Қазақ файтері 37 жасында UFC-ге қайта оралуы мүмкін

Мұндай жақсы жаңалықты спортшы Жалғас Жұмағұловтың өзі мәлім етті.  

Қазақ файтері 37 жасында UFC-ге қайта оралуы мүмкін Фото: Chris Unger/Getty Images

Оның әлемдегі ең беделді лигадағы алғашқы жекпе-жегі 2020 жылдың 11 шілдесінде өткен еді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері UFC-дегі 2020-2023 жылдар аралығындағы мансабында 7 кездесу өткізген. Оның тек біреуінде ғана жеңіске жетсе де, 6 жеңілісінің басым бөлігі төрешілердің екіұдай шешімімен тіркелді. Сарапшылар мен спортшылар да кейбір кездесуде қазақстандық файтерге әділетсіз шешім шыққанын мойындаған.

Биыл тамызда Жалғас Жұмағұлов 38 жасты толтырады.Солай бола тұра, ол UFC-ке қайта оралуды көздеп отыр. Спортшының сөзінше, бұл – жай сөз емес, нақты келіссөздердің нәтижесі.

– Келісім бойынша мені UFC басшылығымен байланыста жүрген адам таныстырып жатыр. Ол Хантер Кэмпбеллмен сөйлесуде. Ол менің Oktagon лигасында чемпион болғанымды, белбеуді қорғағанымды біледі. Өзі "мен оны бұрыннан бақылап жүрмін, оның чемпион екенін білемін, осындай жаста оны қайта әкелу бізге де қызық" деді. Мен соңғы екі жылда тек жеңістерге жеттім, маған бұрын мүмкіндік берілмеді. Қазір 5 жекпе-жектен тұратын жеңіс сериясы бар, оған қоса бокста екі жеңісім бар. Еуропалық аудитория да қалыптасты, – деді Жалғас Жұмағұлов Namys Fighting YouTube арнасына берген сұхбатында.

Қазір ол – Oktagon еуропалық лигасының ең жеңіл салмақ дәрежесіндегі чемпионы. 5 маусым күні Жұмағұлов осы ұйымның екінші белбеуі үшін бразилиялық Игор Севериноға қарсы жекпе-жек өткізбек.

– Маған 6 маусымға жекпе-жек белгіленді. Егер келіспесем, қарсыласым басқа біреумен жұдырықтасар еді. Бізде Oktagon ұйымымен келісім бар, осы жекпе-жектен кейін олар мені UFC-ге жіберуге дайын. UFC-мен де белгілі бір келісімдер жасалды. Мен неге қайта оралғым келеді? Өйткені, қазір өзімді мүлде басқа деңгейдегі спортшы сезінемін. Бұрын бәрін өзім үйрендім, қателестім. Қазір жаттығу, салмақ қуу, жекпе-жекке дайындық қалай болуы керектігін түсіндім. Тағы да жоғары деңгейге көтеріле аламын деп сенемін, – деді спортшы.

Сондай-ақ, Жалғас Жұмағұлов ықтимал жаңа келісімшарттағы қаржылық шарттардың өзі үшін маңызды емес екенін айтты.

– Маған ақша маңызды емес. Мені қолдайтын ағаларым бар, спорттан кейін де айналысатын ісім бар. Мен ақша үшін жұдырықтаспаймын. Тіпті, тегін шығуға да дайынмын, бұл туралы айттық. Oktagon лигасы да UFC-ден кем емес, кейбір тұстарда тіпті жақсы. Маған ол жерде бәрі ұнайды. Бірақ мен UFC-ге оралғым келеді. Егер келісімшарт жасалмаса, мансабымды аяқтайтын шығармын, – деді Жалғас Жұмағұлов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу