Қазақ биатлоншылары өз рекордтарын жаңартып отыр

2416

Қыс маусымы келісімен спорт сүйер қауым шаңғы мен биатлон спортын асыға күтетіні анық. Өйткені, бұл спорт түрлері жыл өткен сайын елімізде жақсы дамып келе жатыр. Әсіресе Алматыда өткен қысқы Азия ойындарынан кейін шаңғы тебушілер саны арта түскені хақ. Алдағы жаңа жылда бұйыртса осы шаһарда Бүкіләлемдік универсиада өтетіні тағы бар.

Қазақ биатлоншылары өз рекордтарын жаңартып отыр

Қазақстан құрамасы бұл жарыстарға сақадай сай деген үміт те жоқ емес.

Ал біздің осы мақалада бөліскіміз келгені – қазақтың биатлоншы жұбы Галина Вишневская мен Ян Савицкийдің көрсеткен ерлігі туралы болмақ. Олар 2016/2017 жылғы маусымдағы биатлоннан Әлем Кубогының алғашқы сатысында күтпеген жерден өз рекордтарын жаңартып отыр.

Бұл бәсеке Швецияның Эстерсунд қаласында өтуде. Алғашқы саты single mixed relay супермикст деп аталатын биатлонға енгізілген жаңа түрі. Оны халықаралық шаңғы федерациясы ресми түрде 2014/2015 жылғы маусымнан бастап Әлем Кубогына кіргізген болатын. Осы күнге дейін супермикст Әлем Кубогының төрт сатысында өткізіліп үлгерді.

Ол кезде 2015 жылдың ақпан айында алғашқы жарыс Чехияның Нове Место қаласында өткен болатын. Өкінішке қарай, біздің биатлоншылар бұл жаңа бәсекеге әлі дайын болмай, жарысқа қатыспаған еді.

Әйтсе де сол жылдың аяғында, яғни желтоқсанда Швецияның Эстерсунд қаласында болған екінші сатыға тұңғыш рет шығып, 16-орын алған болатын. Ол кезде Галина Вишневскаямен бірге жұп болып Максим Браун шыққан болатын.

2016 жылдың ақпанында супермикстің 3-ші сатысы Канаданың Кэнморе демалыс орнында өтіп, оған осы екеуі қатысып, қазақ жұбының көрсеткіші біршама жоғарылап, 11-ші нәтижемен аяқтаған болатын.

Ал енді міне, қайтадан Швецияның Эстерсундындағы 4-ші сатыға Максим Браунның орнына Галина Вишневскаямен бірге жас биатлоншы Ян Савицкий жарыс жолына шығып, керемет нәтиже көрсетіп отыр. Жұп ешкім күтпеген 5-ші орыннан бір-ақ шықты. Осылайша олар өз рекордттарын жаңартты.

Бұл жарысқа бас-аяғы 26 жұп қатысқан еді. Тартысты өткен супермиксте алдына жан салмаған француз дуэті Мари Дорен-Абер мен Мартен Фуркад 1-ші орынды жеңіп алды.

Олардан 15.9 секундқа қалып қалған Аустрия құрамасының мықтылары Лиза Тереза Хаузер мен Симон Эдер тұғырдың екінші сатысына көтерілді.

Алдыңғы орындардан бірден-бір үміткер саналған немістер Франциска Пройсс пен Эрик Лессер мәреге 25 секундтай кешігіп жетіп, қола жүлде бұйырды.

Қазақ жұбы осы Әлем Кубогында мықты саналатын командалардың бірі – Швециядан небәрі 8 секундқа ғана қалып, бесінші нәтижемен аяқтады.

6-шы орында швейцариялық дуэт Аита Гаспарин мен Марио Дольдер. Олар бізден 10 секунд кеш келді. Канадалықтар 7-ші келсе, үнемі алдыңғы орындардан ғана көрініп үйренген ресейліктер осымен 20-шы рет қатарынан алдыңғы үштікке іліне алмай келеді.

Соңғы рет Максим Шипулин ғана былтыр 8-ші сатыда француз Мартен Фуркад пен норвегиялық Йоханнес Бёданнан қалып 3-ші орын алған екен. Ал бұл жолғы жұбы Светлана Слепцова мен Антон Бабиков бізден 31 секунд қалып, 8-ші орынды қанағат тұтты. Ал Украина мен Беларусь жұптары тиісінше 9-10-шы орындарды өзара бөлісті.

Биыл Әлем кубогында қазақ биатлоншылары мынадай сапта өнер көрсетеді:

Ерлер: Ян Савицкий, Василий Подкорытов, Максим Браун, Антон Пантов, Владислав Витенко (қосалқы)

Әйелдер: Дарья Усанова, Галина Вишневская, Анна Кистанова, Алина Райкова, Ольга Полторанина (қосалқы)

Ал Бейтостоленде өтетін IBU кубогының алғашқы сатысына қазақтар мына құрамда шығады деп бекітіліпті:

Роман Еремин, Владислав Миропольский, Тимур Куц, Александра Сасина, Арина Пантова, Елизавета Бельченко, Алина Слепенко.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу