Қазақ елі зымыраннан қорғаусыз қалмай ма?

4818

Ресей Қазақстандағы "Балқаштан" бас тартты.

Қазақ елі зымыраннан қорғаусыз қалмай ма?

РФ Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин қазақ жеріндегі "Балқаш" радиолокациялық станциясын пайдалануды қарастыратын Қазақстанмен арадағы келісімді бұзу туралы ұсынысты қолдады. Осылайша, көрші ел зымыран шабуылынан қорғану саласында қазақстандық "Балқаш" РЛС-ын қолданудан түпкілікті бас тартып отыр. Тиісті қаулы "РФ құқықтық ақпаратының ресми порталында" жарияланды. 

"Балқаш" станциясы өткен ғасырдың 60 жылдарынан бері "Зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесіне"  кіретін.

"ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы "Балқаш" қазақстандық торабын беру шарттары және оны зымыран шабуылы туралы Ресей ескерту жүйесінде одан әрі пайдалану тәртібі туралы келісімді денонсациялау туралы ұсыныс мақұлдансын", – делінген М.Мишустин қол қойған РФ Үкіметі қаулысында.

Қуатты "қолшатырдан" не жұрнақ қалды?

Бұл құжатқа осыдан 6 жыл бұрын, 2014 жылғы 2 желтоқсанда Мәскеуде қол қойылды. Бірақ әрине, "Балқаш" РЛС кеңес кезінен бері қызмет етіп келеді. Ашық ақпарат көздеріне жүгінсек, ол Балқаш өзенінің батыс жағалауында, "Сарышаған" полигонына жақын жерде орналасқан. "Балқаш" РЛС – зымыран шабуылының алдын алудың негізгі әрі шешуші буыны болды. Өйткені ол тек Қазақстан аумағын ғана емес, сондай-ақ Қытайдың батыс және орталық бөлігін, Үндістан, Пәкістан аумақтарын "жабатын". Мәскеудің күші асып-тасып тұрғанда мұнда 6 қуатты радар болыпты. Бүгінде соның біреуі – "Днепр" РЛС қана жұмыс істеп тұрған көрінеді.

Зымыраннан бірлесе қорғанудың "Балқаш" қазақстандық торабының құрамына "Днепр" радиолокациялық станциясы да кіреді. Ол зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесінде ғана емес, сонымен қатар ғарыш кеңістігін бақылау жүйесінде де пайдаланылады. Яғни, бірнеше жүйеде қатар қажетке жараған кешен.

Ресей Үкіметі баспасөз қызметінің түсіндіруінше, қазіргі уақытта Ресей Орск қаласының түбінде "Воронеж-М" жаңа радиолокациялық станциясын іске қосып отыр. Қазақстан аумағындағы станцияны сол ауыстырады. Орск қаласы – Орынбор облысының қалалық округінің әкімшілік орталығы.

Ресей бастамасымен бұзылып отырған келісімді 2014 жылы бесінші сайланған Қазақстан Парламенті соңғы сессиясында ратификациялаған екен. Енді оны қазіргі алтыншы шақырылымдағы Парламент өзінің соңғы сессиясында жоятынға ұқсайды.  

Егер тараптардың бірі бас тартпаса, құжат 5 жылдан кейін ары қарай автоматты түрде ұзартылуға тиіс болатын. Бірақ осы мерзім аяқталғанға дейін алты айдай қалғанда одан көршінің өзі "жерініп" отыр.

Жаңа құжатқа сәйкес, Ресей Қорғаныс министрлігі "Днепр" РЛС-ын, инженерлік кешендерді, байланыс пунктерін және кешен инфрақұрылымының басқа да нысандарын алып кетеді.  

Көрші "қолшатырды" өз аумағына көшіруде

Ресейдің зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесі (РЗШЕЖ) жердегі және ғарыштағы эшелондардан тұрады.

"Жердегі сегмент Ресей аумағындағы "Воронеж" көкжиектік радиолокациялық станциясы желісінен, сонымен қатар Қазақстандағы "Днепр" және Беларусьтегі "Волга" станцияларынан құралған. Олар радиотолқындардың әртүрлі диапазондарында жұмыс істейді. РЛС-тер Ресей ғана емес, ҰҚШҰ кеңістігіне бағытталған зымырандарды, басқа да ғарыштық, баллистикалық және аэродинамикалық нысандарды іздеп табуға қабілетті. "Балқаштың" жабылуы Қазақстан жерінің зымыран қорғанысынсыз қалатынын білдірмейді. Орынбор облысы Қазақстанға жақын орналасқан, ендеше ондағы әскери кезекшілікке кіріскен "Воронеж" типті заманауи жаңа РЛС қазақ жерін де қамтиды", – деп түсіндірді белгілі әскери сарапшы Дмитрий Литовкин.

РЗШЕЖ бас конструкторы Сергей Боевтың түсіндіруінше, "Воронеж" жаңа радары әскери мүмкіндіктері бойынша "Днепр" станциясынан айтарлықтай басым түседі.

Мұнай – Ресейдің де басты экспорттық тауары. "Қара алтын" бағасының күрт арзандап кетуі одан түсетін валюталық табыстың күрт құлдырауына соқтырды. Бұл посткеңестік державаны әскери-қорғаныс шығындарын қайта қарауға мәжбүр етіп отыр. Ресейлік әскери сарапшылардың байламынша, жау Орталық Азия жақтан емес, Солтүстік полюс жағынан шабуылдауы ықтимал. Әскери сарапшы Владислав Шурыгин Америка 70 жылдан бері Ресейге сол бағытта әуеден соққы беру тәсілдерін пысықтап жатыр дейді. Сондықтан ғарыштан не көктен шабуылдау үшін арктикалық бағыт ең ұтымды деп танылып отыр.

"Демек, Ресей осы қапталындағы қорғанысына баса мән беруі керек. АҚШ пен Ресей арасындағы ең қысқа ара-қашықтық Солтүстік полюс арқылы өтеді. Орталық Ресейдегі, Оралдағы және Сібірдегі стратегиялық, саяси және экономикалық аудандарға да зымырандар осы бағыт арқылы неғұрлым тез жетеді. КСРО арктикалық бағытты әуеге қарсы қорғаныс жүйелерімен жапты. Ал АҚШ қанатты ракеталарға көшті. Бүгінде Арктикада америкалық стратегиялық авиацияның белсенділігі жоғары. АҚШ әскери-әуе күштерінің ұшақтары ұшуды жиілетті, олар ұрысқа даярлық деңгейін арттыруда", – дейді Владислав Шурыгин.

Defense Express консалтинг компаниясының бағалауынша, Американың B-52H стратегиялық бомбалаушы ұшақтары орыстар мақтаныш тұтатын "Триумф" С-400 зениттік-зымыран кешені бақылайтын әуе кеңістігіне кірмей-ақ, Ресейдің маңызды негізгі аудандарына қанатты зымырандармен соққы бере алады.

Бұл қалтасы жұқара бастаған алпауыт көршіні үрейлендіретінге ұқсайды.

Д.Литовкин қазақстандық РЛС-тен бас тарту өзін-өзі ақтайтын қадам деп бағалады.

"Жалпы, Ресей өз аумағын "Воронеж" жаңа буындағы РЛС желісімен қоршап шықты. Осындай станциялар Орскіде, Армавирде, Барнаулда бар. Олар бұрын қазақ жеріндегі "Балқаш" бір өзі жауып келген ауқымды секторды толығымен қамти алады. Оның үстіне жаңа станциялар заманауи әрі әлдеқайда қуатты. Әуедегі және ғарыштағы нысандарды анықтау тиімділігі де анағұрлым жоғары. Рас, бұл станциялар Ресей аумағынан әрідегі 6 мың шақырым аумақта не болып жатқанын ғана көре алады. Бұл ретте оларды қолдану "Балқашты" пайдаланудан арзанға түсетіні басшылыққа алынса керек", – деді әскери сарапшы.

Бұған қоса, Ресей өз айналасындағы кеңістікті ғарыштан бақылауға көбірек ден қоюға ниетті. Зымыран шабуылы туралы ескерту жүйесі болашақта "Тундра" аталатын 10 ғарыш аппараты кіретін орбиталдық топтан тұратын болады. Бұл жүйе 2022 жылға қарай өрістетіледі деп хабарланған. Дегенмен, Ресей экономикасының рецессияға ұшырауы және дағдарыстың күшеюі алпауыттың ғаламат мақсатына жетер шақты әрі ысыруы ғажап емес.

"Балқашқа" қатысты келісімді бұзу туралы заң жобасы кеше РФ МемДумасының қарауына енгізіліпті. Мәжіліс болса, әзірге ондай жобаны жұмысқа қабылдап алған да жоқ. Әзірше қазақстандық парламентшілер каникулға кетуге дайындалуда.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу