Қазақ елі Ислам әлемінің игілігіне қол жеткізеді

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2353

Ислам даму банкінің қаржысын тарту арқылы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға болады.

Қазақ елі Ислам әлемінің игілігіне қол жеткізеді

Ислам әлеміне қатысты болудың экономикалық пайдасы да бар. Сонымен бірге бұл ғылым мен технологияны ілгерілетуге ықпал етеді. Мәжілістің сәрсенбі күнгі жалпы отырысында баяндама жасаған ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйінін осылай түюге болады.

Қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартады. Елбасының айтуынша, біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді.

Айтқандай, биылғы қоңыр күзде Нұрсұлтан Назарбаев төрткүл дүниенің әр тарапынан мұсылман елдердің басшыларын қазақ жеріне жинап, ұлы құрылтай өткізеді деп күтілуде. Бұл туралы қалаулыларға үкімет мүшелері айтып берді.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтың мәліметінше, 2017 жылғы 10-11 қыркүйекте Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) бірінші саммитін өткізу жоспарланып отыр. Ғылым және технологиялар тақырыбына арналатын бұл саммитке ислам мемлекеттері лидерлерінің жиналуы елордадағы ЭКСПО-2017 жаһандық көрмесінің жабылу салтанатына тұспа-тұс келмек.

Бұл ақпаратты сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов растады. Оның дерегінше, мұндай саммитті өткізу бастамасын ИЫҰ бас хатшысы көтерген. Содан оны ұйымдастыру Пәкістанға жүктеліпті. Алайда бұл ел өзіне осы міндетті алуға қауқарсыз болып шыққан.

"Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев саммитті өткізу бойынша барлық міндеттемені Қазақстанға алу туралы шешім қабылдады. Ол осындай жаһандық шараны ұйымдастырудың жұмыс жоспарын бекітті. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша біздің сыртқы істер министрлігі негізгі әзірлеуші болып табылады. Саммитті өткізгенге дейін аға лауазымды тұлғалардың бірқатар кеңестері өтеді. Мысалға, шара қарсаңында еліміздің білім және ғылым министрлігінің қолдауымен, үлкен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылады. Ал саммитке мемлекет басшылары шақырылып отыр. Қазіргі кезде қатысатындығын растаған елдердің тізімін құрудамыз. Бүгінде шараға келетіндігін ендігі 10 мемлекет мақұлдады", – деді Ақылбек Камалдинов.

Жалпы егер Қазақстан жетекші мұсылман елдерінің инвестициялық тасқынын өзіне бұра алса, қаржының астында қалар еді. Өйткені бұл тасқын миллиардтаған емес, триллионнан астам долларға барады.

Қазақ елі бұл нарыққа кейінгі жылдары мұқият ден қоя бастады. Соның бір нышанындай Мәжіліс осы жиынында "Ислам Конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімді" ратификациялады.

Бұл құжаттың мән-маңызын түсіндірген ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Ислам ынтымақтастығы ұйымы қатысушыларының саны, географиялық ауқымы мен мамандандырылған құрылымдар желісі жағынан Біріккен ұлттар ұйымынан кейінгі 56 мемлекетті біріктіретін ірі халықаралық ұйым болып табылатынын мәлім етті.

Қазақстан бұл ұйымға 1995 жылы толық құқықты мүшеге айналды. Бұл ИЫҰ-ға мүше мемлекеттермен байланыс орнатуға, Қазақстанның ислам кеңістігіндегі саяси және экономикалық процестерге белсенді қатысуына септігін тигізді.

Ал парламентке енгізіліп отырған ұйымға мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы "бас келісім" 1977 жылдан бастап, "экономикалық ынтымақтастықты" регламенттейтін ИЫҰ-ның басты негіздемелік құжаты болып табылады.

Үкіметтің сараптамасына сәйкес, бұл "келісімге қосылу мұсылман елдерімен тығыз әріптестік қатынастардың дамуына серпін береді, ислам қаржы және экономикалық институттарымен ынтымақтастықты жандандырады".

Рас, неге екені белгісіз Қазақстан биыл қырық жыл толатын құжатқа тек 2015 жылғы 25 қарашада, Стамбұл қаласында қол қойыпты.

Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратынша, "бас келісім" арқылы Қазақстан ислам елдерімен бірден бірнеше бағыттағы ынтымақтастығын нығайтуға ниетті.

Ислам елдеріне мол астық жол тартады

Сауда саласында бұл құжат мүше елдердің бір-бірімен тең құқылы және кемсітпейтін сауда қатынастарын қолдануға, сауда алмасуларын кеңейтуге және дамытуға күш-жігер жұмсауға ұмтылыстарын көздейді.

"ИЫҰ-ның көптеген елдері еліміздің басты сауда әріптестері болып есептелмейді. Дегенмен Қазақстанның жалпы тауар айналымындағы ИЫҰ-ға мүше елдермен сауда көлемінің үлесі үдемелі түрде өсіп келеді. Егер 2012 жылы үлес 7,2% болса, 2016 жылғы қаңтар-қазанда ИЫҰ елдерінің үлесі – 10,2%-ды құрады. Үлестері Қазақстан экспортының 11,4%-ын құрайтын ИЫҰ-ға мүше елдер біз үшін отандық өнімді, бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізунарығы ретінде қызығушылық тудырады", – дейді министр.

Айтқандай, 2011 жылғы маусымда өткен Астана қаласында өткен ИЫҰ сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-сессиясы кезінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласында Ислам ынтымақтастығы ұйымының жаңа институтын – "Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын" (АҚИЫ) құру туралы бастама көтерді. Аталған бас келісімнің бізде күшіне енуі осы "мұсылмандық" жобаны ілгерілетуге өз септігін тигізеді.

"Аталған орган Қазақстан республикасына азық-түлік экспортының әлеуетін кеңейтуге тікелей тиімділік береді, АҚИЫ қызметі шеңберінде Қазақстанның ең аз дегенде жылына 1 миллион тонна бидайды экспорттап отыруға мүмкіндігі болады. Сонымен қатар Ислам даму банкінің ақшалай қаражатын тарту арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алады", – деді Тимур Сүлейменов.

Триллиондық қазынаға қол жетеді

ИЫҰ-ға мүше елдер, әсіресе Сауд Арабиясы, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ), Қатар, Бахрейн сияқты араб елдерінің тобы – бүкіл әлем бойынша дамыған және дамушы мемлекеттер экономикалары үшін ірі инвесторлар болып табылады. Атап айтқанда, БАӘ инвестициялық қорларының ресурстары 1 триллион долларды құрайды.

"Осы айтылған елдердің біздің экономикаға құйған тікелей шетелдік инвестицияларының көлемі 2,3 миллиард долларға жетті. Бірақ соның ішінде басты инвестициялық серіктесіміз – БАЭ болып отыр. Ол бір өзі экономикамызға 1,8 миллиард доллар салды. Сондай-ақ ИЫҰ институттарының бірі болып табылатын Ислам даму банкінің қолдауын атап өту қажет. Бас келісімді ратификациялау тағы да Қазақстанның ислам әлемімен инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға деген ниетін растайды және осындай ынтымақтастықтың құқықтық өрісін кеңейтеді", – дейді бас экономист.

Адамзат баласында ғылым Шығыстан басталған. Тіпті қазір бүкіл әлем пайдаланатын, экономистер мен қаржыгерлердің басты қаруы – барлық цифрлар арабтікі.

"Антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұсылман дүниесінің қамтамасыз еткенін тарихтан ұмытпауымыз керек, – дейді мемлекет  басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. – Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді. Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұсылмандық Шығыстан христиандық Батысқа қарай жылжыған. ...Біз бүгінгі әлемде уақыт талабына толықтай жауап бере алатын мұсылман елдерін де көріп отырмыз. Ақпараттық қоғамның, өнеркәсіптік және қаржылық саладағы техологияның жетілген үлгілері баршылық. Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар. Бұл ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, болашақта да қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатындығының жарқын айғағы"

Капиталдан басқа ислам елдерінде озық технологиялар бар. Жетекші мұсылман елдері, әсіресе, мұнай экспорттаушылары қазір өз экономикаларының шикізаттың экпортына негізделген даму моделін өзгертуге күш салуда. Олар экономикалық жаңғырту саясатын жүргізуде, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға сүйенетін экономиканың озық секторларын қаржыландыруда.

"Бұл тұрғыда Қазақстанға сарапшы тарту, бірлескен зерттеулер жүргізу және білім беру стипендияларын алу арқылы тәжірибе және техникалық мүмкіндіктермен алмасуға мүмкіндік беріліп отыр", – дейді Тимур Мұратұлы.

Есепті дос айырылыспас

Бір қызығы, Ислам елдері ұйымының бас келісімін Қазақстан 2 ескертпе енгізіп және 1 мәлімдеме тіркеп барып қана қол қойыпты. Мұның себебін ел үкіметі мамандары түсіндіреді.

1.​6-бапқа ескертпеде былай делінген: "Қазақстан Республикасының үкіметі Бас келісімнің 6-бабын осы Келісімге қатысушыларға Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын міндеттемелерге залал келтірмей, кез келген басқа үшінші мемлекет үшін қолайлылығы кем емес режимді ұсыну міндеттемесі ретінде қолданатын болады".

Бұл ескертпе не үшін керек? Бас келісімнің 6-бабы ИЫҰ-ға мүше елдердің жұмыс күшіне жеңілдіктер мен артықшылықтар беруді көздейді. Яғни, мұсылман елдер арасында жұмыс күші еркін қозғалады. Ал Қазақстан бұған бара алмайтын көрінеді.

"Халықты жұмыспен қамту" туралы 2016 жылғы 6 сәуірдегі заңның талаптарына сәйкес, ішкi еңбек нарығын қорғау мақсатында Қазақстан үкiметi шетелдiк жұмыс күшiн тартуға қатаң квота белгiлейдi. Осылайша, шектейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жұмыс күші тек Ресей, Беларусь, Армения және Қырғызстанға қатысты ғана шектелмейді. Өйткені еліміз Еуразиялық одақ шеңберінде міндеттемелер қабылдаған.

Қазақстан тарапы бұлардан басқа, қандай да бір басқа елге жұмыс күшіне қатысты неғұрлым қолайлы жағдайлар ұсыну жөнінде өзіне міндеттеме алған жоқ. Тиісінше, ИЫҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің азаматтары еңбек мигранты ретінде тек Қазақстанның ұлттық заңнамасына сәйкес, квота аясында ғана тартылуы мүмкін.

Өз кезегінде еліміздің бас экономисі Тимур Сүлейменов те Қазақстанға бір жарым миллиардқа жуық халқы бар Қытайдың, жұмыс күші артық Орталық Азияның және тынышсыз Ауғанстанның жақын орналасуы, бұл елдермен тығыз экономикалық қатынастарының болуы елімізді еңбек көші-қонын реттеуге итермелейтінін алға тартады.

Бұл проблема елдің ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық мүдделеріне тікелей ықпал етуі мүмкін.

Тағы бір ескертпе тек Қазақстан үшін құжаттың 2.​8-бабына енгізілді:

"Қазақстан республикасының үкіметі бас келісімді өзі қатысушысы болып табылатын еркін сауда аймағы және кеден одақтары туралы келісімдер шеңберінде бекітілген өз құқықтары мен міндеттемелеріне залал келтірмей қолданатын болады. Қазақстан республикасының үкіметі Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жүргізілетін сыртқы сауда саясатына сәйкес Ислам Конференциясы ұйымына мүше мемлекеттермен преференциялық сауда келісімдерін жасасу және/немесе саудада жеңілдік режимін белгілеу құқығын өзінде қалдырады" делінген онда.

Бұл ескертпені енгізуді Еуразиялық экономикалық одақ талап ететін көрінеді.

Себебі ЕАЭО-да үшінші елдерге қатысты бірыңғай сыртқы сауда саясаты жүргізіледі. ЕАЭО шеңберінде қазіргі уақытта Израиль, Иран, Үндістан, Мысыр, Сингапур елдерімен еркін сауда туралы келісімдер жасасу жөнінде белсенді жұмыс жүргізілуде. 2016 жылы Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі алғаш рет Вьетнаммен еркін сауда туралы бірінші шарт күшіне енді. Сондай-ақ, Қазақстан ТМД-ның 8 мемлекетімен қатар бажсыз сауда режимін көздейтін Еркін сауда аймағы туралы шарттың қатысушысы болып табылады.

Осылайша, Еуразиялық экономикалық одақ, ТМД Еркін сауда аймағы туралы шарт және еркін сауда туралы екі жақты келісімдер шеңберіндегі халықаралық міндеттемелерге қайшы келмеуі мақсатында Қазақстан осындай тетікті қарастырды. 

Ел үкіметі бас құжатқа мәлімдеме де кірістірді:

"Қазақстан республикасының үкіметі Ислам Конференциясы ұйымына мүше елдер арасындағы экономикалық, техникалық және сауда ынтымақтастығы туралы бас келісімнің Қазақстан Конституциясының нормаларына қайшы келмейтін ережелерін орындайтынын мәлімдейді". Бұл не үшін керек?

Бас келісімнің мәтінінде "Ислам мемлекеті" деген ұғым пайдаланылады. Ал Ата заңымызға сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік дін жоқ: Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтыратындықтан, бас келісімге де осындай мәлімдемемен бірге қол қойды.

Ел үкіметі ИЫҰ бас келісімнің мақсаты мен міндеттері Қазақстанның экономикалық мүдделеріне толығымен сәйкес келеді деген байламға келіп отыр.

Ислам елдерімен ынтымақтастықты дамыту сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатындағы басымдықтардың бірі болып табылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу