Қазақ елі құрамасы жаңа бапкерімен Молдованы жеңді

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3346

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркияда өткен жолдастық кездесуде жеңіске жетті.

Қазақ елі құрамасы жаңа бапкерімен Молдованы жеңді Фото: fctobol.kz

Еліміздің ұлттық құрамасы биылғы маусымды Анталияда бастады. Түрік жерінде өтіп жатқан алғашқы оқу-жаттығу жиыны барысында Молдова футболшылармен кездесті. Бірақ бұл ойын FIFA күнтізбесіне сай, жолдастық кездесулерге арнайы бөлінген күні өтпегендіктен, ресми матч болып есептелген жоқ.

Сол себепті, бірнеше футболшымыз ұлттық құрама сапына келе алмады. Мәселен, Ресейдегі "Уфа" және "Ростов" клубтары Еркебұлан Сейдахмет пен Бахтиер Зайнутдиновты жіберген жоқ. Сонымен қатар, "Қайрат" та өз ойыншыларын босатпай қойды. "Астананың" да бірнеше ойыншысы келмеді...

Әйтсе де, ұлттық құрамамыздың жаңа бас бапкері, чех маманы Михал Билек көмекшілерімен ақылдаса отырып, бұл сынақтан да өтті. Келе алмаған жігіттеріміздің орындарын басқа футболшыларымызбен толықтырып, оларды іс жүзінде тексеріп көрді. Әрі өзінің тырнақалды матчында жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантты.

Анталиядағы "Титаник" стадионында өткен ойын 1:0 есебімен аяқталып, Қазақ елі құрамасы жеңіске жетті. Жалғыз допты екінші таймда жас шабуылшымыз Оралхан Өміртаев салып, өзінің гол соғуға қабілеті бар екендігін, іс жүзінде екінші ойында да дәлелдеп берді. Оның алыстан, доғаша иіп, шірене тепкен добы қақпа маңдайшасына тиіп кері қайтқанымен, Молдова қақпашысына тиіп, қақпа ішінде тулады.

Рас, бұл ойында нәтиже оң болғанымен, ұлттық құрамамыздың ойын өрнегі көңілден шыға қоймады. Қателіктер аз болған жоқ. Жігіттеріміз алаңда бір-бірін түсінбей жүргендей. Ұжымдық ойын үлгілері үйлеспей қойды. Гол соғатын мүмкіндіктердің бәрін жүзеге асыра алмады. Мүлт кеткен тұстары да баршылық. Бірақ құлшыныс-жігерлері өте жоғары болды.

Енді бір көңіл аударарлығы, бірнеше футболшымыз ұлттық құрама сапында бірінші ойындарын өткізіп, алғаш рет ел намысын қорғады. Олар – Темірлан Ерланов, Сағадат Тұрсынбай, Бекзат Шадманов, Еркін Тапалов, Рафкат Аслан, Рауан Орынбасар, Марат Быстов, Игорь Шацкий және Геворг Наджарян. Ал ұлттық құраманы жасыл алаңға команда капитаны ретінде Азат Нұрғалиев бастап шықты.

Қазақстан – Молдова – 1:0 (0:0)

Гол: Өміртаев, 61.

Ескерту: Перцух, 43.

Қазақстан: Дмитро Непогодов (Игорь Шацкий, 46), Темірлан Ерланов (Рауан Орынбасар, 80), Сергей Малый, Сағадат Тұрсынбай (Бекзат Шадманов, 66), Дмитрий Мирошниченко (Марат Быстров, 46), Дмитрий Шомко, Юрий Перцух, Азат Нұрғалиев (Еркін Тапалов, 66), Максим Федин (Рафкат Аслан, 88), Роман Муртазаев (Оралхан Өміртаев, 46), Бауыржан Тұрысбек (Геворг Наджарян, 80).

Бас бапкер: Михал Билек.

Молдова: Дмитрий Челядник (Дориан Рэйлян, 88), Ион Жардан, Дину Граур, Георгий Антон (Дан Тарас, 74), Вячеслав Посмак (Андрей Макрицкий, 67), Артем Розгонюк, Александр Антонюк, Владимир Амброс, Николай Милинчану, Константин Санду, Ясер Цуркан.

Бас бапкер: Александр Спиридон. 

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу