Қазақ боксшылары Хельсинкиде қирата соқты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5187

Финляндия астанасында өткен GeeBee халықаралық турнирінде еліміздің күрзі жұдырықты қырандары бес алтын, бір күміс олжалады.

Қазақ боксшылары Хельсинкиде қирата соқты Фото: kfb.kz

Хельсинкиде өткен 37-ші халықаралық турнирге біздің елден алты боксшы барған болатын. Олар – Олжас Байниязов (52 келі), Қайрат Ералиев (56 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі) Бек Нұрмағанбет (81 келі), Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі).

Ширек финалда Қайрат Ералиев британдық Ниал Фарреллді 4:1 есебімен жолынан тайдырды. Абылайхан Жүсіпов Литва боксшысы Эвалдас Петраускасты тура осындай есеппен жеңді. Василий Левит Францияның атынан шыққан Сохеб Боуафианы 5:0 есебімен, яғни айқын басымдықпен ұтты.

Жартылай финалда Олжас Байниязовтың қарсыласы, венгр Мартин Вирбан шаршы алаңға шықпай, жеңісті қолдан берді. Қайрат Ералиев ресейлік Дамир Хикматуллинді 5:0 есебімен жеңіп, финалға шықты. Абылайхан Жүсіпов те Ресей боксшысынан басым түсіп, атап айтқанда, Сергей Маргарянды 5:0 есебімен тізе бүктірді.

Бек Нұрмағамбет Нидерландтың намысын қорғаған Артем Каспарянды төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңді. Василий Левит Ресей боксшысы Владимир Узуняннан үстем түсті (5:0). Қамшыбек Қоңқабаев та олардың жеңістерін жалғастырып, француз Джамили Дини Абоудудың жолын кесті (5:0). 

Сөйтіп біздің жігіттеріміздің бәрі де финал шықты. Финалда тек Олжас Байниязов қана жеңілістің кермек дәмін татты. Ол Франция боксшысы Билал Беннамаға 1:4 есебімен есе жіберіп алды. Қайрат Ералиев 2015 жылғы Еуропа чемпионатының жүлдегері, венгр Нандора Чоканы, ал Абылайхан Жүсіпов британдық Харрис Акбарды 5:0 есебімен аса қиналмай ұтты.

Ал Бек Нұрмағамбет 2017 жылғы Ресей чемпионатының қола жүлдегері Артём Агеевті бірінші раундтың 40-ыншы секундында-ақ ұрып құлатып, нокаутпен жеңіске жетті. Василий Левит украин Константин Пинчуктен үстем түсті (5:0).

Ең ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен британдық Соломон Дакрос арасындағы жекпе-жек қызықты өтті. Қазақ боксшысы екінші раундта қабағы жарылса да, айылын жиған жоқ. Көп ұзамай есесін қайтарып, қарсыласының да қабағын жарды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Қамшыбекке берді.

Сөйтіп, Қазақстан боксшылары аз құрамда барса да, бес алтын және бір күміс жүлде олжалап, жалпы командалық есепте бірінші орынға ие болды. Ал Бектің финалдағы нокауты бірден ғаламтор арқылы шартарапқа тарап, көпшілікті тәнті қылды.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу