Қазақ елі әлемдегі бірнеше мемлекетті өз қамқорлығына алды

10483

Олардың қатарына қандай мемлекеттер қосылып отыр?

Қазақ елі әлемдегі бірнеше мемлекетті өз қамқорлығына алды Фото: newsib.net

Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан Үкіметінің төтенше резерві есебінен гуманитарлық көмек көрсетілетінін жариялады.

Ізгілік жәрдем "Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен қаражат бөлу туралы" деп бірдей аталған былтырғы 26 желтоқсандағы №1193 және 28 желтоқсандағы №1212 Үкімет қаулылары аясында жүзеге асырылып отыр.

"Бұл шығыстар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың құнын өтеуге бағытталған. Атап айтқанда, ел Үкіметінің 2023 жылғы 26 желтоқсандағы №1193 қаулысына сәйкес, Ауғанстанға ресми ізгілік көмек көрсету үшін "СҚ-Фармация" ЖШС ұсынған дәрілік заттардың құнын өтеуге жалпы сомасы 298 млн 375,7 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ Қазақстан Үкіметінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №1212 қаулысына сәйкес, Палестина мемлекетіне ресми ізгілік көмек көрсету үшін "СҚ-Фармация" ЖШС ұсынған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың құнын өтеуге жалпы сомасы 66 млн 88,1 мың теңге қаражат берілді", – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігі.

Ведомствоның дерегінше, гуманитарлық көмекке бағдарланған "100 – ҚР Үкіметінің төтенше резерві есебінен ағымды іс-шаралар өткізу" аталған бюджеттік бағдарлама аясында 2022 жылы – 585,9 миллион, 2023 жылы – 386,4 миллион, 2024 жылы – 364,4 миллион теңге бөлініпті.

ДСМ желісі бойынша 2021–2023 жылдардағы гумкөмек негізінен, пандемия және оның зардаптарымен күреске бағытталды. Сондықтан аталған екі елге 25 мың доза отандық "QazVac" вакцинасы, 4 008 бірлік түрлі дәрі-дәрмек, 6 миллион дана үш қабатты маска, 850 мың респиратор, 50 мың қорғаныс костюмі, 105 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты тегін ұсынылған көрінеді  

Бұл ретте Ауғанстанға көмек Үндістан аумағы арқылы жеткізілген екен. Тиісінше, ізгілік жүктерін де Алматы-Дели маршрутымен ұшақтар тасымалдаған.

2024 жылы Қазақстанның Ауғанстан және Палестина мемлекеттеріне тегін 1 605 149 дәрі-дәрмек, 1 559 400 бірлік үш қабатты медициналық бетперде, 26 бірлік обаға қарсы жинақ жеткізіп беретіні көрсетілген.

Жалпы, Ауғанстан мен Пәкістанға дәрілік заттарды жеткізуге биыл 364 миллионнан астам қаражаттың бөлінуін қазақстандықтар сынға алуы мүмкін. Бұл түсінікті де Үкімет алдымен өз жұртын жарылқап алғаны жөн. Дегенмен, бұл соманы көп деуге келмейді.

Finprom мониторинг агенттігінің сарапшылары еліміздің кімге көмектескенін және кімнен көмек алғанын анықтады.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында Қазақстан түрлі елдерге 5 миллион долларға гуманитарлық көмек жіберіпті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,4 есе аз!

Жылдарға тарата айтсақ, қазақ елі өзге зәру мемлекеттерге 2019 жылы – 1,3 млн, 2020 жылы – 3,1 млн, 2021 жылы – 7,5 млн, 2022 жылы – 11,8 млн, 2023 жылы – 5 млн доллар ізгілік жүгін аттандырды. Яғни, көмегінің көлемі былтыр кейінгі үш жылдағы ең төмен көрсеткішке жетті.

2022 жылғы артуды Украинаға көмекпен түсіндіруге болады.

Бірақ қазақтың қамқорлығын ауғандар көбірек көруде. Республикамыздан жіберілген гуманитарлық көмектің жартысынан астамы Ауғанстанға жөнелтілді.

Қазақстанның мұқтаж елдерге жеткізген гуманитарлық көмегінің:

  • жартысынан астамы – азық-түлік тауарларына тиесілі (2 млн 844,3 мың доллары). Бұл 2022 жылға қарағанда бірден 44,1% көп (1 млн 973,7 мың доллар болған).  
  • Одан кейін киім мен аяқ киім тұр (244,7 мың доллары). Көлемі бір жыл бұрынғыдан (369,7 мың доллардан) үштен бірге кеміген.
  • Тағы 89,7 мың доллары машиналар мен жабдықтарға жұмсалды. Бір жыл бұрынғыдан (135,7 мың доллардан) 33,9% азайды.
  • 2022 жылы Қазақстан түрлі елдерге 4 млн 394,4 мың долларға дәрі-дәрмектер, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны жеткізіпті. 2023 жылы бұл сома 0,001 мың долларға дейін құлдырады.
  • Қалған тауарлар мен керек-жарақтар 1 миллион 775,1 мың долларды құрады. Бұл санат 2022 жылы 4 млн 937,3 мың долларға жетіп еді.

Өткен жылы еліміздің өзі шетелден 25,6 миллион доллар гумкөмек алды. Осы көрсеткіш 2022 жылға қарағанда 3,4% өсті. Жылдарға бөлсек, Қазақстан әлемдегі түрлі қайырымды елдерден 2019 жылы – 9,9 млн, пандемия елдің еңсесін езген 2020 жылы – 19,1 млн, 2021 жылы – 19,1 млн, 2022 жылы – 24,8 млн, былтырғы 2023 жылы 25,6 миллион доллар гуманитарлық көмек алды. Яғни, қазақ еліне көмек сұйылмай, артып келеді.

2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында республикамызға шетелден табысталған барлық гуманитарлық көмектің:

  • жартысына жуығы дәрі-дәрмек (12 млн 98,7 мың доллар). 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,7% көп (2022 жылы елімізге 11 млн 669,2 мың доллардың медикаменттері тегін беріліпті)
  • 501,1 мың доллардың киімі мен аяқ киімі гумкөмек түрінде берілген. Бірқатар сарапшы олардың бір бөлігі жетімханаларға, қарттар үйлеріне және басқасына түспей, "сэконд-хэнд" немесе "аутлет" аталатын дүкендер желісіне түсуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Қалай болғанда, тегін киім-кешек легі азайып келеді: көлемі бір жыл бұрынғыдан бірден 2,2 есе кеміді. 2022 жылы 1 млн 102,6 мың доллардың киімі мен аяқ киімі кеденде "гумкөмек" ретінде рәсімделген.
  • Тегін берілген машиналар мен жабдықтар былтыр небәрі 30,7 мың долларды құрады және бір жыл бұрынғыдан бірден 7,5 есе аз (231,5 мың доллар болып еді). Бұған Ресейге сатуға санкция қойылған тауарлармен күрес те ықпал етуі мүмкін. Көршіге бағытталуы ықтимал дрондар, қосарлама мақсаттағы бұйымдар және басқа да жабдықтар елімізге Қытайдан, Батыс елдерінен енгізілгенде, "гумкөмек" ретінде рәсімделуі, ары қарай айналма жолдармен Ресей асуы ғажап емес.
  • Басқа тауарлар 12 миллион 974,7 мың долларға жетті. 2022 жылы бұл санат 11 млн 759,4 мың долларды құраған.

Қазақ еліне қандай елдер қамқор?

2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында алынған гуманитарлық көмектің жалпы көлемінің басым бөлігін, 20 миллион 718,6 мың долларын тауарлар күйінде бір ғана Бельгия жеткізіпті. Айтарлықтай көлемі былтыр Германиядан келді (3 миллион 577,4 мың доллары).

Одан кейін Италия (714,7 мың доллары), Қытай (271,3 мың доллары) және Румыния (206,6 мың доллары) орналасты. Осы бес елдің еншісі барлық алынған гуманитарлық көмектің 99,5%-ын құрады.

Өткен жылы елімізге АҚШ-тан – 61,4 мың, Жапониядан – 13,4 мың, Аустралиядан – 13,4 мың, Швейцариядан – 11 мың, Үндістаннан – 9,3 мың, Словакиядан – 6,8 мың доллардың, Гонконгтен – 600 доллардың (мың емес), Франциядан – 500 доллардың, Ұлыбританиядан – 300 доллардың ізгілік көмегі түсті.

Өз көмегімізге оралсақ, 2023 жылдың қаңтар-желтоқсанында Қазақстан 6 елді "қанатының астына" алып, гуманитарлық көмек жіберді.

Жалпы көлемінің жартысынан астамын немесе 2,6 миллион доллардың көмегін Ауғанстан иеленді. Соның ішінде 2,5 миллион долларға азық-түлік, астық тегін жеткізілді.

Одан кейін Тәжікстан орналасты (қазақтардан 1,8 миллион доллардың қайтарымсыз көмегін алды).

Жер сілкінісінен қатты зардап шеккен Түркияға Қазақстан 338,6 мың доллардың көмегін көрсетті.

Ұзаққа созылып кеткен соғыстан қансырап, қалжыраған Украинаны Қазақстан Үкіметі былтыр небәрі 140,3 мың доллар гуманитарлық көмегімен ғана демеді.

Мысырға 59,8 мың доллар және Сирияға 11,5 мың доллар ғана тұратын ізгілік жүгі жөнелтіліпті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу