешегі Бейсен Құранбек ағамыздың қоңыр даусымен турнирді жүргізгені де керемет еді. Ол барлық балуанды жеке танитын. Аты-жөнін ғана емес, жеке өзінің кім екеніне дейін білетін. Оның інісі Сәрсен Құранбек ағамыз да қазақ күресінде жұмыс істеді. Ол кісі – тәртіптің адамы. Тәртіп болған жерде барлық нәрсе болады, – деп сөзін жалғалды. 

Сонымен қатар, балуан қазіргі күні қазақ күресінің дамуы жоғары қарқында екенін жеткізді. 

Айта кетейік, Айбек Нұғымаров 2012 жылы "Қазақстан барысында" алғаш рет қола жүлде иеленсе, келесі жылы жеңімпаз атанды. Қызығы сол, 2018 жылы тағы қола белдікті еншілесе, 2019 жылы "Қазақстан барысында" екінші мәрте топ жарды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу