Қазақ елі футболшылары Андорра құрамасын тізе бүктірді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5655

Еліміздің ұлттық құрамасы Ұлттар лигасы додасында алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Қазақ елі футболшылары Андорра құрамасын тізе бүктірді Фото: kff.kz

Бұған дейігі үш ойында да жеңіске жете алмаған, әрі небәрі екі-ақ гол соққан Қазақстан құрамасына жанкүйерлеріміз өкпелі еді. Өйткені, өз алаңымызда Грузиядан ұтылып, түзде Андорраға шамасы жетпей, осыдан үш күн бұрын Латвиямен тең түскен-ді. Төртінші турдағы Андорра құрамасымен өтетін матч қарсаңында ұлттық құрамамыздың бас бапкері Станимир Стоилов кейбір шәкірттерінің сенім үдесінен шыға алмай жүргендігін, енді негізгі құрамға өзгеріс енгізіп көретіндігін меңзеген болатын.

Сонымен, UEFA Ұлттар лигасының төртінші турында Қазақстан құрамасы негізінен жалын атқан жастарға сенім артты. Үш ойында бірде-бір гол соға алмаған шабуылшымыз, яғни Алексей Щеткин қосалқы құрам орындығына жайғасты. Жас талант Еркебұлан Сейдахмет алғашқы минуттан бастап алаңға шықты. Шабуыл өтінде Бауыржан Тұрысбек ойқастады.

Матч аса жоғары жылдамдықта басталған жоқ. Қонақтар тіпті қарсы шабуыл ұйымдастырып, тайталасып бақты. Бірақ Қазақ елі құрамасының жігіттері бірте-бірте қарқындарын үдетіп, көсіле сілтей бастады. Әсіресе сол қанатта Бауыржан Исламхан теңбіл допты ұршықша иіріп, Андорра қорғаушыларын әбден састырды. Бірінші гол да "Баторидің" тамаша пасынан кейін соғылды.

21-минутта Қазақ елі құрамасының капитаны сол қанатта қонақтардың үш қорғаушысын сеңдей соғылыстырып, ала допты қақпа алдына әуелете асырды. Доғаша иіліп, көлбеу ұшқан допты Еркебұлан Сейдахмет ышқына секіріп, басымен қақпаға "қадады". "Еркошты" аңдыған Андорра қорғаушысы да, қақпашысы да қапы қалды. Гол! Стадионға жиналған көрермендерден "ес кетті"...

Бұл гол біздің футболшыларымызды жігерлендіре түскендей болды. Олар емін-еркін ойнап, қонақтарды тықсыра түсті. Өздеріне деген сенімдіктері арта түскендей болды. 39-минутта оң қанаттан өрбіген Бейсебеков – Сейдахмет – Тұрысбек ойын өрнегі өте сәтті аяқталды. Соңғысы допты тоқтатпай теуіп, алыстан Андорра қақпасының оң жақ бағанасының түбін дәл көздеді. Гол! Есеп – 2:0.

Ойынның бірінші жартысында тағы да бірлі-екілі мүмкіндіктер болғанымен, есеп өзгерген жоқ. Ал екінші таймның басында Еркебұлан Сейдахмет әуелеп келген допты ту сыртындағы қақпаға қайшылап теуіп, стадионды дүр сілкіндірді. Өкінішке қарай, Андорра қақпашысы Жозеп Гомес бұл соққыны тойтарып, допты алаң сыртына шығарып жіберді. Әйтсе де, алаң иелері шабуылды үдетіп, қонақтарын әбігерге түсіре бастады.

61-минутта Бауыржан Исламхан тағы да сол қапталдағы Андорра қорғаушыларының екі аяқтарын бір етікке (бәлкім, бутсыға дерміз) тықты. Екеуін бірдей алдап өтіп, допты көлбеулете қақпа алдына қарай тепті. Ал Жозеп Гомес  дедек қаққан теңбіл допты кеудесіне қысып ұстап ала алмай, қолынан шығарып алды. Шыр айналған ала доп қақпа бағанасына тиіп, тор ішінде тулады. Гол!

Көп ұзамай Андорра құрамасының жартылай қорғаушысы Жорди Алаес бір минуттың ішінде екі рет ескерту алып, алаңнан қуылды. Бұдан кейін екі команданың ойыншылары да сәл саябырсып қалғандай көрінді. Себебі қонақтар енді ойынға қандай да бір өзгеріс енгізе алмайтындықтарын мойындағандай болды. Ал біздің жігіттер жеңісті уыстарынан шығармайтындықтарына сенімді еді.

Матч соңына дейін біздің құрама тағы бір доп салды. Сол қанаттан Ғафуржан Сүйімбаевтың асырған добын Бахтиер Зайнутдиновтың орнына шыққан Роман Муртазаев басымен қақпаға тура бағыттады. Гол. Есеп – 4:0. Астананың дымқыл тұманды, ылғалды қара суығында стадионға келген көрермендер ауа райын да ұмытып, мәре-сәре болды.

Бұл – Қазақстан құрамасының соңғы үш жылдағы ресми ойындарда қол жеткізіп отырған бірінші жеңісі. Соңғы рет 2015 жылғы 13 қазан күні "Еуро-2016" іріктеу турнирі аясында Латвия құрамасын Ригада ұтқан болатын (1:0). Ал өз алаңымызда жеңіске жетпегелі алты жыл болған еді. 2013 жылы 6 қыркүйекте 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасын аясында Фарер аралдары футболшыларын жеңген (2:1).

Қазақстан – Андорра – 4:0

Голдар: Сейдахмет, 21. Тұрысбек, 39. Гомес, 61-автогол. Муртазаев, 74.
Ескертулер: Тұрысбек, 90+1 – Алаес, 63. Ребес, 73.
Алаңнан қуылды: Алаес, 64 (екінші ескерту).
Қазақстан: Эрич, Сүйімбаев (Вороговский, 82), Логвиненко, Постников, Бейсебеков, Жуков, Мұжықов, Исламхан, Сейдахмет (Федин, 77), Зайнутдинов (Муртазаев, 72), Тұрысбек.
Андорра: Гомес, Сан-Николас, Ильдефонс Лима, Льовера, Чус Рубио (Марк Гарсия, 84), Валес (Морено, 79), Ребес, Сервос, Родригес, Алаэс, Пухоль (Ферре, 89),

Төрешілер: Бойко, Беккер, Войтюк (бәрі де – Украина)

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 17 – 3
Тура соққы: 7 – 0
Қиыс кеткені: 6 – 3
Тойтарылғаны: 4 – 0
Бұрыштама соққылар: 3 – 1
Офсайдтар: 0 – 1

Допқа иелік ету: 74% – 26%
Ескерту (сары қағаз): 1 – 3

Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1

Ереже бұзу: 15 – 26

D лигасы. 1-топ. Төртінші турдағы екінші матч:

Латвия – Грузия – 0:3

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу