Түркияның "Адана Демирспор" клубында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов екінші матчта мергендік танытты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол ойнайтын "Адана Демирспор" Түркия Суперлигасының 16-турында Стамбұлдың "Бешикташ" клубын қабылдады. Матч әлі жалғасып жатыр. Бірінші таймда алаң иелері екі гол соғып үлгерді. Оның біреуі Абат Айымбетовке тиесілі. Матчтың 39-минутында Юсуф Саридың пасын Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы тиімді пайдаланды.
"Адана Демирспор" биылғы маусымда бірде-бір матчта жеңіске жетпеген. Бүгін алғашқы үш ұпайын алуға мүмкіндік бар.
Ал, Абат Айымбетов осымен екінші матч қатарынан гол соғып отыр. Бұған дейін 7 желтоқсанда ол Түркия Суперлигасының 15-турында "Гёзтепе" командасының қақпасын дәл көздеген еді. Алайда, бұл ойында "Адана Демирспор" 1:3 есебімен жеңілді.
Айта кетейік, "Бешикташ" сапында Бахтиер Зайнутдинов ойнайды. Ол әзірге қосалқы құрамда отыр.