Қазақ даласына Еурокубок додалары келді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1788

Бүгін Еуропа лигасының алғашқы сатысындағы бірінші ойындары өтіп, еліміздің үш клубы додаға түседі

Қазақ даласына Еурокубок додалары келді

Еуропа лигасы

29 маусым күні, яғни бүгін кешке Еуропа лигасының бірінші іріктеу сатысындағы алғашқы ойындары өтеді. Соның екеуінің ысқырығы қазақ топырағында безілдейді. Павлодардың "Ертісі" мен Болгарияның "Дунав" (Русе) клубтары арасындағы ойын біздің уақытпен 20:00-де басталады. Ал Алматының "Қайраты" мен Литваның "Атлантас" (Клайпеда) клубтары Алатау бөктерінде 20:45-тен бастап додаға түседі.

Еуропа лигасында біздің елдің атынан сынға түсетін үшінші клубымызға келер болсақ, "Широки Бриег" (Босния және Герцеговина) мен "Ордабасы" (Шымкент) арасындағы, түзде өтетін матч 00:30-минутта басталады екен. Яғни біздің уақытпен – бейсенбіден жұмаға ауған түні (ресми түрде 30 маусымда).

Осы ретте айта кетейік, "Ордабасы" мен "Широки Бриег" клубтары УЕФА-ның рұқсатымен үйдегі ойындарын ауыстырып отыр. Жеребеге сай, екеуара кездесулері Шымкент пен Широки Бриегте емес, әуелі Боснияда, содан соң Қазақстанда өтеді.

Шымкенттің стадионы халықаралық талаптқа сай болмағандықтан (УЕФА лицензиясын әлі алмаған), "Ордабасы" үйдегі ойындарын Алматыда өткізеді. Ал 29 маусымда "Қайрат" "Атлантасты" қабылдайды. Ауызекі тілмен айтқанда, стадион бос емес. Бір күнде екі ойын өткізудің реті келмейді. Өйткені, бұл – елішілік кездесулер емес, халықаралық ресми матчтар.   

Сондықтан Оңтүстік Қазақстан облысы командасы "Широки Бриег" клубымен келісіп, УЕФА-ның "батасын" алып, үйдегі ойындарын ауыстырып отыр. Енді бірінші ойын Лиштица өзенінің жағасында, ал қарымта матч Алатау бөктерінде өтеді.

Қазақстан жанкүйерлері үш клубымызға да сенім артып отыр. "Қайраттың" жеңіске жететіндігіне ешкім де күмән келтірмейді десек те болады. "Ертіс" өз алаңында бір-екі доп айырмасымен ұтады деп үміттенеміз. Ал "Ордабасы" түзде тең түсіп келсе, жаман болмас еді. Жеңіске жетсе – нұр үстіне нұр...

Чемпиондар лигасы

Иә, білеміз, футбол жанкүйерлерінің көбісі "ал "Астана" ше" деп, тықыршып отырған болар. Елорда клубы Чемпиондар лигасын екінші іріктеу сатысынан бастайды. Бұған дейін жазғанымыздай, Латвия чемпионымен кездеседі.

Бір қызығы, "Астана" мен "Спартак" (Юрмала) клубтары да УЕФА-ның келісімімен үйдегі ойындарын ауыстырып отыр.

Жеребе бойынша бірінші ойын елордада, екіншісі Юрмалада өтуі керек болатын. Алайда екі команда өзара келісіп, УЕФА-ның рұқсатын алып,12 шілдеде Латвияда, ал 18-інде Қазақстанда додаға түсетін болыпты.

Себеп, Латвия чемпионы Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойындарын ұмытылмас мереке ретінде өткізбекші болып, дайындалып жатқан көрінеді. Олар бұған дейін екі жыл Еуропа лигасында бақ сынаған. Еуропа чемпиондары додасында алғаш рет өнер көрсетеді.

Егер бірінші ойын Астанада өтсе, Қазақ елінің азулы чемпионынан жеңіліп қалулары мүмкін екендерін жақсы біледі. Әрі ойсырай ұтылып қалулар да ықтимал. Олар "Астананың" деңгейі өздерінен жоғары, тәжірибесі мол екендігін мойындайды.  

Ақылға қонымды. Түзден ойсырай ұтылып келсе, онда қарымта матчқа көрермендердің көп жиналмауы да мүмкін. Өз жерлерінде өтетін Чемпиондар лигасының алғашқы ойынын мереке ретінде ұйымдастыру да оңайға түспейді. Сондықтан "Астананың" қарсыласы бірінші ойынды Юрмалада өткізуге мүдделі болған секілді.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу