Қазақ дербиі

962

Нұрбек Оралбай Қытай құрамасының намысын қорғайтын этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханмен әлем чемпионатының алтынына таласады.

Қазақ дербиі

Бүгін, 14 мамыр Ташкентте (Өзбекстан) бокстан 2023 жылғы әлем чемпионатында финалдық жекпе-жектердің екінші күні өтеді. Бұл жолы Қазақстан атынан үш былғары қолғап шебері өнер көрсетеді.

Рингке бірінші болып 54 келі салмақта өзбекстандық Ойбек Джураевпен жұдырықтасатын Махмуд Сабырхан шығады. Төртінші жекпе-жекте 71 келіге дейінгі салмақтағы Асланбек Шымбергенов турнирді қабылдаушы елдің тағы бір өкілі Саиджамшид Джафаровпен кездеседі. Бесінші жұпта 80 келіге дейінгі салмақта қазақ дербиі өтеді. Азия чемпионатында қола жүлдегер, ал 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған жерлесіміз Нұрбек Оралбай финалда Қытай құрамасының намысын қорғайтын этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханмен жекпе-жекке шығады.

Жекпе-жектердің тікелей көрсетілімі Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады және Qazsport телеарнасынан тамашалауға болады.

Еске салайық, финалдың бірінші күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан бір алтын жеңіп алды. Санжар Тәшкенбай (48 келі) өз салмағында чемпион атанса, Дулат Бекбауов (67 келі) әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Біріншілікке 104 елден 600 аса былғары қолғап шебері қатысты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер 13 салмақ дәрежесі бойынша анықталуда. Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) алтын медаль иегеріне 200 000 АҚШ долларын, екінші орын алған боксшыға 100 000 және екі қола жүлдегердің әрқайсысына 50 000 АҚШ долларынан сыйақы береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу