Қазақстан бокс федерациясының чемпионатты ұйымдастырудағы басты мақсаты Туризм және спорт министрлігінің тапсырмасы бойынша ұлттық құрамаға жас боксшыларды дайындап, резервтік құрама құру.
Турнирде жүлдегер атанған боксшыларды Қазақстан U 22 құрамасының үйлестірушісі, 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия ойындарының жүлдегері Бақыт Сәрсекбаев жаттықтыратын болады.
"22 жасқа дейінгі боксшылар арасында Қазақстан чемпионатын өткіземіз. Бұл жас дәрежесінде біріншілік жаңадан енгізілді. Оған бірнеше себеп бар. Бокс бәсекелестік аса жоғары спорт түрі. Мақсатымыз – барынша көп спортшыны қамту және жолайрықта жоғалуы мүмкін потенциалды ұстап қалу. Бұл жаста спортшыларды дұрыс жаттықтырып, қажетті бағыт беру өте маңызды. Осыны ескере отырып, чемпионат нәтижесінде іріктелген құраммен бөлек бағдарлама бойынша жұмыс істейміз. Наурыз айына Алматы облысында 21 күндік алғашқы оқу-жаттығу жиыны бекітілген. Осылайша, U 22 Азия және Әлем чемпионаттарына дайындаламыз", –дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев бұған дейін Үнді-Қытай түбегінде, яғни Вьетнамда бапкерлік қызметте болды. Ол бокстан Ханой қаласы құрама командасының кеңесші-бапкері болған. Дегенмен Президентіміздің тапсырмасымен, Спорт және Туризм министрінің шақыруымен елге қайта оралып, жас боксшыларымызды жаттықтыруда.
Білікті маманның елімізде спорттың, оның ішінде бокстың дамуына қосып жатқан зор үлесі бізді қуантады. Оның енді өз елінде жас буынның қатайып, қанаттануына жол сілтейтіні көңілімізге жылу ұялатты.
"Қазіргі Ұлттық құрама өзінің жағдайын Олимпиадада, Азия Чемпионатында көрсетті. Спортшылардың бұлай әлсіреуі бәсекелестіктің жоқтығы. Өз салмағында теке тіресіп тұрған мықты бәсекелесі болмаса, спортшы өспейді, босаңсып кетеді. Мен ең мықты Ұлттық құрамада болдым, ол кезде Бақтияр Артаев, Серік Сапиев, Гена Головкин, Серік Елеуов, Канат Абуталипов, Мейіржан Рахимжанов, Галиб Джафаров сияқты кіл мықтылар болды. Бір салмақта 5-6 мықтыдан болдық. Ұлттық Құрама әкеңнің төрі емес екенін білеміз, еркелігің ешкімге керек емес, қалт етсең сенің орныңды басатын резрв толып жүр, тек жаныңды салып, тер төксең ғана дегеніңе жете аласың. Жыртылған аяқ киімді өзіміз тігіп алып, кірімізді өзіміз жудық.
Жыртық матраста, бір бөлмеде 3-4 баладан жатып, Бүргөліктің тау мен тасын кезіп жаттыққан сол құрама елімізге бірнеше Олимпиада/Әлем жеңімпаздарын берді", – деп жазады Бақыт Сәрсекбаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, қазақстандық бапкер қазіргі таңда боксшыларға дайындық жұмыстарын жүргіуге тамаша жағдай жасалғанын ерекше атап өтті.
"Қазір мен бірнеше спорт базаларын аралап көрдім, керемет жағдайлар жасалған. Тіпті біз армандамаған нәрселер бар. Тек дайындал да, нәтиже көрсет. Қуантарлығы – талантты жастар баршылық, қынжылтарлығы – бүгінгі бокстың стилі түбегейлі өзгеріп кеткен. Осы соңгы 10-15 жылда баяғы қазақ стилі 100% өзгеріске ұшыраған. Менің жаттығуларым жеңіл болмайтынын боксшылар біледі, сол үшін де маған жүрегінде түгі бар, көзінде оты бар, амбициясы биік, жаттығудан шаршамайтын балалар ғана келеді. Олимпиада чемпионы болам дегендер келеді. Ал, мен болсам оларға баяғы қазақ стилімен, өз техникаммен бөлісіп, Олимп шыңына жеткізуге барымды саламын", – дейді Бақыт Сәрсекбаев.
Сонымен, бүгін Талдықорғанда чемпионаттың жеребе тарту рәсімі өтті. Турнирде 2003-2006 жылы туылған спортшылар 46-48 келі, 51 келі, 54 келі, 57 келі, 60 келі, 63.5 келі, 67 келі, 71 келі, 75 келі, 80 келі, 86 келі, 92 келі, +92 келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түседі. Боксшылар 13-ақпан күні жарыс жолын бастайды.